Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Тау-Шілмембеттің қатындары бастарына қара орнына шапандарын жамылып, тамұқтағы отқа шыжғырылған сорлылардың зарын қылып, кеудесінен әлі жаны кетпеген азаматтарына жоқтау айтып сай-сүйекті сырқыратқан.
Азан-қазан азынаудан, беттеріне тырнақ салып, қан жоса болған қатындардың түрінен шошынған, тұтқындардан жөнді жауап ала алмай шаршаған пристав бір мезгіл Мақаштың шеңгелінде тұрған Тұрарға назарын салды.
Бала қар үстінде бір аяғын көтеріп, бауырына қысып алған балапан сияқты екен. Бір аяғын екінші аяғының балағына қысып жылытпақшы болады. Жердегі аяғының бармақтары барбиып, үсіген картоптай талаурап кеткен екен.
Жарық келінің үстінде отырған орнынан тұрып, пристав Тұрардың жанына барды. Бала «ұрады екен» деп жасқанып қалды. Балағына тығып тұрған екінші аяғын жерге түсірді. Қолымен бетін жасқап кейін шегіншектей беріп еді, Мақаш желкесінен жұлқып қалды.
– Тыныш тұр, бәтшағар!
Приставтың қалың табанды хром етігінің астындағы қар сықырлады. Түсін жылытқан болып, ақырмай-жекірмей ақырын сөйледі.
– Атың кім?
Бала бедірейіп тіл қатпады.
– Атың кім?
– Айт! Айт! – деп екі жақтан Мақаш пен Таубай старшын түйіп-түйіп жіберді.
– Тимеңдер, – деді пристав оларға алара қарап.
– Атың кім?
– Тұрар, – деді бала приставтың ала шапыраш суықтау көзіне тіке қарап.
– Кімнің баласысың?
– Рысқұлдың. – Бала приставтың тінткі көзінен көзін тайдырып әкетіп еді, аяқтарынан асулы тұрған үшеуді көрді. Үшеуінің де беттері көнектей болып кеуіп, ісініп кеткен екен. Көздері бұған шарасынан шыға атырыла қарап қалыпты.
– Сен бұларды жақсы көресің бе? – деді пристав алтыбақандар ағаш жақты көздеп.
– Иә,–деді бала мұрнынан аққан суды жеңімен сүрте беріп.
– Жақсы көретінің рас болса, әкеңнің қайда жасырынып жатқанын айт. Сонда оларды босатамын.
Тұрардың көзі аяқтарынан ілінген үшеуге тағы түсті. Өздерінің тағдыры Тұрардың қолында тұрғандай, үшеуі де бұған телміре, жалына қараған сияқты. Үшеуінің қасында мылтық кезеген үш солдат. Оларды босатпақ болып, Ахмет, Омар тағы бірер адам ұмтылып еді, солдаттар тойтарып тастаған. Енді олар екіншілей беттей алмай «апыр-ай, апыр-ай, иә құдай, иә әруақ, өзің жар бола гөр!» – десіп, шарасыз өлі мен тірінің арасында қалған.
Үшеуінің ішінде Тұрар әсіресе Қорған жәкесін жақсы көруші еді. Өз баласы Арманнан кем көрмей, Қорған Тұрарды үнемі үйіне ертіп апарып, тақыл-тұқыл тамағын бөліп ішер еді. Бұған кішкентай қол шана істеп бергені де бар. Сол шанаға Оразбақ таласатын. Тұрар мен Оразбақ шанаға таласып жатқанда Молдабек өз баласына бүйірі бұрып, Тұрарды шет қақпайлай берер еді. Содан да Тұрар Молдабекке аса іші жылымайды. Ал Шыныбек жәкесі шақылдаңқырап қалғанмен балажан, базардан ылғи тәтті әкеліп, балаларға тең бөліп беретін. Үйден гөрі түзде көп жүретін Рысқұлды жоқтатпауға тырысып, кейде басқа балалардан гөрі Тұрарға бүйірі тартыңқырап тұратын.
– Кәне, айта ғой, әкең қайда жасырынып жатыр?
Приставтың үні жылы. Тіпті бір рет басынан да сипады. Баланың домбығып кеткен аяғына көзі түсіп, бір солдатқа айқайлап, тон алдырып, Тұрарды соған орап қойды.
Тұрар есі енді кіргендей, бейбіт күн туып, баяғыша ойнағысы келгендей, қаһарлы топтың арасынан өзінің достары Арман мен Оразбақты іздеді. Олар көрінбеді. Бала біткен қазір ініне кіріп, төсектің астына тығылып, қоянның көжегіндей үрейлері ұшып жатқан. Сонда да, баламысың деген, сырттағы сойқанды көргісі келіп, тығылып жатып, тысқа бұқпалап қарайды.
– Қызыл Жебені сойғалы жатыр, – дейді Оразбақ үні әрең шығып. – Жаңа ана дәу пышағын суырып алды ғой.
– Иә, соймайды, – дейді Арман ақырын. – дәу оны сояйын дегенде анау бастық орыс сойғызбай қойды ғой.
– Менің Қызыл Жебе болмағаным жақсы болды, ә? – дейді аңқау байғұс Оразбақ. – Мен – Шолақ Шабдармын, ә? Шолақ ІІІабдарды олар соймайды, ә?
– Ей, қойшы, оттай береді екенсің – деп жақтырмайды Арман үлкендерден естіген сөз аузына түсіп.