Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Оның рас, — деп келісті Рысқұлов. — Бірақ қайын енем біраз жақтырмай, ептеп мінез көрсетіп еді, кейін нәубет жағдайын түсінгеннен кейін, қайта бұл бейшараларға қамқоршы бола бастады.

— Совминдегі жолдастарға айтып, бұларға интернат сияқты бірдеңе ұйымдастыру керек шығар, — деді Рудзутак.

— Мәскеуге қашып келіп жатқандар жалғыз менің туысқандарым ғана емес, Ян. Өз туыстарымды өзім асырауға шамам келеді. Ал Қазан вокзалының басында ыңырсып жатқан қазақтарды барып көрсең сен. Жаның шошиды. Әне, соларға приют ұйымдастырған болдым. Олар күнде шұбап келіп жатыр. Жалғыз Мәскеу ма екен? Саратовта, Тамбовта, Рязаньда жатқандары қанша? Орыс ормандарында қанша қазақтың басы қалғанын ешкім де анық білмейді. Осының бәрі не үшін? Соншама не жазды қазақтар? Қандай қылмысы бар? — Рысқұлов Рудзутакқа жақындай түсіп, сұмдық сыр ашқандай болды: — Осының сыры неде? Сталин Голощекиннің қолымен қазақтарды жойып жіберіп, ұлан-байтақ жерді босатып алмақшы ма деймін.

Рудзутак сескеніп қалды.

— Қой, олай болмас, — деді.

— Лайым да сен айтқандай болсын, — деді Рысқұлов.

* * *

Рысқұлов аз ұйықтап, ерте тұрса, бұдан да бұрын тұрған адам бар екен. Оразбақ киініп алып, бір жаққа кетейін деп жатыр.

— Оу, таң атпай қайда барасың? — деді Рысқұлов.

— Вокзалға барамын. Мүмкін бүгінгі пойызбен Ахат атам келіп түсетін шығар... Тастап кеткеніме өкінемін, — деді Оразбақ мұңайып.

Бір кезде болыс болдым деп, ауыл-аймақты аштан қыра жаздаған Оразбақ, енді сол істегені алдына келгендей хал кешкен. Колхоз белсенділері енді мұның өзінің бірер тұяқ малын, жүрек жалғап отырған соңғы пәтір нанын тартып алып, үй ішімен аштан қырылатын болған соң, Тұрарға жетсем, өлмеспін деп Мәскеуге тартқан ғой. Ахат пойызға іліне алмай қалыпты.

Рысқұлов:

«Әй, Оразбақ! Аштардың азын-аулақ ауқатын тартып алған қандай болады екен? 19-шы жылы болыс болғанында елге істегенің алдыңнан шықты ма?» — дейін деп еді, айтпады. Сол бір әсіреңкілігі үшін жазасын сотсыз-ақ алған. Бір кездегі иттігін бетіне шыжғырып баса берген келіспес те.

— Мен де барар едім, — деді Рысқұлов. — Бірақ Ахат атаның дәл қай күні келетіні белгісіз. Әрі десе, қазір Сталинмен тағы да кездесу... — деді.

— Сен әуре болып қайтесің? Мәскеудің ішінде адасып кететін мен емес, өзім-ақ тындырамын, — деп Оразбақ таңғы шайға да қарамай, Қазан вокзалына кетіп қалды.

Оразбақ шығып кеткен соң да, Рысқұлов көңілі қобалжулы еді. Азап жолынан келе жатқан Ахат қартты өзі шығып қарсы алғанда да болатын еді. Оған үлкен басы кішірейіп кетпес еді. Әрі десе... Әрі десе, сол Ахат Айтұлы 1916 жылы, Рысқұл Сібірге айдалып, Тұрар Приходьконың қолында қалып, шіркеу оқуына берілетін болғанда, сол Ахат кішкентай Тұрарды алып қашып, өрт шалған қалың қамыстан күшігін желкесінен алып шыққан арландай болып, Рысқұлдың жалғыз жәдігерін Мерке асырып жібермеп пе еді?

Егер сонда Тұрар Приходько мырзаның қолында қала берсе, діни семинарияға оқуға берілер еді. Христиан дінінің қазақтан шыққан миссионері болар ма еді? Қазақтарды: «христиан дінінің православие тармағына кіріңдер!» — деп үгіттер ме еді? Кім біледі... Діни семинарияны бітірген Әліби атасы бірақ кейін революционер болып шықты ғой. Тағдырдың жолы сан тарау. Әр істің себебі бар. Сан тарау жолдың қайсысына түсерің сол себепке байланысты. Сол жолы Ахат оны дін оқуынан аман алып қалғаны ақиқат. Сонда Ахат Тұрарды Алматыдан Қордайдың тауына дейін арқалап, одан әрі бір мал айдаушыға аманат айтып: «Меркенің қой базарында Қырғызбай деген делдал бар. Баланы соның қолына тапсыр. Рысқұл деген есіл ердің баласы десең, өзі түсінеді»,—деген. Сол Ахат енді Мәскеуден пана іздеп келе жатыр.

* * *

Ашаршылықтың азап жолын көтере алмаған тоқсандағы қартың келе сала ауруханаға түсті. Оны Рысқұлов өзі орналастырды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий