Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов
-
Название:Акбилек / Ақбілек
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:119
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.
Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Елге келген соң, атқа мініп, партияның сөзіне араласып, жаңа бір қызметке ниет қып жүргенімде, соғыс болды да, оның артынан төңкеріс килікті. Ақтар қашып, қызылдар келіп, қала-қалаға орнады. Балшабай деген бар, кедейдің пайдасын сөйлейді, балшабайға жазылған кісіні ауылнай қылады, болыс қояды, қолына мылтық береді, «панимаш» мылтық береді, байдың малын, артық қатынын, жерін кедейге тартып әпереді... деген лақаптар шыққан соң, жатсам ұйқым, тұрсам күлкім келмеді. Мен де балшабайға жазылып, мылтық алсам деп, ойладым да жүрдім. Ойға алғанын істемеген жігіт, жігіт пе? «Біреу қазақ жақсы деді, біреу орыс жақсы деді: шорт — пібри деп шоқындым да кеттім»,— деп бір шоқыншақ айтқан екен. Сол айтқандайын, неде болса, тәуекел, мұны да бір байқайын, кім біледі, мен де бірдемеге жарап кетермін деп, бардым да яшейкеге жазылып, бесатарды мойынға салып шыға келдім.
Елге келе лау мініп, қой сойғызып, жүрегін шайып алуға, кейде басынан асыра мылтық атып, қызметке кірісе бастадым. Қазынаның мүлкін, ақтардан қалған қару-жарақ іздеп, қырындаған кісілерімнің үйін тінтіп, қорқытып, көр-жерлерін алып, пайда-пақыршылық істей бастадым. Ел мені «Шоқынып кетті» деп кірпідей жиырылды. Әуелі, өз ағайындарым да маған осқырып, үрейленіп қарайтын болды. Менен жұрт сескенейін деді. Мен келе жатқанда, қызыл көзді пәле келе жатқандай атын, дүниесін тыққыштап, өп-өтірік жалпақтауды шығарды. Елі құрғырлардың аузын бассаң, арғы сөйлеп тұрады ғой. Әсіресе, осы мұғалімі бар болғырлар, пәле болды. Мені елден пара алды, дүние тартып әкетті... пәлен-түген қылды деп, қаладағы оқыған азаматтарға даттап қойыпты. Сайлау кезінде болыс болайын деп тұрған кезімде, менің үстімнен жазылған қағаздарды жинап, Мамырбайдың баласы кеңсеге тапсырыпты. Мені бұзақы адам деп, сөйтіп болыстыққа сайламай қойғаны. Әй, атаңның аузын... Мамырбайдың, ұлы-ай! Тірі болсам, бір қылармын! – деп кете бердім. Мылтықтан айырылдым.
Елге келген соң, ауыл-ауылдан мал, киіз, төсек-орын, ыдыс-сайман алып жүрген ақтардың адамына жолығып, іш пікірім ішімде, соларға кісі болдым. Олар маған жақсы қыз тауып бер деді. Ойыма Мамырбайдың Ақбілегі сап ете түсті. Атасының қылғанын алдына келтіретін маған да күн туды. Өмірі байдан, күштіден қорлық-зорлық көріп келдім. Әлі солардан көріп отырмын. Енді оларды мен несіне аяйын. Арманыма жетсем — жеттім, жетпесем, жаман адам атанып кеткенім дағы...
Алыс-жұлыс, ауыр күйік, аттың соққысымен Ақбілектің сілесі қатып, аттан түсіргенде, өлген адамша сылқ ете түскен.
Ақбілек есі кіріп, көзін ашса, алты сырықтың басын бүріп, киіз жапқан, кішкене қоста, өңшең серейген, бырқыраған, жат киімді, жат түрлі орыстардың ішінде жатыр. Оң қолын Ақбілектің үстіне артып, қақ қасында бетінен түгі шыққан, шашы дудыраған, істік мұрын, жирен орыс жатыр. Оның бейнеусіз аңқиған, жарық ерінді, дүрдек аузынан шыққан демі Ақбілектің бетіне тамұқ лебіндей тиіп, денесін тітіркендірді. Өңі, түсі екенін біле алмай, көзі алабұртып қостың ішін сипай сүзіп шықты да, түндегі оқиға есіне түскенде қайнап шыққан бұлақтың көзіндей, жасы мөлтілдеп, жылап ағып қоя берді. Саңғал киізден сығалаған аңғал шуақ Ақбілектің бетіне түсіп, жайраңдаса да, телегей аққан жасын құрғатуға септігі болған жоқ, жанын жанышқан қараңғылық қараңғы дүниені аңсатты. Әйтсе де, жарық сәуледен, көзін біржола жұмбай құтылмасына көзі жеткен соң, тым болмаса саусылдаған сары қолдың ішінен сытылып, даланы бір көргісі келді. Ақбілек үстінде жатқан ашалы, ауыр қолды ақырын сырғытып қойды да, сыбдырсыз басын көтеріп, жетқорқақ болған ботадай, аяғын аңдап басып, сығалап қарап, жапсарды ашып, тысқа шықты.