Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Пилигримнің» Сан-Франциско портына келетін мерзімі өтіп кетті. Джемс Уэлдон капитан Гульден ешқандай хабар ала алмаған соң, мұны хабарсыз кеткен кемелердің тізіміне ендігі енгізіп те қойған болар.
Бірақ миссис Уэлдонның Жаңа Зеландиядан «Пилигриммен» жолға шыққан хабарын оклендтік тілшіден естіген күні, мистер Уэлдон басына қара күн тууында сөз жоқ, енді мистер Уэлдон қандай шара қолданар екен? Әрине әйелі мен баласын хабарсыз кетеді деп ешқашан ойламайды да. Бірақ оларды қайдан іздемек? Әрине Тынық мұхит аралдарынан іздейді ғой, Оңтүстік Америка жағалауларынан іздеуі де ықтимал. Қайдан іздесе одан іздесін, бірақ Анголадан іздемейді. Баласы мен әйелі Африкаға барып қалады деген ой оның түсіне де кірмейді. Миссис Уэлдон осы жағдайды ойлап еді. Оның қолынан не келеді? Қашу ма? Қалай қаша алады? Оның әрбір қимылы аңдулы. Tiптен сәті түсіп қаша қалған күннің өзінде де, мыңдаған қауіп-қатердің арасымен, ну орманды аралап екі жүз миль жол жүру керек болар еді.
Егер өз басына бостандық алудың басқа түрлі ешқандай мүмкіндігі болмаған күнде, миссис Уэлдон бұған да тәуекел етуге әзір. Бірақ мұндай нар тәуекелге бел байлаудан бұрын, Негороның нендей пікірде екенін білгісі келді.
Ақырында, бұл адамның не ойлап жүргенін білетін күн де жетті.
Муани-Лунга корольді жерлеген соң келесі күні, июньнің алтысында Негоро факторияға келді де, тіп-тіке миссис Уэлдон тұратын лашыққа қарай жүрді.
Миссис Уэлдон жалғыз отырған-ды. Бенедикт ағай өзінің кезектегі ғылыми серуеніне шығып кеткен. Кішкентай Джек Халиманың қасында фактория қоршауының ішінде ойнап жүрген.
Негоро есікті итеріп ашты да ішке кіріп, амандық, саулық жоқ:
— Миссис Уэлдон! Том бастаған төрт негр уджиджилік құл саудагеріне сатылды,— деді.
Миссис Уэлдон үн қатпай көзінің жасын сықты.
— Нан жолда өлді. Дик Сэнд құрыған...
— Нан өлді дейсіз бе? Дик те!—деп жас келіншек айқайлап жіберді.
— Ие,— деді Негоро.— Сіздің он бес жасар капитаныңыз Гэрристі өлтіргені үшін әділетті үкім бойынша өз басымен жауап берді. Миссис Уэлдон, сіз Казондеде жалғыз қалдыңыз, мүлде жалғызсыз, және сіз «Пилигримнің» бұрынғы аспазының бүтіндей билігіндесіз. Түсіндіңіз бе?
Негоро шынын айтты. Том баласымен, Актеон, Остин - төртеуі уджиджилік құл саудагерінің керуенімен алдыңғы күні Казондеден жолға шыққан. Олар тіптен миссис Уэлдонның Казондеде, Альвец факториясында тұратынын білген жоқ-ты. Білгенде қайтсін, бәрібір онымен көрісіп қоштасуға рұқсат етпеген болар еді. Бұл кезде Том қартты Үлкен Көлге қарай беттеп бара жатқан. Олардың алдында жүздеген миль ұзақ жол жатыр. Бұл жолдың өлмей-жітпей ұшына шығатын адамдар да аз. Ал аман-сау қайта оралып үйіріне қосылатындары бұдан да аз...
— Сізге енді не керек? — деп күбірледі миссис Уэлдон тepic қараған күйі.
— Миссис Уэлдон,— деді португал үзіп-үзіп сөйлеп,— «Пилигримде» көрген зәбірімнің барлық әжірін сізден алар едім. Бірақ мен Диктің өлімімен қанағаттануға ұйғардым. Мен енді қайтадан саудагер боламын, менің сізге естіртейін дегенім осы...
Миссис Уэлдон үндеместен Негороның бетіне тік қарады.
— Сіз де,— деп Негоро сөзін сабақтады,— сіздің балаңыз да, мына шыбын қуалап жүрген әумесер де жоғары бағаға өтетін товарсыздар. Сіздерді пайдама жаратып олжа табуым керек! Қысқасы, сіздерді сатуға ниеттендім!
— Мен еркін адаммын! — деді миссис Уэлдон қатулана сөйлеп.
— Егер мен тілесем, сіз күң боласыз!
— Ақ әйелді сатып алуға кімнің батылы барады?
— Сұрағанымды беріп алатын кісі бар.
Миссис Уэлдон сәл уақыт үндемей төмен қарап қалды. Мына сұмпайы елде бәрі де болуы мүмкін екенін түсіне қойды.
— Сіз менің сөзіме түсіндіңіз бе?—деп сұрады Негоро.
— Мені сатып алатын кім? — деді миссис Уэлдон.
— Сізді сатып алатын кім дейсіз бе? — португал мысқылдай жымиды.
— Аты кім ол кісінің? — миссис Уэлдон ежелей сұрады.
— Оның аты... Джемс Уэлдон. Кәдімгі өзіңіздің еріңіз, мистер Уэлдон.