Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рысқұл Шолақ Шабдардың шылбырын қырғыз ердің қайыс бауынан өткізіп, тізгінді ердің қасына байлады, жан серігі болған жануардың құлағын қасылап, тұмсығынан сипап, мойнынан құшақтады.
– Е, жануар, енді көрісеміз бе, жоқ па – бір Алланың ісі. Бар, жануар, бар – деп сауырына жалпақ алақанымен сарт-сарт салып қалып, мал қораның маңайынан айдап шығарып, қоя берді.
Аттың осыдан Бесағашқа баратынын білді. Шолақ Шабдардың иесіз келгенін көріп, Тұрар шошыр. Ізбайша дауыс қылар, ел дүрлігер. Жабыла іздеп жүрген жау да болар...
Шолақ Шабдар бірер басып, басын бұрып, әлдене күткендей тұрып қалды. Жылқы хайуанның бұл қылығы Рысқұлдың өзегін өртеп жібергендей, жанына қатты батты. Қызыл Жебедей дүлдүл тумағанмен, Шолақ Шабдар жүріске шыдамды, күй талғамас, жол танығыш, жер танығыш, соған қарамай кеудесін басқаға басқызбас тәкаппар, бір батыр екенін Шолақ Шабдар кейбір адамдардан артық білгендей еді.
Хайуанның адамға деген адалдығына іші елжіреген Рысқұл:
– Сорлы Шолақ, енді сен кімнің астында кетер екенсің? Сені Тау-Шілмембетке бұйыртпас, қорқау иттер, – деді.
– Бар, бара ғой, жануар, ауылға бар, – деді иесі күбірлеп.
Ат басын ықылассыз қайта бұрып алып, құлағын тікшитіп тау жаққа қарады. Бірақ жылжымастан, ішін бір тартып тұра берді. Жануар иесін күтіп тұрғанын Қара Иван да байқап:
– Жалко, – деді. – Бірақ, амал не, сені жасыруға болар, оны қайда тығып қоямын?
Рысқұл қолындағы дойыр қамшының тобылғы сабын саусағы ауырғанша қысып ұстап:
– Ақымақ хайуан, енді мен жоқпын саған! Несіне тұрсың? Жоғал, айда! – деп ыршып барып, аттың сауырынан осып кеп жіберді.
Мұндайды күтпеген Шолақ Шабдар оқыс ырғып, пыр-пыр осқырынып, ақ буалдыр арасына кіріп жоқ болды.
– Бекер ұрдың, – деді Қара Иван досын күстаналап.
– Көңілі қалсын, әйтпесе осы төңіректен айналшықтап шықпай қояды. Енді ауылға тіке тартады. Ізін қазір-ақ басып қалады... атасына нәлет. Барсын. Менен гөрі ол да бақытты. Ауылға жасырынбай, еркін бара алады. Ал енді қайтеміз, тамыр?
– Үйге жүр дей алмаспын. Үйде бала-шаға біліп қойса, баламысың деген біреу-міреуге айтып қояды. Тіпті, Марфа білуге тиіс емес. Қатын деген жарықтықты өзің білесің. Мына шөмеле шөпке кіріп жатасың. Жылы. Елеусіз. Таңертең малға шөп алған болып, жейтін бірдеңе әкеліп берермін. Байқайық, не хабар болар екен. Содан арғысын тағы ақылдасармыз. Әбден қалжыраған көрінесің. Жат та, ұйықта. Саспа, – Қара Иван шөмеленің іргесін кеулеп-кеулеп Рысқұлды кіргізіп жіберді де, кеуектің аузын қайта бітеп, шашылған шөп-шаламды жиып-теріп сезіктенер із қалдырмай, үйіне оралды.
* * *