Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:139
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.
Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Қараш-Қараш» баспадан шыққанда, Рысқұлов Мәскеуде болатын. Кітап қолына тиісімен тырп етпей, тіпті дастарқан басына да бармай, бір деммен оқып шықты. Кітаптың соңғы бетін жауып қойып, өмірі көзінен жас шықпаған Рысқұлов, сонда егіліп жылады-ай келіп. Сөйтсе, өзі шыр етіп дүниеге келгеннен бері, маңдайы тасқа соғыла-соғыла, іштегі құса беріштене берсе керек. Енді сол іштегі сіре-сіре мұзды, мына кітап, құдіретті күннің жылуындай қыздырып, еріткенде, содан сел жүріп кеткендей екен.
Бар оқиға — бастан-аяқ сол 23-жылы Әуезовке өзі айтып берген әңгіме. Бұл айтып отырған, Әуезов қалың қара дәптерте жазып отырған. Ал енді сол айтқаны жазушының көкірек көрігінен өткенде, суреткердің өз сүзгісінен шыққанда, Рысқұловтың қарабайыр әңгімесіне қаламгердің жүрек оты қосылғанда, тас аралас алмастан сан қырлы, сан сәулелі, ғажайып гәуһар мүсінденіп, дүниені таңғалдыру үшін, құдірет күшпен туа қалған екен.
Әуезовтің дара дарынына Рысқұловтың көзі жетіп, тәнті болған. Сондай дарын түрмеге түсіп қалыпты дегенде, қабырғасы қайысқан. Түрме деген дүлей дүниеден ақылдың кенін арашалап алуға амал да іздеген...
Енді, міне, сол түрме деген суық үйден шыға сала, Мұхтар Әуезов ешқайда бұрылмай, тіке Тұрар Рысқұловқа келіп еді ғой.
Әзизаның дәмді шайынан кейін екеуі кабинетке оңаша кетіп, сол отырғаннан таң атқанша отырсын... Екі ойшыл кездескенде әңгіме шіркін әрленіп, өңі кіріп, сөзге жан біткендей, қос құлагер шапқандай, ақыл-ойдың кені ақтарылғандай болмақ қой. Шіркін, сол түнгі әңгімені осы заманның магнитофонына жазып алса ғой. Қағазға түскен сөз қалады, ал екеуара сол әңгімеден не бар?..
Мұхтар жазасыз жапа шеккенін, әкімдер оны «Алашқа» танып, пролеткульт дегенді шығарып, шын талантты танымай, қайдағы дарынсыздар тайраңдап, дарындылардың қанаты қырқылып, жағаға дауыл лақтырған кемедей қайраңдап жатқанын айтты. Пролетариаттан шықпасаң, жазушы емессің. Жарапазан жазса да кедей-кепшіктен шыққандар ғана танылса, күні бүгін көзі тірі жүрсе, граф Лев Толстойлардың халі қалай болар еді? — деді.
Содан әңгіме өзінен өзі қиғаштап, қазақтан шыққан ақын-жазушылардың ортасына қарай ойысты. Әуезов күні кеше ғана республиканың партия газеттеріне түрмеден ашық хат жолдап, мен өткенімнен бездім десе де, қазір Рысқұловқа ағынан жарылып:
— Ахаң — менің пірім, — деді. — Менің пірім Сүйінбай деп Жамбыл деген жырау айтқандай, менің табынатын ағам — Ахмет Байтұрсынов, Ахаңды, Мағжанды жамандап, жала жауып, соттатып жібергендер қазір Алматыда алшаң басып жүр. Мұның өзі тұлпарды есек тепкендей, ерсіден де ерсі қылық болды. Елдігімізге жараспайтын сұмдық.
Большевиктердің белгілі басшыларының бірінің алдында отырғанын ұмытып кеткендей. Рысқұлов та сыр бүкпей, бұ да бір шешілді бүгін... Бір-біріне имандай сенгендіктен шығар, әйтпесе адамдар бір-бірінен сақтанып, екі шоқып, бір қарайтын заман белгі беріп қалған-ақ кез еді ғой. ОГПУ-дің құлағы түрік, құрығы ұзын. Қойнындағы қатыныңа, бауырыңдағы балаңа сыр шашу — қырсыққа шалындыратын бейдау күндердің күңгірт көлеңкесі түсе бастаған.
— Ахаңды мен бұрыннан білуін бір кісідей білсем де, жүзбе-жүз көрісуім жиырмасыншы жылдың жазы еді, —деді Рысқұлов. — Аяулы бір кездер болады ғой, Мұхтар. Сол жиырмасыншы жыл мендегі бір қиын да қызық кезең еді ғой. Түрккомиссиямен айтысып, Мәскеуге келгенбіз. Қасымда Низам Ходжаев деген өзбек бар. Ондағы айтыс-тартыстың сыры саған белгілі, айтып ем ғой бір... Содан, ұмытпасам, сол мамырдың аяқ шені ғой деймін. «Метрополь» мейманханасына түскенбіз. Бір күні фойеде Ахаң отыр екен. Бұрын көрмесем де бірден шамаладым.
— Ассалаумағалейкум, Ақа, — деймін баяғы. Ол да:
— Сен Тұрармысың, шырағым? — деді.
Содан шұрқыраса кеттік. Нөмірге барып, шай алғызып, ақжарқын әңгіме тиегі ағытылды. Алдында Ахаңды түрмеге жауыпты дегенді естіп, Сұлтанбек екеуміз қол қойып, Ленинге телеграмма жібергенбіз. Ақ-қарасын тез шешіп, қылмысы жоқ болса, Ахмет Байтұрсынов тұтқыннан босатылсын деп...