Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Пилигрим» соғылып қираған су астының, құз тастары енді. жалаңаштанып ашылып қалыпты. Қираған бөлшектерінің арасында кеменің қаңқасы жатыр. Бұрын оны бүтіндей дерлік су басқан еді, қазір ашылып қалуы Дикті таң қалдырды. Тынық мұхиттың американ жағалауында тез қайтып кететін күшті тасқынның болмайтынын бала жігіт жақсы білетін-ді. Бірақ бұл ғажап көріністі теңіз жақтан соққан күшті желдің әсерінен болды деп шамалады ол.
Өздерінің қирап қалған кемесін көргенде, миссис Уэлдон да, оның жолдастары да жандары ашып қатты қынжылды. Бұлар «Пилигрим» үстінде қаншама күндер өткізді. Қаншама ауыр халдерді бастарынан кешірді! Мачталары мен желкендерінен жұрдай болып, өлген малдың өлексесі құсап, бір жамбастап қирап жатқан кемені көргенде, адамдардың жүректері қысылып, ауыздарына тығылғандай болды. Әйтсе де кеме мүлдем қирап бітпей тұрғанда, ондағы өте қажетті заттарын алулары керек болды.
Дик бастаған бес негр кеме палубасына оңай шықты. Кеме бортында салбырап тұрған арқандарға жармасып, Том, Геркулес, Бат пен Остин камбузда қалған азық-түлік пен ішімдіктерді далаға таси берді, ал Диктің өзі бас қойманы қарауға кетті. Апаттан соң кеме корпусын бүтіндей су басып қалса да, жолаушылардың несібесіне қарай, бас қоймаға әлі су кіре қоймаған екен.
Диктің қоймадан тапқан заттары: атуға толық жарайтын төрт карабин және жүзге тарта патрон. Егер де жергілікті халықтар өздеріне шабуыл жасай қалса, қарсыласа аларлықтай болып кішкене отряд жақсы қаруланып алды.
Дик Сэнд қалта фонарын алуды да ұмытқан жоқ. Кеме тұмсығындағы каютада географиялық карта бар-ды, қырсыққанда, оған су өтіпті де, пайдалануға жарағысыз болып істен шығыпты.
Кит соятын үлкен-үлкен пышақтар бар-ды, Дик Сэнд солардың алтауын алып жолдастарының қаруын толықтырды. Сонымен қатар, ешкімге зиян келтіре алмайтын тағы бір мылтық алды,— ол кішкентай Джектің ойыншық мылтығы еді.
Кеме үстіндегі басқа заттар апат кезінде қирап бүлінген немесе су тиіп істен шыққан. Дегенмен, жақын маңдағы ел мекендеген жерге жету үшін бар болғаны бірнеше күн жол жүру керек болса, отрядтың жүгін ауырлатудың қажеттігі де шамалы. Сөйтіп, азық-түлік пен қару-жарақ артығымен жетерлік болды.
Ақырғы минутта миссис Уэлдонның, кемеде қалған ақшаны да ала шығарсың деген кеңесі Диктің есіне түсті. Ол небары бес жүз доллар ақша тапты, бірақ ондағы ақша оншалықты аз емес еді, миссис Уэлдонның өзі ғана көп ақшамен келе жатқан.
Диктен бұрын келіп кемеден ақша іздеген тек қана Негоро болуға тиіс. Миссис Уэлдон мен капитан Гульдің жинаған ақшасын алуға Негоро ғана суық қолын сұға алады. Бұл ұрлықты басқа ешкімнен күдіктенудің ыңғайы жоқ. Сонда да болса Дик Сэнд алғашқыда қобалжиын деді. Ол Негоро туралы не біледі? Негоро жұрттан бөлініп оңаша жүретін тұйық адам, басқа біреудің қайғысы оған ойын сияқты, Диктің білетіні осы ғана. Бірақ оның бұл мінезі зұлымдықтың белгісі бола ала ма? Дик Сэнд не ойларын білмеді. Ал енді бұл ұрлық жөнінде басқа кімнен сезіктену керек? Негрлердің біреуі ұрлады деуге бола ма? Бірақ бұлар адал адамдар, оның үстіне олар миссис Уэлдон мен Диктің қасынан аттап та шыққан жоқ, ал Негоро жағалауды кезіп ұзақ жүрген. Жоқ, Негородан басқа ешкім емес, ақшаны ұрлаған тек қана Негоро!
Негоро қайтып келісімен Дик Сэнд одан жауап алуға ұйғарды, тіптен керек деп тапса, оны тінтуге де ойы кетті. Бұл уақиғаны ақырына дейін тексеру керек.
Күн еңкейіп, көктің теңізбен ұштасқан жеріне таянып қалған. Іңір өте қысқа болып, лездің арасында қараңғылыққа ауысты. Бұл жағдай, кеменің апатқа ұшыраған жері Козерог тропигі мен экватор аралығының бір жер болса керек деген Диктің шамалауын қостағандай болды,
— Түн дауылды болады екен! — деді Том қарт көкжиектегі шоғырланған бұлтты көрсетіп.
— Ие,— деп Дик Сэнд оның сөзін қостады,— желдің құйқылжуы тегін емес сияқты. Бірақ одан бізге келер-кетері жоқ! Кемеміз болса да қирады, енді дауылдың бізге тигізерлік зияны да қалмады ғой!