Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жүресінен отыра берген соң аяғы талды. Аяғын созып жіберіп, ақжұлық болған шоқай етігіне қарады. Қыс болса келіп қалды. Аяқ киімнің сиқы мынау. Мая болмаса, үстіндегі жұқа шекпеннен қазірдің өзінде суық өтетін түрі бар. Тұлабойындағы киім атаулыдан жанға себі – тозығы жеткен киіз қалпақ.

Көптен бері ыстық ішпей, шекесі құрысқан. Бас аурудың үстіне мына меңіреу, бұлыңғыр тыныштық қосылып, миын шаға түскен.

«Балалардың да киімі тозық. Тұрар жалаң аяқ еді. Мына қарда тобанаяқ, далаға шыға алмай, мүсәпір болып, көзі жаутаңдап отыр-ау... Аяғы күйген тауықтай азап кешкен қу өмір. Бүйтіп өмір сүргенше, алысып өлген жақсы. Саймасай әділ болса, біз аш-жалаңаш қалармыз ба? Жоқ! Оны аяудың керегі жоқ. Азды аяған, көптен құр қалады. Саймасай жойылса, бәлкім, басқа болыстарға ақыл кірер, тәубасына келер, елге жеңілдік болар... Әй, атасына нәлет!».

Қақпанға түскен қасқырдай, ызалы көздері қанталап бара жатты. Тұрардың жалаң аяқ, жертөледен шыға алмай отырғаны тағы елестеді. Көзінен шоқ шашырағандай болды. Бірақ оны мына меңіреу түкпірде ешкім көрген жоқ, көрсе шошыр еді.

Көңілінен Тұрар кетпей қойды. Оның ар жағынан Түйметай мен Ізбайша буалдыр көрінеді. Тұрар тура қарсы алдында бетпе-бет тұрғандай. «Көке-ау, мені де ала кет», – деген үні құлаққа келді. Күні бойы міз бақпай отырған Рысқұл тықырши бастады. Құлыны үйде байлаулы қалған, желіні сыздаған биедей бей-жай. Көзге көрінбес арқаннан босаса-ақ, Тұрарына алып-ұшып жетпекшідей.

Қыршынның жасындай қысқа күн күңгірттене берді. Кенет долана ағаштың басында отырған сауысқан шық-шық ете қалды. Рысқұл шошып кетіп, орнынан атып тұрды. Сауысқан қалбаң етіп, ұша жөнелді де, қарсы беттегі қарағайлы бөктерге қарай парылдап бара жатты.

Ақ буалдыр арасынан, түкпірдегі тұмсық айналымнан қара шұбартоп бұлдырап көрінді. Рысқұлдың жүрегі дүрсілдей жөнелді. Мылтық ұстаған қолының селкілдегенін сезіп: «Ой, жігерсіз!» – деп өзіне-өзі кіжінді. Бұқпалай түсіп, сәл жүріңкіреп бір шоқ итмұрынның түбіне барып паналады. Қолының дірілі басылды. Жолаушы топтың жақындай түсуін тосты.

Маяның жылы қуысынан шыққан бетте жұқа шекпеннен суық өткен сияқты еді, енді тұла бойы ысып бара жатты. Қара шұбар топ шоғырланып таяп қалды. Мая тұсынан өткен соң жол шолтаң етіп, келесі тұмсықтың тасасына кіріп кетеді. Ол тұмсықтағы қара жартас қазір қаһарланған адам кейпіне келгендей екен. Бетіне қар жұқпай еріп кете берген соң, суланып, көзінен сорасы ағып, әжімі айғыздалып, наладан жаны күйзелген, әлденеге тас түйілген қалпы бар. Ол да зауал заматын тағатсыз күтіп, қозғалсам жауымды шошытып аламын-ау деп, тапжылмай, қалт қарап қалғандай.

– «Бұл менің кием шығар, – Рысқұл. – Бұл менің кием, пірім, қаратас...»

Қара шұбар топ жүріп емес, мұхитта жүзіп келе жатқандай ырғатылады. Дүние шіркін дүлей мұхит. Адамды туа салысымен сол мұхитқа лақтырып жібереді. Батып кетпейін десең, тырбануың керек.

Рысқұл айналасына барлап тұрып тағы бір қарады. Өкпеңді қысып, тыныс тарылтар таулар қазір көрінбейді. Дүние бозала шексіз кеңістік. Адамдар сыйыспайтын жөні жоқ сияқты. Орын көп. Аспан асты кеуек. «Аяғыңды етік қысса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» – деді Рысқұл мырс етіп.

Қара шұбар топ тіптен таяп қалды: Енді бір сәттен соң мұның тұсына келеді. Сампылдап, қауқылдап сөйлескендеріне дейін, қарқылдап күлгендеріне дейін естілді.

Рысқұлдың тілеуі болды. Қалдықызыл ат арқан бойы алда келеді екен. Үстіндегі адам ұйықтап қалғандай, басы омырауына салбырап, ұнжырғасы түсіңкіреп кеткен. «Болыс неге пәс? – деді Рысқұл. – Абайсызда атқаным болмас. Кімнің қолынан өлгенін біліп кетсін. Қарақшы құсап қапылыста атып, қаша жөнелмеймін. Олар мені қазір бәрібір ұстай алмайды. Жардан шыға алмайды».

Рысқұл итмұрын бұтасының түбінен тік түрегелді. Мылтықты созып керді.

Қара шұбар топ тақала бергенде:

– Саймасай! – деген дауыс санқ ете қалды.

Қара шұбар топ тұмсығы тасқа тірелген кемедей кейін шегіншектеп барып тоқтағандай болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий