Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев
-
Название:Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:71
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мукагали – один из немногих поэтов ХХ века, соединивший национальные школы, традиции поэзии и песенного творчества. Он развил и углубил это направление, поднял на новые высоты и вывел на новые просторы поэзию Казахстана.
Сборник стихов Мукагали Макатаева / Мұқағали Мақатаев өлеңдер жинағы - Мукагали Макатаев / Мұқағали Мақатаев читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қой, інішек, қапаланба!
Пеш жанына табынатын,
Аязды күн әлі алда.
20-21.Х. 1949 ж., Шибұт.
ТҮНГІ ЖОЛДА
- Сәтті болсын сапарың,
Тез орал қайта, сарғайтпа!
- Деп айтып менің жан жарым,
Жабырқап қарап тұрды артта.
Жол қатқыл, күздің түні еді,
Арба да даяр, жегілді.
Жалыққан күннің бірі еді,
Уайым басқан көңілді.
Ауыр арба, арық ат,
Шықыр-шықыр етеді.
Қиялдың құсы жалығады,
Көзім де қалғып кетеді.
Мазақтап, әлек қылғандай,
Аспанның әне жұлдызы.
Қиялы қарап тұрғандай,
Секілді жарым қырмызы.
Көңілсіз, үнсіз келемін,
Қалғып, кейде жығылып.
Жасқанған айды көремін,
Бұлтқа тұрған тығылып.
Ұйқыға кеткен кең дала,
Шығарып самал тынысын.
Келемін жортып мен ғана,
Кетіріп түннің тынышын.
Түн самалы азынап,
Сергітіп мені оятар.
Шыда, шыда азырақ!
Жарқ етіп қазір таң атар!
31.Х.1949 ж., Нарынқол.
ТАУДА
Шоғыр тас, құлама құз төніп тұрған,
Қарағай басып иіп тағзым қылған.
Бар тіршілік қойнына паналаған,
Алып дене құралған ұзақ жылдан.
Мүлгіген ну орманы сыңсып жатты,
Долы өзені долдана жылап ақты.
Суық соққан самалға шың жартастар,
Кере төсеп кеудесін аймалатты.
Жотада арқар жортқан, елік ойнап,
Қара тас бітпегендей мәңгі ойлап.
Қанатын кесе сілтеп құстар да жүр,
Тамаша табиғаттың тойын тойлап.
Алып жота, асқар шың, ұлы кеуде,
Көз жібердім көлбеген кербез белге,
Тауда тұрып тамаша сырын ұғып,
Бет сүйгіздім азырақ самал желге.
АЙ
Тұнық көктің төсінде,
Қалықтап қайда барасың?
Күндердің бір-ақ кешінде,
Талай сыр түйіп аласың.
Сүйеді сені жас жаным,
Жаңадан толып туған ай!
Сүйіскен ұрлап жастардың
Суреті сенде тұрғандай.
Кейде тұнық, мөлдір көктен
Сыршыл сәулең сырғанап.
Қыз-жігітке бірге кеткен,
Жымың егіп бір қарап.
Біраз минут бұлтқа бұғып,
Сәл ғайып боп кетесің.
Сол жастардың сырын ұғып,
Сәулеңмен сипап өтесің.
Сүйеді сені жас жаным
Жаңадан толып туған ай.
Сәулеңде сүйген калқамның
Суреті сенде тұрғандай.
БҰЛТ
Көнбеске көнген көк аспан,
Меңіреу, тілсіз жатты сұлқ.
Керуендей адасқан,
Келеді жылжып бір топ бұлт.
Дауылдың құлы-қошқыл бұлт,
Көмескі торға байланып.
Бойында күші... етпей былқ,
Барады алыс айдалып.
Бұлтты кенет буды ашу,
Бірақ дауыл сапырды.
Көк бетін кернеп у мен шу,
Найзағай оғы атылды.
Өксіді бұлт еңіреп,
Бұлтты айдаушы тынды жел.
Қайғылы жасын төгіп ед,
Қарық болды қара жер.
Кенет дауыл сап етті,
Қайта түсіп қалпына.
Бұлтты алыс әкетті,
Қаратпай қайта артына.
ШЫБЫҚ
Қорғапсыз, жалғыз жас шыбық,
Желменен баяу иіліп.
Аязға қыста тұншығып,
Ыстыққа жазда күйініп.
Рахымсыз, тілсіз табиғат,
Семдірмек болад шыбықты.
Бақытсыз, жүдеу нәзік зат,
Қауіпті жерге шығыпты.
Тамыры тасқа таңылып,
Нәрсіз, сусыз шөлдеген.
Әлсіз бүрін жамылып,
Солқылдайд соққан желменен.
Аллаң берген денеңде,
Аяулы жалғыз аманат.
Тамырың мықты тереңде,
Тапжылтпас сені ешбір зат.
Аязды, ыссы сағымның,
Бойыңа уы жұға алмас.
Такаппар, долы дауылдың,
Екпіні сені жыға алмас.
Қорғансыз, жалғыз жас шыбық,
Өсерсің келіп қалпыңа!
Беймаза күннен тыншығып,
Шашарсың бүршік артыңа!
Жападан жалғыз жас шыбық,
Басына дауыл төкті зәр.