Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сабан төсеулі балшық сәкінің ернеуінде жаулығын шалқайтып қойып, Алтынай көйлекшең дәрет алып отырып, мұрнын қатты-қатты сіңбіре берді. Қызыл алақандары қошқар мүйізденіп кестеленген, әлдеқашанғы жыртылған ақ орамалына беті-қолын сүртіп жатыр:

— Бүк түсіп жата қалғаны несі! Атыңды қайтушы ең? — деп тоңқ етті.

Мұқаш басын көтерместен:

— Түске таман жібере сал! — деді.

Алтынай байына оқты көзімен бір қарап:

— Тұрып ыстық суынды ішпеуші ме ең?— деді.

Мұқаш:

— Жоқ,— деп басын бір қымтай түсті. Сонымен сөз бітті. Түн баласында Мұқаштың жойылып кетіп жүргені бір бұ күн емес, үйреншікті әдет тәрізденіп, Алтынайдың өршеленбейтіні сол еді. Кішкене баласымен екеуден екеуі бір қорада жалғыз жату алғашқы кезде қорқынышты көрінсе де, жүре-жүре оған да еті үйреніп кеткен. Кімге жалынсын, кімге сенсін?

Алтынай малын сауады, өргізеді, көздейді, байлайды, отынын тереді, отын жағады, суын әкеледі, күлін шығарады, тамағын істейді, киімін өзі тігеді, үйін жияды, сыпырады, қорасын тазалайды. Мұның бәрі оған құдайдың бұйырған жұмысы тәрізді. Жұмысым ауыр болды-ау, жаныма батты-ау,— деп, ол қабағын шытпайды. Көзін тырнап ашқаннан, ұйқыға барғанша, күйбеңдеп, не қолында, не аяғында бір дамыл бола ма екен?.. Жо-жо-жоқ. Жұмыстан қалт етіп, қолы босаса, есік алдына шықса, ауыл үйді қыдырса, болмаса абысын-ажындарымен әңгімелессе, қолынан ұршығы түспейді. Алтынайға тамағы тоқ, көйлегі бүтін болса болғаны, онан өзгені іздемейді. Үй міндеті әйелде, түз міндеті байында. Бұл құдайдың бұйрығы.

Бұрынғыдай емес, әсіресе, Алтынай тұрмысына енді ырза. Ырза болмай не ғыпты? Байы атқа мініп, кісі болды. Кісі болғалы, үйі үй болып келеді. Өмірі бітпеген қара ала сырмақ та, ақ киіз де төр алдына пайда болды. Бұрынғыдай емес, Алтынай жымың қағып, көкала абдыраның аузын көбірек аша беретін күйге ұшырады. Алтынайға ақ бәтес көйлек, жасыл жеңсіз де пайда бола бастады. Алтынай абысындарына мақтанып та қояды. Өйткені ол енді «Ұлықтың» қатыны ғой.

Бұрын бұйығы, жаман Алтынайдың енді тілі де шығуға айналды. Қатындар: «Күйеуің қайда кеткен?» – десе, «Қызметпен болыс ауылына кетті» немесе «Ауылнай шақыртқан екен» деп, тұмсығын көтеріңкіреп, ернін бір жымырып қоятынды шығарды. Әлде біреу кісідегі ала алмай жүрген ақысын, не қорлық көріп жүрген, ұзатқан қызын сөз қылса, Алтынай көлденеңнен қыстырылып: «Оныңды біздің әлгіге неге айтпайсың?» деп қоятын болды. Алтынай аузына енді «Әлгі» көбірек түседі, өйткені оның қолынан келмейтін іс бар деп білмейді.

Байын сондай көріп жүрген Алтынайдың бүгінгі мінезінің тіпті дәмі жоқ қой. Бәсе деймін-ау! Жоқ, Алтынайдың өзінше дәмі әбден бар. Алтынайға құдайдың берген бір мінезі: анда-санда кілтің етіп, кекжиіп қалатын, ар жағында, пәлендей зілді өкпесі болмаса да, күйеуіне іші ырза болса да, бержағы, сырты өп-өтірік. Қыртыңдаған, наразы кісімсіп, сыр бермейтін. Сонысы ма, немесе өзі Алтынайлығын, жан екендігін, Медеудің анасы екендігін көрсеткісі келді ме, әйтпесе «әлгі» тысқа шығып келгенде, қанжығасының құр қайтқанына көңілі толмады ма, әйел шіркіннің қай бұлтақ-сұлтағы екенін кім біледі, қалайда күйеуіне бір тарс ете түсуді өзінше дұрыс көрді.

Дәрет алғаны болмаса, Алтынай намаз оқыған жоқ, байына еліктейді дейсіздер ме? Жоға... оқымайтын бір реті келген де. Намаз оқығанда да, Алтынайлардың аузын жыбырлатып, жығылып, тұрып жатқанда, не айтып не қоятынын бір құдай білмесе, пенденің көзі не жетсін? Алтынай төсегінің аяқ жағына отырып, мәсісін киіп жатып, күндегі әдетінше шұлығындағы тесікке сұқ қолын тағы бір батырды. Осы түскірден қашан құтылар екен? Ұлықтың қатыны басымен бақайы жылтылдап жүрген несі жақсы дейсің? Бірақ «әлгі» тірі болса, бүтінделер деген ой келді де, тезірек орнынан тұрды, өйткені сиырын саууға асықты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий