Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Түндегі айқай-сүрең, ала сапыранда Мұқаштың қолында — жетектеулі екі ат, ойында — аман құтылу, көзге түспеу ғана бар еді. Аттарды, нәрсені, қызды аман-есен орыстарға әкеліп, тапсырып, «Мукашке маладес!» дегізіп, ала кеуімде ауылына қайтып келе жатқанда, ойына әлденелер келді.

Мамырбайдың баласына егесіп, қарындасын орысқа шығарып беріп оп-оңай кек ала қоймақ еді, қызды алам деп жүргенде, бұл иттер шешесін атып өлтіріпті, мұның арғы үлкен сүреңге шаппасын кім біледі?.. Қуғыншылардан да кісі өлген болу керек. Бұл шіркіндер жүрген жерін қызыл-жосын қылмай кетпейді. Кім біледі, түндегі оққа ұшқан әлде өз ағайындарының, өз тілеулестерінің бірі ме? Елді осынша қырғынға ұшыратқан Мұқаш неткен қанішер? Япыр-ау, мен қазақпын ба? Қазақ болсам, өз қаныма неден мұнша өшіктім? Өзгем өзге ғой «Ағатайлап» жалынып, қолын созып келе жатқан Ақбілектің білегін көкке созғызып, жүйкесін құртып, орыстарға ұстап бердім-ау! Ағасы болмаса, бұ қызда не жазық бар еді?.. Тегі, мен өлерімді білмейтін, ақымақ шығармын. Әйтпесе, елді осынша шапқыншылыққа ұшыратып, осынша қан қақсатып, зарлатып, қарғыс алып, жексұрын болғанда, қайда сиям, қалай тіршілік етем деп ойладым екен. Осының бәрін істетіп жүрген мен екенімді білсе, – білмей тұрар ма, — ел мені тірі қойғаны ма?.. Қой мен жынданған екенмін, мені сайтан азғырған екен... Бірақ енді істі түзетуге бола ма? Болмайды: шынымды айтсам да, басымнан асып кетті; елдің менен жауыз дұшпаны, арам сүт емген арамза ұлы болуы мүмкін емес...

Енді бұл беттен қайтуға өткел жоқ, дауа жоқ... Осы кеткені кеткен... Шынында, байларға не обал бар? Олар елді жемей жүр ме? Бай неліктен бай болады? Малайдың арқасы, елдің арқасы ғой, олардың құтыратыны, төрт түлік малын малшы бақпасыншы, шөбін малай шаппасыншы, отын жақпасыншы, құдығын аршымасыншы, қорасын қаламасыншы — көрейін байдың бай болғанын. Асқанға тосқан деп, сәбет өкіметі байлардың пейіліне бола келген бір тосу ғой. Кім біледі, мені де байларға құдай жұмсап тұрған шығар... Мен болмасам да, осынау ез етін өзі жегелі жатқан ақтың білеуіттері елді тыныш қояр ма еді? Мен болмасам да, ағайынға өкпелеген бір қазақ кек алам деп, орысқа шаппас па еді? Сөз жоқ, ондай біреу табыла кетер еді? Әрине, мұндай жұмыс екінің бірі, егіздің сыңары, жалпылама адамның қолынан келмес, бірақ мендей біреу табылуы хақ... Талай әскер шауып кетті. Талай қазақтар елге ұлық боп келіп, алып та, жеп те жүр. Соларға ел не қыла алды? Түк қылған жоқ... Өзім коменес, қолымда мылтық. Он кісіге алдырмаймын; мылтық ату әдісін орыстардан үйреніп, мерген боп алдым... Күндіз сақ жүрермін. Түнде жұмысымды бітірермін... Мен несіне қорқамын? Қорқарым бар, бұл іске әуелде кірмеуім керек еді. Кісілік іздеу, жашикеге бару, мылтық алу керек емес еді... Жоқ, өлім біреу, неде болса құдайға тапсырдым. Енді менің, елге кішірейуім – өлім, жігіттігіме кемшілік... Мені жұрт өткір, қайсар, ер жігіт деп ойлап жүр. Сол аттан айырылмауым керек...

Осындай ойлармен Мұқаш ауылына таянды. Ауылы үлкен таудың күнгей бетіндегі, ойпаңдағы — төрт-бес тас қора. Ол қоралар өзімен немере-шөберелес ағайындардікі, осы ауылдың бас көтерері Мұқаш, ақсақалы Тезекбай молда.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий