Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Геркулес арқан тартқанда қара күшке салмай, жайлап тартатын болды, сондықтан ешнәрсені үзіп бүлдірген жоқ.
Қазір «Пилигрим» бар желкенін түгел көтеріп, заулап келеді.
Диктің лисельді47 де көтеруге мүмкіндігі бар-ды, бірақ бұл жағдайда оны көтерудің қиын екенін есепке алмағанның өзінде, дауыл бола қалса, оны тез жинап алу аса қиын болар еді. Сондықтан жас капитан көтерілген желкендермен қанағат етуге ұйғарды.
Томды штурвалдан босатты да Дик өз орнына барып тұрды.
Желге жан ене бастады. «Пилигрим» оң жағына таман қисая түсіп, мұхит бетімен сырғи жөнелді. Оның артқа тастап бара жатқан жалпақ ізі, кеменің сапалы жүрісіне куә еді.
— Міне, біз енді дұрыс бағытқа түстік, миссис Уэлдон,— деді Дик Сэнд.— Тек қана ыңғайымыздан соққан жел айни көрмесін деп тілейік!
Миссис Уэлдон жасөспірімнің қолын алып қатты қысты. Соңғы сағаттардағы жан түршігерлік уақиғаның уайым-қайғысына өзінің шаршағандығы қабаттасып қиналғанын сезе қойды да, өз каютасына келіп, есеңгіреген кісіше, төсегіне барып құлай кетті.
Кеменің жаңа командасы палубада болды. Матрос негрлер жұмыстың нендей түрі болса да орындау үшін, Диктің бір ауыз сөзін күтіп, кеме тұмсығындағы вахтада тұрды. Бірақ әзірге желдің күші бәсеңсіп немесе басқа жаққа ауыса қоятын нышаны жоқ, сондықтан команданың істей қоятын жұмысы да жоқ-ты.
Бенедикт ағай өз жұмысымен аса шұғылдануда еді. Ол тіміскілеп жүріп «Пилигрим» бортынан тапқан бір жәндігін лупамен қарап зерттеп жатқан. Бұнысы тік қанатты әшейін бір шіркей; басы ішіне кіріп кеткен, мұрты тарам-тарам ұзын, алдыңғы қанаты жарғақ тәрізді, бірақ қанат қабығына айналған.
Бұл олжа Бенедикт ағайдың талайына қарай, камбуздан табылған-ды. Үсті-басы шаң-тозаңға былғанып жарық біткенді сығалап жүрген ғалымға Негороның ашуы келіп, аса бағалы жәндікті тапап тастағалы аяғын апара бергенде ғана Бенедикт ағай әлгі жәндікке жармаса кеткен. Оның ашуланғанын кеме аспазы елеген де жоқ.
Капитан Гуль мен бес матростың жолақжон китті аулауға кетіп, сәтсіздікке ұшырағанын, оның соңында нендей уақиғалар болғанын Бенедикт ағай білді ме? Әрине, білді. Білгені сол, «Пилигрим» қырғын болған жерге жетіп, қираған қайықтың сынық тақтайлары су бетінде қалқып жүрген кезде Бенедикт ағай палубада тұрған. Демек, кеменің экипажы оның көз алдында қаза тапты деген сөз.
Бұл қайғылы уақиғаға Бенедикт ағай қынжылмады десек, оны мейрімсіз деп айыптаған болар едік. Бейшара аңшыларды оның аяғандығы жөнінде күмандануға болмайды. Ол немере қарындасы миссис Уэлдонның ауыр халде қалғандығын да ойлап қынжылды. Тіптен ол миссис Уэлдонға келіп: «Қорықпа! Сендердің қасыңда мен бар емеспін бе? Мен тұрғанда сізге келер бәле жоқ!» деп еді.
Сосын өзінің каютасына кіріп кеткен. Бәлки, бұл қайғылы уақиғаның ақыры немен тынарын болжағалы, шешуші әрекеттің жобасын белгілеуді оңаша отырып кеңінен ойланғысы келген болар.
Бірақ жолда келе жатып, жоғарыда айтылып өткен тарақанға тап болып, сол жәндік оның бүкіл ой-пікірін бүтіндей өзіне тартып алған. Көз ашып жұмғанша болмай, дүниеде «Пилигрим» атты кеме, оны Гуль деген капитан басқарғанын, ол бейшараның бүкіл экипажымен бірге қаза тапқанын Бенедикт ағай есінен шығарды. Бұл жиіркеніш жәндікті сирек кездесетін алтын қоңыздай көрді де, әлгі тарақанмен әуре болып қала берді.
Алты адамның басын жұтқан жан түршігерлік апат жолаушылардың есінен кетпестей уақиға еді, сонда да болса борттағы тұрмыс бұрынғы қалпына қайта түсті.
Дик Сэнд алғашқы күндері күллі жұмысты бір өзі атқарып, жан-жаққа жарылғандай болды. Кемені толық тәртіпке келтіріп, күтпеген кездейсоқ жағдайларға қарсы әзір тұрарлық шараларды қарастырды. Негр матростар жас капитанның әрбір ишара еткен бұйрығын қалт жібермей орындап тұрды. Кешке таман «Пилигрим» бортында көрнекті тәртіп орнады. Бұған қарағанда күллі іс бұдан былай да оңға басады деп сенуге боларлық еді.