Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов
-
Название:Акбилек / Ақбілек
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:119
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.
Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым – Бекболат. Басымда барқытпен тыстаған қара елтірі жекей тымақ, үстімде орысшалау бенжек-шалбар. Березе сұр шапан, cap сапиянға қара ала жапқан күміс белбеу, аяғымда көнелеу қисық табаным бар. Белбеуімдегі жарғақ далбағайым, шашақты сары қында мүйіз сапты өткір кездігім, алдыңғы қапталдағы дабыл байлайтын ұзын қайыс шеттігім менің өнерсіз жігіт еместігіме айғақ болар.
Бұрын бір байдың, осы күні орта шарқы үйдің ортаншы баласымын, бұрын қой бес жүзге, жылқы екі жүзге, сиыр алпысқа, түйе жиырмаға шарпыған еді, осы күні сол малдың төрттен бірі де жоқ.
Әкеміз неше жылдай елубасы, ауылнай, би болған. Бір ауылнай елдің басты адамының бірі. Ағам отау болып, енші алып кетті. Інім Семейде оқуда. Шешеміз жылқы жылы құрт аурудан қайтыс болған соң, әкеміз бір кедейлеу адамның ақ құбаша, бауырсақ мұрын жаңа өспірім қызын беріп қойған жерінен он бес қараға бата бұзып алып еді, тоқал бұ күнде әкейдің мойнына мініп алды.
Жылдағы зекет, пітір, садақасын беріп, бізді оқытуға әкеміз таңқы мұрын, жылтыр қара Қожаны ұстап, сегіз жылдай, жаз үй артындағы қоста, қыс қонақ үйде теңселіп, қалғып-шұлғып, сабақ оқыдық. Тіл алмай, асқа, атқа өкпелеп, кісі боқтап, шалдуар боп, Қожадан таяқты талай жесем де, аяғында хат таныдым. Көршінің қатынымен Қожаның өсегі білінген соң, әкеміз шығарып жіберіп, содан кейін көзіміз ашылды.
Оннан асқан соң-ақ, қыдырған қолы бос жігіттердің боқ ауыздарын, былапыт әңгімесін тыңдап, он беске келген соң, қыз-келіншегі бар үйдің іргесін тырнап, жібін қиып, есігін қиратып, түн баласында дамыл көрмедік. Жолдастарға еріп, ойын-сауық қуып жүріп, қылжақты, өлеңді, домбыраны үйрендім. Еті тірі, жақсы жігіттерді еліктеп, насыбай, мылтық атуды, ит жүгіртіп, құс салуды үйрендім. Тұзды ет беріп, суға жығып, қашырып алып, талай құстан айырылсам да, аяғында құстың тілін білдім, па шіркін! Астында жарау бедеу, қолында қыран тұйғын, үстінде сымдай киім, өзек, өлкені сыпылдата кезіп, жарқ-жұрқ еткізіп, қаз, үйректі сыпыртып, кешке таман сұлу қызды ауылдың сыртына қонам деп, шіреніп келіп тұрар ма ең! Жалғанның қызығы сонда!
Әкем өз маңындағы елдің ұрлығын қымтап, зорлығына болысып, дауын даулап, жесірін жоқтап, шығынын реттеп, бірді-бірге соғып жатады. Атқа мініп кетеді; үйде болса, келген кісілермен оңашаланып сыбырласып жатқаны. Сүйтпесе ел билей алмайды-ау деп ойлаймын. Бірақ оған артық араласпаймын. Ағам мен екеуі тұрғанда, маған сөз не керек, өз ермегім өзімде. Бірақ олар мені әуейі боп кеттің деп, кейде жаратпайды, кейде мен құс алдырып, аң атып келгенде, мақтанып та қояды. Әйткенмен, ағайын дауына, ру намысына қызбай да жүрген жерім жоқ. Төбелес болса, жасаққа шығысамын. Қыз қашқан, қатын кеткен топтардан қалмаймын.
Әкем айттырған Жаманбаланың шотбақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың Ақбілегін елден тандап айттырып едім. Мал жанды соққан екен, малымды түгел алмай, есік көрсетпеймін деп, көнбей қойды. Бойжеткен қалыңдығым тұрғанда, қарап жатайын ба, жасырын барам деп, кісі жіберіп алып, «Өзі біледі» деген соң, бұ күн жолыққалы келе жатыр едім. Дулыға тастың бөктерінен жолымызды кесе қашқан ор қоянды өткізбеймін деп, бір талай ат қинап, алданып қалғанымыз. Әйтпесе, мана келетін кісі ғой.
Ауылға таяна бергенде шулаған иттің дауысын естіп, тұра қалып едік, бір мезетте «Апатайлаған!» Ақбілектің, одан мылтықтың дауысын, аттың дүбірін есіткен соң, дәтім шыдамай, не де болса, қолында өлейін деп қуып бердім. Қараңдаған екі аттыға жаңа жете бергенде, оң иығымнан оқ сап ете түскенде, көзім қарауытып, басым айналып кетті. Не болғанымды білмедім. Әй, жолдас шіркін сондай жерде керек қой! Аттарын тежеп, қорқып шаппады ғой. Әйтпесе түсіріп алатын кісі едік. Есіл жарым, екі көзің жәудіреп, орысқа қор боп кеттің-ау! Жұртым-ау, менде не жазық бар? Ақбілекті жіберіп қойғандарың ба? Кеудеде шыбындарың болса, неге қимылдамайсыңдар?