Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов
-
Название:Акбилек / Ақбілек
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:119
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.
Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги
ӘПЕСЕР
Мал-мүлкімді талады, кісімді өлтірді, қызымды алып кетті деп, бізді бұзық адам көріп, қазақтар жазғырады-ау. Дүниеде не боп жатқаннан хабарсыз, ауылынан адым жер шығып көрмеген, аң сықылды жайылған қазақ, біздің неғып мұндай күйге түскенімізді қайдан білсін?
Ата-анадан, туысқаннан, туған жерден кім безейін деп ойлайды? Еркін, қызық өмірді, жан тыныштықты кім жақсы көрмейді? Сұлу әйелдің от құшағын, тәтті лебізін кім аңсамайды? Адам тілегенін істеуге ерікті болса, тұрмысы осындай болар ма еді? Біреу ырысты, біреу сорлы болар ма еді? Адамда ерік жоқ. Адам лажсыз елінің тілегіне бағынады. Дүниеде тағдыр бар, лажсыз өмірге қону бар: тағдырда бостандық, еркіндік деген жоқ.
Тағдыр айдамаса, осынау Қытай шегіндегі Алтай тауына, қазақ арасына біз келер ме едік? Мен Тамбау губернесіндегі бай алпауыттың кіші баласы едім. Бабамыз Александр патшаның әскеріне қолбасы болып, түрік соғысында мақтау алған кісі екен. Әкеміз соғыс уәзірінде үлкен төре болып, мосқал тартқанда, Тамбаудағы ата қонысына келіп, егін салдырып, шаруа құрды. Мол жер, бақша-бау, салтанатты сарай, қос-қос арғымақ, солқылдақ арба, жүйрік ат, жүйрік тазы дегендер бізде болушы еді. Бір ағам үніберсітет бітіріп, атбекет болып, одан соңғы екеуміз әскер академиесін бітіріп, әпесер болып едік. Ағайынды төртеуміздің ішінде ажарсызы мен болсам да, ерлігіммен герман соғысында қол бастап, бір рет шен алдым. Патшамыз соғыс ашқанда, ел-жұрт, отанымызды қорғауға, біз соғысқа бардық. Отанды біз қорғамасақ, орыс күшті жұрт болмаса, осы надан қазақ күн көре алар ма еді? Орыс сияқты жері мол, қолтығы кең жұрттың қол астына қарағанына қазақ тәубе қылу керек қой. Анығында қазақ мемлекетке не пайда келтіріп отыр? Түндік басы жылына төрт сом алым төлегені болмаса, әскерге лау, азық бергені болмаса, бұларда не шығын бар? Тек қымызын ішіп, қарнын сипап, қатынына қарап, борбайын тыр-тыр қасығанды біледі. Патша қазақты қара жұмысқа алам дегенде, қандай қорқып, абыржып, қиратылып қалды. Қазақ солдаттан өлгенше қорқады. Баяғыда, қазақ орысқа қарағанда, қатын патша, қазақтан солдат алмаймын деп, қолхат беріпті-міс деп, талшық қылады. Тегінде, қазақтың солдат болудан қорыққаны бізге теріс те емес. Кім біледі, қолына қару берсе, орыс жұртына жау болып кетпесіне кімнің көзі жетеді? Онда ұлы Ресейдің жұрты кемиді, жері, елі азайып қалады. Қазақтың малы, елі, бұйымы басқа елдің пайдасына кетіп қалуы мүмкін. Әйтеуір қазақ өз алдына ел болып жатқан жоқ. Ендеше, орысқа бағынуы керек. Орысқа жақын арқа көзеу қыларлық қазаққа күшті жұрт жоқ. Қазақ орысқа жерімді алдың деп өкпелейтін шығар. Жер қазынанікі ғой, орыс өсіп жерге сыймай жатса, бос тұрған жерді алмай қайтеді? Қазақ жер кеп, баяғыдай көшіп-қонып, кең даланы шарлап жүре беремін деп ойлайды. Жер жүзінде жалғыз қазақ емес, өзге жұрт та бар ғой, оларға да тіршілік керек. Ендеше, артық жеріңді алғанға өкпелеме. Сен де егін сал, қала бол, сонда бәрімізге де жер жетеді. Мұны қазақ ұқпайды-ау.
Қазақ зәбірің тиеді деп бізді айыптайды. Зәуде қазақ әскер болып, қазақ әскері орыс елінің ішінде жатса, маңайына зәбірі тимес пе еді? Малын алмас, дүниесін таламас, қызын қатын, қатынды жетім қылмас па еді? Кешегі Жетісу майданында мұжық қалаларын алғанда, қазақ әскері қандай қылды. Бейуаз мұжықты қылышының жүзінен өткізбеді ме? Мүлкін талап, әйелін расуа қылмады ма? Баяғыда орысты үш жүз жылдай татар билеп тұрғанда, қазақ та соның ішінде, қандай қорлық көрсетпеп еді? Ордаға барған елшілерімізді тақтайға жаншып, үстінен билетіп, езгілеп өлтіріп еді. Қазекем сенің де жайың белгілі. Қолдарыңа түссе, шамаларың келсе, сендер де бізді аямайсыңдар. Бірақ шамаларың келмейді.