Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Соңғы маневрді жаңа келген тәжірибесіз экипажбен орындау қиын еді. Бірақ қиыншылыққа тізе бүгіп тоқтап қалуға болмайды, шынында да бұл қиыншылықтар ешкімге бөгеу бола алмады.
Жас капитан Бат пен Остинді ертіп рейге шықты да, брамсельді түсірді, бұл маневрді жасау үшін шынында да аз қиналған жоқ. Егер де барометрдің төмендеуі соншалықты қауіпті болмаса, екі рейді де алмай мачтада қалдырар еді. Бірақ жел құйынға айналып кетсе, желкендерді азайтумен ғана қанағаттанбай, мачтаның да жүгін жеңілдету керек: жүгі жеңіл болса, мачта қатты шайқалмайды. Сондықтан Дик Сэнд екі рейдің екеуін де палубаға түсіртті.
Бұл жұмыс аяқталған соң (мұны орындау үшін екі сағат шамасындай уақыт кетті), Дик Сэнд жәрдемшілерінің көмегімен марсель желкенінің аумағын кішірейтуге кірісті. Басқа кемелердің көбісінде болатын екі қабат марсель «Пилигримде» жоқ болатын. Сондықтан «Пилигрим» экипажы ескі заманның әдісін қолданып, рей үстімен жүріп, жел екпінімен желпілдеп тұрған желкеннің етегін тартып линьмен нығыта байлап қоюлары қажет. Бұл өте қиын, ұзақ уақыт алатын жұмыс. Сонда да болса марсель желкенінің аумағы кішірейтілді. Енді кеме біртегіс жүріске басты.
Мачта басында жұмыс істеп жүрген Дик Сэнд пен негр матростар аса күшті таза жел (құрылықтағы дауыл деп аталатын атмосфера жағдайын теңізшілер осылай атайды) соғып тұрғанда да жүзе алатын етіп «Пилигримді» әбден дайындап болып, палубаға түсті.
Келесі үш күннің ішінде — 20, 21 және 22 февраль күндері — желдің күші де, ыңғай соғуы да өзгерген жоқ. Барометр үздіксіз төмендеп барып, 22 февраль күні жиырма жеті де, жеті ондық дюймге54 барып тоқтады.
Енді таяу күндердің ішінде барометрді жоғары көтеріледі деп үміттенуге болмай қалды. Аспан әлемі қабағын тастай түйіп алған, жел құлақ жара ысқырып тұр. Теңіз бетін тұтасымен тұман басып жатыр. Көк жүзін қара бұлт құсап, күннің қай жақтан шығып, қай жаққа бататынын да ажыратып болар емес.
Диктің мазасы кете бастады. Ол аттап шықпастан үнемі капитан мінбесінде болды, жөнді ұйықтаған да жоқ. Сонда да болса сыр білдірмей тыныш қалпында жүре берді.
23 февраль күні ертеңгісін жел аздап бәсеңдеген тәрізденді: Бірақ Диктің ауа райы түзеліп кете қояды деген үміті жоқ-ты. Шынында да оның шамалауы дұрысқа шықты: түстен кейін жел қайта күшейіп, теңіз бетінде күшті толқын пайда болды.
Камбузынан сирек шығатын Негоро, күндізгі сағат төрттің шамасында палубаға көтерілді. Динго кеменің бір түкпірінде ұйықтап жатса керек, бұл жолы кеме аспазына абалаған жоқ.
Негоро қашан да болса өзінің үндемейтін тұйық әдетінше, көкжиекке көзін қадап жарты сағаттай палубада тұрды.
Мұхит бетінде жал-жал толқындар сырғып жатты. Олар бірін-бірі қуып кимелей түседі, бірақ біріне бірі әлі соқтығысқан жоқ. Жайшылықтағы толқыннан мына толқын биіктеу. Бұған қарағанда онша қашықта емес, батыс жақтың бір жерінде күшті дауыл соғып тұр, көп кешікпей кемені қуып жетеді деп шамалауға дәлел бар-ды.
Негоро теңіз ісінен мүлдем хабары жоқ, немесе теңіз ізімен бір шолып өтті де, сосын өзінің қобалжымайтын суық көзін көкке қарай аударды.
Аспан реңі үрейлі еді.
Бұлттың үстіңгі қабаты, астыңғы қабатынан анағұрлым тез көшіп жатыр. Аспан биігіндегі ауа ағысы жуық арада төмендеп, теңіз бетін басқалы тұрғандай. Олай болса «тап-таза» жел сұрапылға айналады...
Негоро теңізі ісінен мүлдем хабары жоқ, немесе теңіз апатынан сескене білмейтін жансыз болуы керек. Оның, жүзінде абыржу дегеннің аз да болса нышаны жоқ. Оған үстеме зұлымдана күлімсіреп ернін қисайта түсетінін қайтерсің. Мұнысына қарағанда ауа райының казіргі түрі оны қорқыту былай тұрсын, қайта қуанта түсетін сияқты.
Негоро бушпритке атша мініп алып, ұшына қарай өрмеледі. Сыңайы көкжиектен әлденені көруге тырысқан тәрізді. Сосын палубаға түсіп, бір ауыз тіл қатпастан каютасына кіріп кетті.