Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Түннің қараңғы болатыны мәлім еді, сондықтан негрлер үңгірдің кіре беріс аузын кезек күзетіп шығуға ұйғарды. Және сақ төбет Динго бар ғой, оған алаңсыз сенуге болады.
Миссис Уэлдон, Дик Сэнд және негрлер үңгірге қайтып келді. Олар Бенедикт ағайдың әлі күнге қайтпағанын енді ғана білді. Геркулес өзінің алып денесін керіп, өкпесін желге кернетіп, бар даусымен айқайлап ғалымды шақырды, сол сәтте аяғын шапшаң басып тік төскейден төмен түсіп келе жатқан энтомологтың қарасы да көрінді, егер жазатайым аяғы тайып құлай қалса, төскейден домалап мойны үзілуінде сөз жоқ.
Бенедикт ағай қатты күйініште еді. Ол орман кезіп, коллекциясынан лайықты орын аларлықтай бірде-бір жаңа жәндік таппаған. Онда қырықаяқ, сколопендр, тағы басқа көпаяқтылар есепсіз кеп екен, бірақ олардан басқа түк те жоқ-ты. Ал Бенедикт ағайдың ондайларда ешқандай жұмысы болмайтын.
— Бес мың, бәлки, тұтасынан алты мың миль жол жүрген шығармыз,— деп қынжылды ол,— сұрапыл дауылға ұшырап қаншама азап шектік, апатқа ұшырадық, мұның бәрі ақырында заяға кетті, энтомологиялық музей біткеннің көркі боларлықтай американ алтыаяқтыларының бірде-бірі табылмады деген не сұмдық?! Жоқ, жоқ, есіл еңбек зая кетті-ау!
Бенедикт ағай сөзін қорыта келіп, мына сүйкімсіз жағалауда бұдан былай бір сағат тұрғысы келмейтінін айтты, сонымен қатар бәрінің де тезінен жолға шығуларын талап етті.
Бұл сақалды сәбиді миссис Уэлдон тыншайтты. Ертең іздегеніңізді тауып бақытқа кенелесіз, деп сендірді келіншек. Бұдан кейін бәрі үңгірге кіріп, күн шыққанша дем алғалы жатты.
Бұл арада Том, Негороның әлі күнге қайтпағанын ескертті.
— Ол қайда жоғалып кетті екен? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Оның бары-жоғында біздің ісіміз жоқ! — деді Бат.
— Мен бұған, керісінше, қарсымын,—деді миссис Уэлдон,— қайта ол кісінің қашан да болса бізбен бірге болып көз алдымыздан кетпегенін тілер едім.
— Дұрыс айтасыз, миссис Уэлдон,— деді Дик Сэнд,— егер ол біздің арамыздан өз ықтиярымен кеткісі келсе, зорлап тоқтатуға болмайды ғой. Кім біліпті, Негороның бізден құтылғысы келетін себебі бар шығар?
Ақырында Дик Сэнд жас әйелді оңаша шығарып алып, оған өзінің сезігін айтты. Миссис Уэлдон Диктің айтқан сөздеріне ешқандай таңданған жоқ. Бұрынғы кеме аспазына оның да күдігі жеткілікті еді.
— Егер Негоро қайтып орала қалса,— деді ол,— демек, ол ұрлаған ақшасын бір сенімді жерге жасырып үлгірген болады. Олай болса, біз оны айғақты затымен қолға түсіре алмаймыз. Меніңше ақшаның ұрланғанын сезбеген болуымыз жөн, өз сезігіміз туралы үндемеуіміз керек, ең дұрысы — осы.
Миссис Уэлдонның пікірі дұрыс еді, мұны Дик те мақұлдады.
Бұл арада Геркулес Негороны бірнеше рет дауыстап шақырды. Бірақ Негородан жауап жоқ: әлде ол алысқа ұзап кетті де, айқайлаған дауысты естімеді, немесе бұларға қайтып қосылғысы келмеді.
Негрлер португалдан құтылғанына ешқандай өкінген жоқ. Бірақ Негороның бірге жүріп істеген дұшпандығы оншама қауіпті емес, оның шеткері жүріп істеген қастығы аса қауіпті деп миссис Уэлдон дұрыс айтып еді.
Кеме аспазының бейтаныс жерде жападан-жалғыз жүруге батылдық еткенін қалай жоруға болады?
Әлде ол адасып кеткен болар? Немесе көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде, үңгірге қайтатын жолды таба алмай қалуы да ықтимал?
Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд бұл жағдайды қалай жоруға білмеді. Бірақ Негоро сол құрығаннан мүлдем құрып кетсе де, оған бола үңгірдегілердің соншалықты қажетті демалыстан қалар жайы жоқ.
Динго жағалаудағы қайраңды кезіп әрлі-берлі жүгіріп жүр еді, кенет өршелене абалап қоя берді.
— Динго неге үрді екен? — деді миссис Уэлдон.
— Қазір білемін,— деп жауап қатты Дик Сэнд.— Мүмкін, Негоро келе жатқан болар?
Сол сәтте Дик, Геркулес, Бат, Актеон — төртеуі үңгірден шықты. Бірақ олар қаншама тесіле қараса да, жағалаудан ешкімді көре алмады. Динго да абалағанын қойды.