Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Пилигрим» желкен аумағының аздығына қарамастан, толқын бетімен бұрынғысынша алға қарай тез зымырауда еді.
12 март күні ауа райы бұрынғысынан да бетер нашарлай түсті. Сол күні Дик Сэнд барометрге қарап, қорыққанынан денесі мұздап қоя берді: барометрдің сынап бағанасы төмендеп жиырма жеті де оннан тоғыз дюймге57 жеткен екен.
Бұл белгі өте күшті құйынның нышаны еді. «Пилигримге» ендігі қалған аз желкеннің де қажеттігі қалмады.
Жел көлбеу грот желкенінің парша-паршасын шығарып жыртатын болды. Дик Сэнд мұның солай боларын біліп, оны да түсіруге бұйырды.
Бірақ кешірек бұйырып қалды. Кенет соққан құйынды дауыл кемеге килігіп, көз ашып жұмғанша болмай желкенді жұлып әкетті. Брам-рейдің үстінде тұрған Остинді жел үйіріп апарып брам-стенгіге ұрды. Остин үсті-басы қан-қан болып палубаға азар түсті.
Диктің денесін қорқынышты абыржушылық биледі: оның есебінше, осы қазір ғана жер көрінуге тиіс, жас капитанның абыржитын себебі, бар екпінімен заулап келе жатқан кеме, жағалау маңындағы су асты құздарының біріне барып ұрынуы мүмкін.
Ол жүгіріп тұмсыққа барды да, алысқа көз жіберді. Бірақ алдыңғы жақтан жер қарасының ешқандай нышаны көрінбеді.
Дик Сэнд қайтадан штурвалға келді. Сосын бір минуттан соң, Негоро палубаға шықты. Ол өзін өзі зорлаған тәрізденіп, көкжиектің бір шетіне қарай қолын созды. Оны қалың тұманның арасынан бір биік жағалау көрген екен деуге боларлық еді...
Португалдың бетінде зымияндық күлкі тағы ойнады. Негоро жақ ашып, тіл қатпастан камбузына қайта кіріп кетті...
Он екінші тарау
КӨКЖИЕКТЕГІ АРАЛ
Бұл күні «таза жел» дауылға айналды. Оңтүстік-батыстан соққан ауа ағысының тездігі сағатына жүз километрге жақындады.
Бұл дауыл — якор тастап портта тұрған кемелерді допша атып жағаға шығарып тастайтын, үйлердің шатырын жұлып әкететін, фабрик-заводтардың биік трубаларын жермен жексен қылатын барып тұрған күшті дауылдың бірі еді.
1825 жылы 23 июньде Гваделупта жиырма төрт сантиметрлік58 ауыр зеңбірек желдің екпінімен лафетінен аударылып қалған. Олай болса зіркілдеген толқыннан басқа ешқандай таянышы жоқ кемені мына дауылдың асықтай шүйіріп жіберетіні айдан анық.
Бірақ кеменің аман қалуына бірден-бір сенім, оның осы қатты жүрісіне байланысты. Кеме құтырына соққан дауылға қарсы тұра алмай ыға береді, егер оның құрылысы жақсы болса, не-не күшті дауылға да төтеп бере алады, «Пилигрим» де осы сияқты берік кемелердің бірі еді.
Көлбеу гротты жел жұлып әкеткен соң бірнеше минуттан кейін, ішін тартып қайта соққан дауыл бром-кливердің парша-паршасын шығарды. Дик Сэнд тіптен стаксельді де қоя алмады, бұл бір жапырақ кенеп болса да, кемені басқару ісін недәуір оңайлататын еді.
«Пилигримнің» барлық желкені түсіріліп қойылды, сонда да болса жел екпіні кеменің корпусына соғып, пәрменімен сырғытып айдай берді. Кейде толқыннан жоғары көтеріліп, табаны суға тиер-тимес сырғып бара жатқан тәрізденді.
Тау-тау толқындар кемені қақпақылдап әкетті.
Мұның үстіне толқынның кемені артынан дүре соғу қаупі төнді, себебі, жүйткіген толқын «Пилигримнен» әлдеқайда шапшаң еді. Арттан екінші толқын қуып жеткен кезде, кеменің кормосы тез көтеріліп толқын жалына іліне алмай қалса, толқынның астында қалып, кеменің суға батуы мүмкін. Дауылдан қашқан кемеге ең қауіпті жағдай осы.
Бұл қауіппен қалай күресу керек? «Пилигримнің» жүрісін тездетуге де мүмкіндік жоқ, өйткені оның барлық желкені алынып қойылған. Ендігі қолданар жалғыз-ақ амал,— рульдің күшімен кеменің тұмсығын толқынға қарсы ұстау, бірақ кеме рульге бағынбай, өз бетімен лағып кете берді.
Дик Сэнд штурвалдан аттап та шыққан жоқ. Ол кездейсоқ бірер долы толқын теңізге жұлып әкетер деп қауіптеніп, өзін өзі арқанмен байлап қойды. Сол сияқты Том мен Бат та өздерін-өздері байлап, жас капитанға жәрдем ету үшін қасыңда әзір тұрды. Геркулес пен Актеон битенгіге59 жабысып тұмсықтағы вахтада болды.