Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Жас жігіттің адам айтқысыз жігері, құлақ естіп көз көрмеген қиындықтарға төтеп беріп, бәрін де жеңіп шықты. Оның беті жел қағып тотыққан, реңі бозарып жүдеген. Ол буыны әбден бекіп, бұғанасы қатып болмаған жас еді, оған бәрінен гөрі түнгі ұйқы ауырлау тисе керек. Диктің басынан кешірген осы қиыншылықтар, бір кезде денсаулығына зиянын да тигізетін болар. Бірақ қазір бұл сияқты жағдайлармен санасатын уақыт емес. Оның бүгін де бұрынғысындай жігерлі екенін миссис Уэлдон байқап қалды. Бала жігіттің ерлікке лайық, жігері қиыншылықтың бәріне де шыдады. Мұның үстіне өз әрекетіне берік сенді, ал сенім деген нәрсе күшке күш қосады.
— Шырағым, қымбатты капитаным менің! — деді миссис Уэлдон жас капитанға қолын созып.
— Ах, миссис Уэлдон, — деді күлімсіреп,— менің өтінішімді орындамай палубаға шығыпсыз ғой.
— И, сенің бұйрығыңды орындамадым,— деп мойындады миссис Уэлдон,— бірақ маған дауыл басылған сияқты көрінді.
— Шынында да, миссис Уэлдон, ауа райы түзеліп келеді,— деп жауап қатты жасөспірім.— Сіз қателескен жоқсыз. Кешеден бері барометрдің сынабы жоғарылап барады. Жел де басылайын деді, ал енді жағдайдың ең қиын жерін артқа салдық деп шамалаймын.
— Олай болса жақсы-ақ, болар еді-ау! Бірақ байғұс бала, көрмеген азабын қалмады ғой! Сен өзіңді өзің қалай ұстарыңды білемісің...
— Мен тек қана өз міндетімді атқардым ғой, миссис Уэлдон.
— Енді саған дем алу керек.
- Дем алу?! — деді жасөспірім бұл ұсынысқа қарсы болып.— Мен дем алуға мұқтаж емеспін, миссис Уэлдон. Мен өзімді өте тың деп білемін және бұл сапардың ақырына дейін шыдаймын деген сенімім мол. Сіз мені «Пилигримнің» капитаны етіп белгіледіңіз, мен бұл атақты «Пилигрим» жолаушылары қашан қауіпсіз жағдайға жеткенше сақтауға міндеттімін!
— Дик,— деді миссис Уэлдон,— сенің істеген қызметіңді мен де, менің күйеуім де — екеуміз де ұмытпаймыз!
— Ол не дегеніңіз... миссис Уэлдон! — деп күбірледі бала жігіт.
— Балам, қайталап айтамын, сен өзіңді өзің кәдімгі ересек адамша ұстай білдің. Сен білімді кеме командиріне лайық екеніңді көрсеттің. Оқуыңды бітірген соң, ұзамай Джемс Уэлдонның кемелерінің біріне капитан боласың.
— Мен... мен...— дей беріп еді, Диктің көзі жасаурап қоя берді.
— Дик,— деп миссис Уэлдон сөзін жалғастыра берді,— сен маған бала болдың! Сен менің, өзіңнің інің Джектің де құтқарушысысың! Қымбатты Дик, бері келші, бетіннен сүйейін!
Жас әйел өзінің толқыған көңілін тоқтатып тұра алмады. Жасөспірімді құшақтап бетінен сүйгенде, жүрегі аузына тығылып көзіне жас іркілді. Ал Дикті толқытқан сезімнің қаншалықты күшті болғанын айтпаса да белгілі.
Бұл әңгімеден кейін Дикке жаңадан күш қосылғандай болды. Кемені қауіпсіз портқа жеткізіп, жолаушыларды қатерден құтқарып қала алатынына күманданбады. Тек қана соғып тұрған дауылдың күші ең болмаса желкен көтеруге боларлықтай бәсеңдесе екен!
29 март күні жел бәсеңдеген үстіне бәсеңси түсті. Дик грот пен фокты көтеруге ұйғарды.
— Достарым,— деді ол матростарға қарап, сол күні таңертең палубаға шығып,— маған сіздердің жәрдеміңіз керек.
— Қызметіңізге әзірміз, капитан Сэнд,— деді Том қарт бәрі үшін жауап қайырып.
— Бізге сеніңіз,— деп Геркулес те үстеп қойды,— дауыл соққан кезде істейтін жұмыс болмай, қолымызды қусырып қарап отырдық қой, мен тотыға бастадым.
— Сен үлкен аузыңды керіп, желкенді үрлесең болар еді,—деді кішкентай Джек.— Сенің үрлегенің соққан желден кем болмас деймін.
— Джек, мұның табылған ақыл, қандай тамаша! — деп күлді Дик Сэнд.— Штиль бола қалса, желкенді желге кернете гөр деп Геркулеске жалынармыз.
— Тек қана бұйырып көріңіз,— деді алып, екі ұртын Борейше61 желге толтырып.
— Достарым,— деді Дик Сэнд,— біз жұмысты жел жұлып әкеткен гроттың орнына жаңа грот орнатудан бастаймыз. Бұл оңай жұмыс емес, бірақ істеу керек.
— Істейміз,— деп жауап қатты Актеон..