Робинзон Крузо - Даниэль Дефо
-
Название:Робинзон Крузо
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:146
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Главный герой – Робинзон Крузо попал на необитаемый остров, где вынужден восстанавливать свое существование, с нуля пройти путь человеческой цивилизации.
Он вынужден жить в одиночестве, что приводит к покаянию, Робинзон Крузо встает на путь Бога, окунаясь в причины беды, постигшей его. В его сердце поселилась вера, душа обрела покой, что помогает ему перенести все тягости, опасности, одиночество. Автор своего героя наделил острым умом, сильным характером, создал образ человека, являющегося примером для многих.
Робинзон Крузо - Даниэль Дефо читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мылтық атылған кездегі жағадағы және сол құрлықта жүрген аңдардың улап-шулағанын, өкіргенін, ұлығанын, үргенін сөзбен жеткізу мүмкін емес, ол дауыстар көпке дейін басылмады. Соған қарағанда, бұл жердегі аңдар мылтық даусын өмірі естімеген-ау деп топшыладым, шынында да, солай болса керек. Мен түнде жағаға шығу туралы ойымнан айнып қалдым, күндіз бару – бұның да шешімін таппадым, себебі бір жабайының қолына түссең, арыстан мен жолбарыстың тырнағына іліккеннен де жаман ғой – мені қинағаны осы ой болды. Дегенмен жағаға шықпай болмайтын еді, таңдайға тамызар тамшы су жоқ. Қалай болғанда да жағаға баруға тура келді, бірақ қай жерден және қалай түсеміз? Ксури құмыраны беріңіз де мені жіберіңіз, су толтырып әкелейін деді. “Сен қайықта қалып, мен барсам қайтеді” дегенімде, “Жоқ, мен сіздің басыбайлы адамыңызбын, жабайылар келсе мені талайды, сіз тірі қаласыз”, – деді. “Жоқ, Ксури, барсақ, екеуміз де барайық, жабайылар сені де, мені де таламайды, мылтығымыз бар, атып тастаймыз”, – дедім. Балаға қожайынның құтысынан бір жұтым шарап бердім, содан кейін жағаға жақын келдік, қарғып түсіп, суды кешіп жағаға шықтық, екі құмыра мен мылтықтан басқа ешнәрсе алғанымыз жоқ. Қайықты көзімнен таса қылғым келмей жағадан көп ұзап кетпедім. Алыстап кетсем, жабайылар қайыққа бас сала ма деп қорықтым. Жиектен бір мильдей шамада жыра ма, сай ма, әйтеуір бір ойпаңдау жер көзімізге түсті, Ксури қолына құмырасын алып солай қарай кетіп еді, аз уақыт өтпей Ксури маған қарай ентіге жүгіріп келеді, бұл аңнан қорқып келеді я жабайылардан қашып келеді деген ойға қалдым да, Ксуриді құтқармақ болып мен де қарсы жүгірдім, жақындап келсем, иығына салып бірнәрсені көтеріп келеді екен. Қоян сықылды, аяқтары ұп-ұзын. Бұл олжамызға екеуміз де қатты қуандық, өлген аң болса да еті дәмді екен, Ксуридің маған қарсы жүгіріп қуанып келе жатқаны – тұщы су тауып алыпты, жабайылардың да көзіне түспеген екен.
Су іздеп текке әлек болыппыз, сол аялдаған тұсымызда, кішкене жоғарырақ көтерілсек, тұщы су бар екен. Бар ыдысымызды суға толтырдық. Бұл мекеннен жан баласының ізін көрмей, саяхатымызды әрі қарай жалғастырғалы отырмыз. Ертеректе, жолаушылап жүрген бір кездерде осы маңда бір рет болғанмын, менің ойымша, Канар аралы мен Жасыл мүйіс аралы құрлықтан қашық болмауы керек, қай жерде тұрғанымызды болжайтын қолымызда құрал да жоқ, бұл аралдың қай жерде тұрғаны да белгісіз, қалай қарай жол тартуды білмей аңтарылып тұрдым. Бар сенгенім – осы бетіммен теңізді жағалап жүре берсем, әйтеуір бір елдің шетіне ілігермін немесе ағылшын көпестерінің кемесіне жолығармын деген ой, өйткені ағылшын кемелері бұл жерлерде жүре беретін. Менің болжауымша, бұл аймақ Марокко сұлтаны мен зәңгілер аумағының аралығы болуы мүмкін. Бұл жер шөлейтті мекен болғандықтан жан-жануардан басқа тіршілік иесі жоқ, маң дала, ертеректе зәңгілердің жері болғанымен, олар маврлардан қорқып оңтүстікке қарай босып кеткен, ал маврлар зәңгілерден тартып алғанымен, қонысқа қолайсыз, топырағы құнарсыз болғандықтан бұл жерді тұрақ қылмаған. Бұл екі елдің адамдары арыстан, жолбарыс сияқты жыртқыш аңдар үйір-үйірімен тіршілік еткесін, бұл маңнан безіп кеткен шығар. Маврлар бұл өлкеге мыңдаған, жүздеген адамдарымен келіп аң аулайды екен. Сондықтан жүз мильдей жүрсек те құлазыған шөл даладан көз ашпадық, ал түнде жабайы аңдардың өкіргенінен басқа ешнәрсе естімедік.
Күндіз мұнарланып Тенериф тауы көрінгендей болды, бұл Канар аралындағы ең биік таудың бірі, тауға тура тартуға қайықтың басын екі рет бұрып ем, жел қарсы алдымыздан соғып, тулаған толқындар бой бермей, ағысқа қарсы жүзе алмадық. Қалай болғанда да, бастапқы жобам бойынша жүрейін деп жағаны бойлап жылжи бердім.
Қолымыздағы босаған құтыларымызға ішер су құйып алу үшін әлгі жерден шыққаннан кейін де жағаға таяу жүріп, бірнеше рет тоқтауға тура келді. Күндердің бірінде таңсәріде бір биік мүйістің түбіне келіп аялдадық, сол жерден судың тасығанын күтіп, жағаға жетпекші болдық.