Knigionline.co » Казахские книги » Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн

  • Название:
    Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
  • Автор:
  • Жанр:
  • Язык:
    Казахский
  • Страниц:
    173
  • Рейтинг:
    5 (1 голос)
  • Ваша оценка:
Книга «Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги

Алып өзінің салмақты қолын кеме аспазының иығынан қалған соң, Негоро еңсесін тік көтерді. Геркулестің жанынан өтіп бара жатып:

— Тоқтай тұр, қарғыс атқан негр, сен бұл қылығың үшін сазайыңды тартарсың,— деп күңкілдеді.

Компастың тілі бірден төрт румбаға барып тоқтапты, жел ыңғайы өзгерген екен,— деп ойлады Дик Сэнд компасқа қарап. Теңіз бетінде желдің бұл сияқты қапыл өзгеруіне жасөспірім ғажап қалды.

Кеме бұрынғы бағытына қайта түсті, бірақ толқын кеменің арт жағынан соғудың орнына, енді сол жақ бортын қиғаштай соқты. Бұл жағдай аса қауіпті еді, сондықтан Дик Сэнд кеме бағытын төрт румба өзгертуге мәжбүр болды.

Қатерлі ой жас капитанның мазасын алды. Негороның бүгінгі абайсыз жығылуы, алдыңғы компастың сынуына байланысты емес пе, мұнда біріне бірі ұштасып жатқан бірер жасырын сыр жоқ па екен, деп сұрады ол өзінен өзі. Кеме аспазы кормоға неге барды? Мүмкін, ол екінші компастың да істен шығуына тілектес болар? Компас біткен істен шыққанда, оған түсері не? Дик Сэнд бұл жұмбаққа түсіне алмай-ақ қойды. Негоро американ жағалауына тезірек жетуді басқалардан кем тілемесе керек. Дик Сэнд болған уақиғаны миссис Уэлдонға айтқанда, ол да Негороға сенбейтінін, алайда навигация приборларын сол бұзды дегенге ешқандай негіз жоқтығын айтты.

Дик Сэнд, Негороны өнебойы бақылап жүру керек деп ұйғарды. Ол бұған да қанағат етпей, Дингоны кормаға орналастырды. Кеме аспазының иттен аулақ жүретінін Дик білетін-ді. Бірақ Негоро өзінің кеме кормасына баруына капитанның тыйым салғанын есіне сақтап, енді қайтып кормоға бармайтын болды және оның енді ол жерде жұмысы да жоқ-ты.

Құйынды дауыл бұрынғысынша ұдайы бір жеті кәрлене зіркілдеумен болды. Барометр әлі төмендеуде. Марттың он төртінен жиырма алтысына дейін бір минут тынбай соққан күшті желдің алдына түсіп, желкен көтеруге мүмкіндігі болмаған кеме алға қарай ытқи берді.

«Пилигрим» тәулігіне екі жүз миль шамасы тездікпен солтүстік-шығысқа қарай тартып келеді. Жер әлі көрінер емес. Бұлардың жетеміз деп бет алған жері—американ континенті — Тынық мұхит пен Атлант мұхитының аралығында жүз жиырма градусқа шамалас созылып жатқан бөгет — барьер.

Дик Сэнд өзінен өзі, мен осы есімнен танбадым да, әлде есептен жаңылып оңбағандай бірер қате болмады ма, соның нәтижесінде «Пилигрим» көп күндер теріс бағытпен ақпады ма, деп сұрады. Жоқ, ол оншалықты қателеспеуі керек. Аспанды бұлт басқанымен, күн өнебойы кеменің алдыңғы жағынан шығып, арт жағынан батып отырды. Олай болса, кеме соғылып қирайды деп қорқып жүрген жер қайда? Мұнда болмағанда, ол Америка қайда құрып кетті? Мына сияқты қиыр-шиыр жүрістің үстінде «Пилигрим» Оңтүстік немесе Солтүстік Америкаға жетуі керек еді ғой. Осы үрейлі сұрапыл дауылдың кезінде нендей уақиғалар болып өтті? Жетеміз деп үміттенген жағалау, кеменің не бақытына, немесе сорына болса да бұлардың алдынан әлі күнге көрінбеуіне нендей жағдай болды! Әлде компастың көрсетуі теріс деп шамалау керек пе? Бірінші компас бұзылып істен шыққан соң, қалған жалғыз компасты салыстырып тексерерлік Диктің мүмкіндігі болған жоқ! Бұл жорамалдың бәрі Диктің көңіліне берік орнады, өйткені бұл жағдай жер шарының тұтас бір континенті үшті-күйді жоғалып кетуіне байланысты.

Дик Сэнд штурвалдан қолы босаған кездерде, аса зер салып картаны тексерумен болды. Қаншама ақтарса да, оған карта ешқандай түсінік бере алмады.

Марттың жиырма алтысы күні ертеңгі сағат сегіздің шамасында аса маңызды бір уақиға болды.

Геркулес вахтада тұр еді, ол кенет:

— Жер! Жер! —деп айқайлап жіберді.

Дик Сэнд ентелей басып тұмсыққа қарай жүгірді. Геркулес теңізші емес. Мүмкін, оның көзі алданған болар!

— Жер қайда? —деп айқайлады жас капитан.

— Ана жақта!—деп жауап қатты Геркулес, көкжиектің солтүстік-шығыс жақ бөлегінде болар-болмас қарауытып көрінген нүктеге қарай қолын шошайтып.

Желдің уілі мен жалданған толқынның біріне бірі шарт-шарт соққан шалпылы арасынан Геркулестің даусы әрең естілді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий