Knigionline.co » Казахские книги » Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн

  • Название:
    Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
  • Автор:
  • Жанр:
  • Язык:
    Казахский
  • Страниц:
    173
  • Рейтинг:
    5 (1 голос)
  • Ваша оценка:
Книга «Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұлшық еттеріне қол батқысыз қайратты негрлердің бір жерге топтана қалғанын көргенде Хозе-Антонионың беті күрең тартып күлім қақты. Бірнеше күнгі демалыс пен тол жеген ас қажыған адамға өң кіргізіп ширатуға тиіс еді. Құл саудагері Томға тек үстіртін қарап өтті, өйткені оның қартаң тартқан жасы, кәрі негрдің бағасын түсірді. Бірақ оның есесін басқа үш негрден шығарып алуға болады.

Кәрі саудагер американ Гэрристен үйренген бірнеше ауыз ағылшын сөздерін есіне түсіріп, жәдігөйлене, өзінің жаңа келген құлдарының аман-сау жеткендігін мысқылдай құттықтады.

Том қарт Альвецке таман бір аттап басты да, өзінің үш жолдасы мен өзін көрсетіп:

— Біздер ерікті адамдармыз... Құрама Штаттардың азаматтарымыз! — деді.

Шамасы, Альвец оның сөзіне түсінсе керек. Көңілдене күлімсіреп бетін тыржитты да, басын изей түсіп жауап қатты:

— Ие... ие... Американдар, жақсы келгенсіздер! Хош келдіңіздер!

Ол сөйдеді де Остиннің қасына барып, оның иығын, арқасын сипап, бұлшық еттерін қысып көрді, мұны басқа біреулер көрсе, жәрмеңкеден ат сатып алғалы жүрген алып сатар екен дер еді. Коимбра сеньор Остиннің аузын ашып қарап тістерін түгендей бергенде, негрдің салмақты жұдырығы оның аузына сарт ете түсті. Мұндай «дәмді» жұдырықты бұған дейін ешбір майордың баласы татып көрмеген болар.

Альвецтің досы он қадамдай бір жақ шетке ұшып түсті. Коимбраның аузында бар болғаны алты-ақ тісі бар-ды, Альвецтің қадірлі досы, осы арада сол алты тістің екеуінен айрылды, құл саудагері мұны көріп шек-сілесі қатқанша қарқылдап күлді.

Бірнеше солдат Остинге тап берді, егер Альвец ара түсін тоқтатпағанда, Остин бұл ерлігіне лайықты сыбағасын алар еді, құл саудагері өзінің қымбат санайтын «товарын» солдаттарға бүлдірткісі келмеген-ді.

Альвец ызаға булыққан Коимбраға тоқтау айтып тыншайтқан болды. Коимбра жығылған жерінен зорға тұрып құл саудагерінің қасына келді де, Остинге жұдырығын түйіп қаһар көрсеткен болды.

Осы арада хавильдарлар Дикті итермелеп Альвецтің алдына алып келді. Жасөспірімнің кім екенін, оның Анголаға қалай келіп қалғанын және Ибн-Хамис керуеніне қай ретпен тұтқын болғанын құл саудагері алдын ала естіп білсе керек. Түсін суытып ызғарлы көзімен Дикке қарады да ағылшынша былдырлап әлденені айтқан болды:

— Aha, кішкентай янки!92

— Ие, янки,— деп жауап қатты Дик.— Сіздер мені және менің жолдастарымды не қылмақсыздар?

— Янки, янки! Кішкентай янки,— деп қайталады құл саудагері.

Ол Диктің сұрағына түсінбеді немесе түсіне тұрса да түсінгісі келмеді. Дик тағы қайталап сұрады. Құл саудагері жауап қайырғысы келмегенін білген соң, Коимбраны европалық болар деп шамалап, соған қарай бұрылды. Коимбра түюлі жұдырығын бір сілтеді де, арақтан ісініп кеткен ұсқынсыз бетін теріс қарай бұрды.

Осы кезде Альвец пен Ибн-Хамис арасында қызғын әңгіме жүріп жатқан. Шамасы, ол екеуінің әңгімесі Диктің өзі мен оның жолдастары туралы болса керек. «Альвецтің қандай пікірде екенін кім біліпті? — деп ойлады жасөспірім.— Ендігәрі достарыммен тағы бір көрісіп бір-екі ауыз тіл қатысуға мүмкіндік бола ма жоқ па!»

— Достарым,— деді ол дауысын бәсең шығарып, өзімен өзі сөйлесіп тұрған кісі сияқтанып,— менің сөзімді тыңдаңдар. Геркулес маған Динго арқылы хат жіберіпті. Ол біздің ізімізбен келе жатыр екен. Гэррис пен Негоро миссис Уэлдонды, кішкентай Джек пен Бенедикт мырзаны өздері алып кетіпті. Қайда әкеткендерін білмеймін. Мүмкін, олар Казондеге келген шығар. Сабыр етіңдер, шыдап бағыңдар— ең абзалы, сәл ғана мүмкіндік болса да пайдаланып қалу жағын қарастырыңдар!

— Нан қайда екен? — деп сұрады Том қарт.

— Нан өлген.

— Бірінші құрбандық...

— Ең ақырғы құрбандық, — деп жауап қатты Дик Сэнд,— Біздің қолымыздан...

Осы сәтте бір салмақты қол Диктің иығын басты, өзіне жақсы таныс бір үн естілді.

— Aha, егер қателеспесем, сіз өзімнің жас достым боларсыз? Сізді аман көргеніме аса қуаныштымын!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий