Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Болыс басын жұлып алып, жоғары қарады. Мая тұсында тұрған адам әуелі қалбайып, қарауытып көрінді де, кенет көзінің алды тағы қызғылтым тартып, жар қабақта Қызыл Жебе тұяғымен жер тарпып тұрғандай елестеді. Кенет Қызыл Жебенің тамағынан қан шашырап, бетіне шапшып кеткендей, Саймасай көзін жұмып, қолымен бет-аузын ұстай алды. Жоқ, қан жұкпаған екен. Бірақ жұмулы көзін ашуға қорықты. Қызыл Жебе елесін көрмеуге тырысты. Жалғанды жалпағынан басып келе жатқан айбатты адам енді мына дүниеге көзін ашып қарауға жасқанғаны жақсылық емес еді. Оның жанын алуға әзірейіл Қызыл Жебе бейнесінде келгендей көрінеді. Әлгі үрейлі үн тағы да саңқ ете қалды.

– Саймасай! Мен Рысқұлмын. Көкірегіме запыран сыймай кетті. Соның бір түйірін сенің кеудеңе түкірсем деймін. Сен көзінен сорасын ағызған сорлылар үшін! Сен сөлін сорған жарлылар үшін! Қызыл Жебенің қаны үшін!

Мылтық дауысы гүрс еткенде, әуелі қою түтіннен түк көрінбеді. Дәрінің исі бұрқ етті. Сәлден соң шалқалай құлаған болыстың бір аяғы үзеңгіден шықпай, үріккен Қалдықызылдың сүйреткісінде үйдей дене үлпек қарды сыпыра, артында қап-қара жолақ сызық қалдырып бара жатқанын көрді.

«Бүткіл өмірің қара сызық еді сенің, Саймасай», – деді Рысқұл маяның тасасындағы Шолақ Шабдарға асыға беттеп бара жатып.

Бесағаштың үстінде қыстың қыраулы күнінде шартылдап найзағай ойнады. Үркердей үрпиген аз ауылдың азан-қазаны шықты. Қылыш, мылтық асынған сарыала түймелі жандармдар, солдаттар қаптады.

Таубай старшын мен өлген болыстың інісі Анарбай, Мақаш палуан үшеуі әуелі Рысқұлдың жертөлесінен бастады. Олар топырлап кіріп келгенде, сықырлауық есіктің топшысы тағы жұлынып түсіп, ішке бұрқ етіп бір будақ бу қоса енді. Не сұмдық екенін ажырата алмаған Ізбайша:

– Ойбай, – деп ошақ басынан ұшып тұрған. Төсекте қарындасын ойнатып отырған Тұрар жерге жалаң аяқ секіріп түскен. Түйметай төсек үстінде шашы сексиіп, қорыққанынан шырылдап қоя берген.

– Әне! – Таубай старшын қамшымен Тұрарды кезеп. – Бөрінің бөлтірігі, иттің күшігі сол. Ұста, Мақаш. Тарт иттің баласын! Далаға шығарып бауыздап жібер! Мына күңді де алып шық!

– Ойбай, не жаздық? – Ізбайша басынан ақ жаулығын жұлып алып, шашын жайып жіберіп, отыра қалып жер сабалады. – Не жаздық, ойбай құдай! Айтсаңдаршы, елім-ау, жұртым-ау, не қылдық қу құдайға?

– Не жаздық? Не қылдық? Мүләйімсуін сайқалдың.

– Қанға – қан, жанға – жан! Тарт!

Старшын қамшымен Ізбайшаны арқасынан осып жібергенде бейшара әйел кирелең ете қалды. Мақаш төбедей төніп барып, Тұрардың желкесінен бүріп ұстап дырылдатып сыртқа сүйреп әкетті.

– Ойбай, мені өлтір, ағатай! Нәрестенің қанын мойныңа жүктеме! – деп Ізбайша Мақаштың аяғына орала беріп еді, старшын қамшымен тағы тартып жіберді.

Жалаң аяқ, жалаң бас жас баланы дырылдатып сүйреп жүрген Мақашты көріп, жанұшырып әуелі Молдабек жетті. Артынша Шыныбек келді. Сүрініп-қабынып Ахат алыстан айқайлады. Қорған ұста Мақаштың қолына жармасты.

– Баланы қоя бер, мені өлтір! – деп өгей шеше өлермендікпен кимелеп Мақаштың аяғын құша тағы жығылды.

– Қанға – қан! Бауыздап жібер жауыздың жалғызын! – деп старшын селкілдеді. – Мынаның бәрі Рысқұлдың туысқандары. Бәрін ұстап, байлаңдар! Тауып берсін жасырынып жатқан жауызды!

Сақал-шашы, жалбыр қасы аппақ қудай Ахат қарт мына суықта жолда иығынан шапаны түсіп қалып, жейде-дамбалшаң жетіп, Тұрардың үстіне жығылғанда, Мақаш дәу не істерін білмей, белдігіндегі қыннан суырған кездікті жалаң ұстаған күйі тұрып қалды.

Біраздан бері қазақтардың қырқысын қызықтап тұрған приставтың бір таң қалғаны он жасар шамасындағы қаршадай баланың қайсарлығы еді. Ажал аранында, арыстанның аузында тұрып, бала болып бір қыңқ демеді-ау. Безерген күйі бедірейіп, бетінен ет кесіп алса да бүлк етпестей, сазара тістеніп, көзі кірпік қақпастан тесірейіп, мына қауқылдасқан, қан тілеп, қарқылдасқан қарға-құзғын сияқты үлкендерді иттің етінен бетер жек көретінін жасырмай және жанталаспай, соншалықты салмақ сақтап қалған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий