Книга, написанная кровью. Психология войны / Қанмен жазылған кітап. Соғыс психологиясы - Бауыржан Момышулы / Бауыржан Момышұлы
-
Название:Книга, написанная кровью. Психология войны / Қанмен жазылған кітап. Соғыс психологиясы
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:123
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Масштабом рассматриваемых проблем, содержанием, характером богато это наследие литературы.
Труд написан, основываясь на выводы боевого опыта, личные наблюдения и суждения командующего. Сюжет отличается глубокими умозаключениями фронтового дыхания, судьбоносных сражений на фронте Панфиловской дивизии, психологией бойцов. Глубокий след в сердце человека оставляет описание, характеристики, которые Хас Батыр дает воинам, друзьям-фронтовикам.
Книга, написанная кровью. Психология войны / Қанмен жазылған кітап. Соғыс психологиясы - Бауыржан Момышулы / Бауыржан Момышұлы читать онлайн бесплатно полную версию книги
Кім істеді дер едің?Бұл 1942 жылдың 7 февралында болған еді. Рас, кейінірек, кейбір командирлер менің жасаған шешімімнің дұрыс екенін көрген кезде, ұрыстың сәтті болғанына көздері жеткенде, төмендегі жыр жолдары құйылған еді:
Жалғыз батыр — жалғыз жан, Майданға тұлға бола алмайды.
Азынап жалғыз арыстан Орманды билеп ала алмайды, Жалғыз батыр болғанша, Жалпы батыр болғаны, Ел сипаты, ер сыны, Әрине, батыр батыр ғой, Бастаған батыр ер пірі...
Батыр - батыр емес, бастаған - батыр.
Бородино шайқасының тәжірибесінен алынған қорытынды еді бұл. Бәрі де ойлағандағыдай болып шықты. Жотадан төңіректі шолып, созылып жатқан алты жолды өз көзіммен көрдім. Жақсы, бұл жолдарды біз алдық, бірақ қолдан шығармай, ұстап тұра алар ма екенбіз? Бұл жол бізге және дұшпанға не бермек? Айталық, дұшпан бір мезгілдебес-алты жақтан жаяу әскерімен және танкілерімен шабуылға шықты делік. Танкілерге қарсы қолданылатын менде не бар? Ештеңе де. Артиллерия жоқ, танкіге қарсы қолданатын қару да жоқ. Осы жерде командир дұшпанның шабуылға шығуынан қауіптеніп іштей қорқыныш сезімін бастан кешеді, яғни бұл жерде жаудың бізге қарсы шабуылға көшуін көре білу жеңіске деген қуанышты су сепкендей басып тастайды, жауды жеңіп, тартып алынғанның бәрі де бір сәтте қолдан шығып кетуі ықтимал деп ойлағанда, бойға қорқыныш ұялайды.
Сонда мен не істеуім керек? Менің парызым — жауынгерлерімнің осы түнде жасаған ерлік істерін сақтап, қорғап қалу. Ал бұл жеңістеріміз ауыр жағдайға душар болуы мүмкін, сондықтан қуануға әлі ертерек.
Немістер қарсы шабуылға шыға ма, жоқ па? Сөз жоқ, шығады. Тұрған жерімізде жан- жаққа тарамдалған жол, шепті бойлай өтетін қара жол көп — мұның өзі келесі міндеттерді шешуге ең жақсы алғы шарт болып табылады.
Жолға даярлануға, қаза тапқандардың санын анықтауға бұйрық бердім. 800 фриц жер жастандырылған, соның ішінде бір неміс полковнигі атып өлтірілген (оны қызулықпен өлтірген). Біздің шығынымыз — 57 адам.
Егер де шеп маңызсыз, назар аударылмайтын болса, онда ол үшін адамдарды босқа шығынға ұшыратудың керегі бар ма деп жоғарыда айтқан едім. «Жеңістің түбірінде жеңіліс бұғып жатады»,— деп Панфилов айтқандай... әрбір командир қадамын есептеуге тиіс. Мен ұрыс идеалы дегеніміз — бұл ұрысты шығынсыз жеңіп шығу, ал ұрыс өнері дегеніміз — бұл ұрысты азырақ шығынмен жеңіп шығу деген сөз деген едім. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біздің ұрысымыздың нәтижесі тиімді, жақсы. Шығынның ара қатысы 800-ге — 57.
Күндізгі сағат 12-де немістер қарсы шабуылға шықты. Біздің бақытымызға орай танкілерін емес, жаяу әскерлерін жіберді. Бірақ атака бір мезгілде барлық тұстан басталды.
Біздің тарапымыздан, сірә, бейғамдыққа жол беріліп алынған болуы керек, соның салдарынан дұшпанның қарсы шабуылы күтпеген жерден жасалынғандай болды. Бұл кезде мен сарайдың ішінде едім, менің артымда саяси бөлім бастығының орынбасары Гусев тұрған. Сыртқа көз салсам, немістер қаптап, оқты боратып келеді, бас көтертпейді, біздің солдаттар оқ атқан жоқ. Дұшпан 400 метрдей жерге жақындап қалды, біздің солдаттар оқ атар емес, 300 метрдей жерге жақындап келді — оқ атқан жоқ, енді, міне, 250 метрдей жерге таяды... әлі де атар емес. Біздің қыл үстінде тұрған жағдайымызды ойлап көріңіздерші! Қазір жауды тым жақын жіберіп алсақ, бәрі бітті дей бер. Осы ой басыма келіп, Гусевке айтуға бұрылғанымда, ол құлап бара жатты. Сөйтсем, сарайдың қабырғалары үңірейген жарық, содан оқ өткен екен. Немістер бұқпантайламастан барынша есіре арсыздықпен ентелеген осынау бірнеше секундтың ішінде, өзімді қылпып тұрған ұстараның жүзінде тұрғандай сезіндім. Кенет жанымда тұрған офицерді байқап қалдым.
— Мұнда неғып тұрсың?— деп сұрадым,— ана жаққа жүгір. Взводты ал да қарсы шабуылға көтер. Айтарымды айттым, оған жете ме, жоқ па. Айналаның бәріне оқ сеуіп тұр, қаңғыған оқ тиіп мерт етер. Окоптарға бекінген біздің рота әлі оқ жаудыра қойған жоқ. Неге?