Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов
-
Название:Акбилек / Ақбілек
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:119
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.
Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги
БІРІНШІ БӨЛІМ
Өскеменнің ар жағында, Бұқтарманың оң жағында әлемге аян Алтай бар.
Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күр-күр еткен Күршім бар.
Алтай Күршім не заманнан қалың Найман мекені. Сол Алтаймен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал, күн жылт етсе төрт түлік мал қарағайлы Қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны.
Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған, ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі — алтай жазы тау еркесі — киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалына сайран етіп жатқаны. Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау құт сорғалап, көнек-көнек лықылдайды; қара саба емізіктеп, қою, салқын, сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл хор қызын құшқандай боп, бегі шиқан дуылдайды; ауызы қобыз гуілдейді; мас болады, жас болады; жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүрсілдетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс асыр салып жатқаны.
Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Алтын, күміс, — Алтай кені; алтын сырға алты қарыс алып түсіп құлақтарын, жүзі Алтайдың айындай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы Қопа талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күлбіресіп, көлеңдесіп, езу тартса есің кетіп, сұңқыл қақса, шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қиян кезеді.
Кеп онда емес-ау, жарандар! Бері қараңдар, құлағың сал! Тыңдаушылар анталаса, кеп құрайын бір тамаша. Ертегі емес, ертеде емес, ұзын да емес, келте де емес, қарапайым қара сөзбен бір әңгіме шертейін. Қысыр сөзді қысқартайын, әңгімеме жол тартайын. Өлең сөзге олақ едім, күйлі емес деп қомсынбаңдар.
Сол Алтайдың бөктерінде жам жолменен жандамайлап, ала ат мінген жалғыз адам келе жатыр бейсауат. Көтегейті Күршім жақ, бет алысы — Қара-екем шаты. Қара-екем шаты қамау жартас, дәл аясы шұңқыр көгал, бір ауызды, тар ауызды. Шұңғыл шатын, мейірімді Алтай түсі қашып, түнде жорытқан жорықшыға соққан ғой. Ажал түрткен мал болмаса, мал алдырған жан болмаса, терең шатқа кім барған?
Ала ат мінген терең шаттың дәл ауызына таянғанда, алақ-жұлақ қаранды да тоқтады. Тар ауызда тас тасалап, сүр шекпенді, бес атарлы біреу жатыр, бас бағып. Әлгі шекпен ала аттыны көре сала, ақ орамал көтерді, ала ат мінген оны көріп, ақ тымағын кетерді. Сүйтті-дағы ала ат мінген қабтағаймен ат жетектеп, асып кетті әрі қарай.
Марқакөлде майға бөккен мал мен ел, тау ызғары жамбасынан өткен соң, етектегі қыстауына еңбектесіп түскен шақ.
Мамырбайдың малайлары қора жамап, пешін қалап, үйін сылап болған ед. Мамырбайдың бәйбішесі маң-маң басып, малайларға киіз үйін қағып-сілкіп жинатқызып жүрген ед. Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі — жас түлегі, айы-күні – сұлу қызы, алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, былдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп, қызыл, жасыл көрпелерін қағып үйге әкелген ед. Қасындағы қыздарына қабақ шытып, қыңқыл етіп, даусы сыңқыл-сұңқыл етіп:
— Көзім тартып тұрғаны несі?— деп бір бұраңдап қойған ед...
— Жәй тартат та... Қуанарсың... Қай көзің?..
— Қуанар ем: сол көзім, — деді — бітті. Кім елеген ондайды? Алымсағын, шөбін жайлап, партияның қамын да ойлап, Мамекең де кешке жақын жолдасымен кеп түсті.
Тау бетінен андағайлап, жатағына мал келді. Бала у-шу, малай қиқу, мал маңырап, ит жаң-жұң. Ауыл түтін, өзен күріл. Сарғылт таңдақ. Жел де қоңыр, қызыл іңір. Малын жайлап, шәйі қайнап, ел де орынға отырды.