Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Жақсы көретін адамыңа тар жол, тайғақ кешуде қол ұшын беріп жәрдем ете алмасаң,— деп ойлады Дик,— тірі жүріп өмір сүрудің қажеттігі қанша? Жоқ, итшілеп күнелткеннен гөрі өлген артық...»
Бірақ та Диктің бұл пікірі қате еді. Басқа түскен ауыр күндер жас баланы бірден ересектер қатарына қосты. Дик сияқты қажырлы адамдардың торыға қалуы тек қана қажығандықтың уақытша еткен әсерінен еді.
Айқай-шу мен тартылған фанфар дауысы бос жатқан алаңды бірден күңірентіп жіберді. Дик Сэнд қайғыға шомып шаңдақ құмның үстінде отыр еді, қас қаққанша болмай ұшып тұра келді. Әрбір жаңалық оған іздеген адамының ізін сілтейтіндей болатұғын. Оның бір сәт иығын басқан босаңдық лездің арасында таралып, күреске қайта дайындалды.
— Альвец! Альвец! — деп айқайлайды алаңға ағылып келіп жатқан солдаттар мен жергілікті халықтар.
Ақырында еріксіздер Альвецті де көрді-ау. Тұтқынға түскен соншама көп адамдардың тағдыры тек қана осының қолында еді. Гэррис пен Негоро оны қошаметтеп келе жатқан болар. Он бес жасар капитан көздерін адырайта ашып, танауын делдите, тартқан сымдай ширатылып тікесінен тік тұр, егер ана екі опасыз оның алдына келе қалса, Дик олардың бетіне тайсалмастан тіке қарауға әзір, «Пилигрим» капитаны өзінің бұрынғы аспазы алдында қалтырамайды.
Үлкен көшенің арғы басынан зембіл көтерген адамдар көрінді, оның үстіндегі арзан матадан құрылған масаханасы оңып дал-дұлы шығып жыртылып қалған. Зембілден шығып бір кәрі негр жерге түсті.
Хозе-Антонио Альвец деген құл саудагері осы болатын.
Бірнеше қызметкерлер жүгіріп барып, басы жерге жеткенше иіліп оған тәжім етті.
Альвецтің соңынан құл саудагерінің португал досы Коимбра да зембілден түсті, бұл үкімет бастығы майор Вихенің баласы еді. Лейтенант Камеронның айтуынша, Альвецтің досы, бүкіл Африкадағы барып тұрған оңбағанның өзі. Бұл, бадырақ көз, сарғылт беті ісіңкілеу келген, қалың бұйра шашты, кекілі шудаланып қалған, бір жексұрын жігіт еді. Оның жүзінде адам қарағысыз біртүрлі жиіркеніш нышан бар. Үстінде жыртық көйлегі, шөптен тоқылған белдемшесі, басында тозығы жеткен сабан қалпағы бар, түріне қарасаң, мүгедек кәрі албастыдан аумайды. Коимбра Альвецтің серігі де сенімді адамы болатын, ол бейбіт қыстақтарға шапқыншылық жасауды ұйымдастырушы, сонымен қатар құл саудагеріне қызмет ететін талаушы армияның өзіне лайықты көсемі еді.
Құл саудагерінің өзі қасындағы қимас досынан гөрі келбеттірек болатын.
Альвецтің нөкері ішінде Гэррис пен Негороның болмауы Дикті бірден торықтырып тастады.
Бұл арада керуенбасы Ибн-Хамис келіп Альвецпен, Коимбрамен қол алысып амандасты. Олар керуенбасының жолы болып олжалы қайтқанын қызу құттықтады. Алайда керуендегі еріксіздердің тең жарымы шығын болғанын естігенде Альвец кіржиіп ренжігендік пішін көрсетті. Бірақ жалпы алғанда жағдай жаман емес, құл саудагерінің барактағы бағулы жатқан «қара товарларына» жаңа келтірілген еріксіздерді қосса, ішкі базарлардың құл алушыларын қанағаттандыруға молынан жетіп жатыр. Құлға айырбастап қанша піл сүйегі мен бақыр алуға болатынын ойша есептеп, тіптен көңілденіп те қалды.
Құл саудагері айдаушыларға алғыс айтып, сол сағатында жүк көтерушілермен есеп айырысуға әмір берді.
Хозе-Антонио Альвец пен Коимбра португал тілі мен африкан тілдері араласқан біртүрлі будан тілде өзара сөйлесіп тұр, бұл тілге Лиссабонда туған адамдардың түсінбейтіні мәлім, бұған Диктің де түсінбейтіні белгілі. Бірақ «құрметті құл саудагерлерінің» әңгімесі Диктің өзі және оның жолдастары туралы болып жатқанын жасөспірім шамалап білді. Ибн-Хамистің иек қаққан белгісі бойынша хавильдарлардың біреуі Том, Бат, Остин мен Актеон қамаулы жатқан сарайға қарай бет алғанын көріп, Дик өзінің ойша болжалдауының дұрыс екенін білді.
Дик Сэнд байқаусызда жолдастарының қасына жақындап барды.