Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

ТЕКТІК САРЫН

Орыс тілінен аударған Дидахмет Әшімханұлы

(повесть)

ЖАБАЙЫ ӨМІРГЕ ОРАЛУ

Қажаумен кезбе түйсік тым ежелгі,

Бұғауын дәуір, дағды үзе берді.

Жабайы аң қатты ұйқыдан көзін ашып,

Кісенін сілкіп тағы түрегелді.

Бэк газет оқымайтындықтан бір өз басына ғана емес, Пюджеттен Сан-Диего шығанағына дейінгі бүкіл сүйекті де сіңірлі, жүндес ит атаулыға төніп келе жатқан қауіпті аңдаған жоқ. Мұның бәрі поляр түнегіне түртпектеніп өткен біреулер сары металға кезігіп, сол олжаны көлік-кеме компаниялары дабырлатып жер-жаһанға жайған соң мыңдаған адамның Сібірге қарай лап қойған сәтінен басталған-ды. Ол адамдарға ауыр жұмысқа жарайтын мығым, өздерін аяздан сақтайтын қалың да сабалақ жүнді, ірі тұрпатты иттер қажет-тін.

Бэк күнгей Санта-Клара алқабындағы үлкен үйде мекендейтін. Жұрт бұл орынды "судья Миллердің үй-жайы" деп атайды. Бұл өзі жол аузынан сырттау, жартылай ағаш тасасында тұрған үй еді, тек бұта арасынан баспанаға жағалай, жапсарлата салған кең де, саялы дәліз ғана көрініп тұрады. Үйге қарай қиыршықтастан төселген жіңішке жол бар. Ол бұтақтары ию-қию бытысқан сымбатты теректер түбіндегі көк шалғынды қақ жара өтеді.

Үй сыртындағы жер тіптен кең. Онда қаптаған ат қараушылар мен олардың көмекшілері күйбеңдеп жүретін кең жылқы қоралары тұр, қызметшілерге арналған жабайы жүзім саясындағы іркес-тіркес үйшіктер мен жүйелі салынған өзге де аула құрылысы көп. Ал бұлардан әріректе көкмайса жайылым, жүзімдіктер, жеміс-жидек, бау-бақша көз тартады. Мұнда терең құдықтан су тартатын қондырғы мен судьяның ұлдары әр таңда, күн ыстықта тіпті түсте де шомыла беретін таспен цементпен шегенделген жүзу әуізі де бар.

Осынау атшаптырым иеліктің бәрі Бэктің құзырында болатын. Ол осында туған, өз өмірінің барлық төрт жылын осында өткізген. Әрине, мұнда басқа да иттер бар еді. Мынандай — аса кең орында олардың болмауы мүмкін емес-тін, бірақ ондайлар есепке кіре бермейді. Пайда болуынан жоғалуы тез, тар күркелерде жатады немесе үй түкпірінен ұзамайтын анау жапон мопсигі Туте секілді бар-жоғы белгісіз бірдеңелер, яки жүн атаулыдан жұрдай, тып-тықыр мына Мексика иті Изабель сияқты тұмсығын таза ауаға анда-санда ғана шығарып, бақ пен аулада сирек төбе көрсететін қолапайсыз бір тіршілік иелері. Оның үстіне бұл үйде жиырмадан кем түспейтін тұтас фокстерьерлер тобы бар, -олар да еден жуатын құрал-жабдықтарымен қаруланған әйелдердің тасасында тұрып терезе ішінен бой қылтитатын Туте пен Изабельге ызалана ырылдайды.

Бірақ Бэк үйкүшіктер тобына да, аула төбеттері қатарына да жатпайтын. Барлық үй-жай өз қарауында болатын. Әуізде де жүзетін, судьяның ұлдарымен аңға да шығатын. Қожайынның қыздары Молли мен Алисаны ымыртта немесе таң ертесімен серуенге шыққан кездерінде қарауылдап жүретін. Қысқы кештерде кітапханада алаулай жанған камин қасында отыратын судьяның аяғы астында жатады. Оның немерелерін арқасына мінгізеді немесе көкшалғында солармен бірге асыр салып ойнайды, олар батыл түрде алды-артына қарамай аула түкпіріндегі фонтанға дейін, тіпті, одан да арғы жайылым мен бау-бақша басталатын аулаққа шығып кеткен жағдайда күзетіп жүреді. Ол судья Миллердің үй-жайы аумағындағы екі аяқты тұрғындарды қоса есептегенде, жүгірген де ұшқан, өрмелеген жан иелерінің бәрінің үстінен қарайтын билеуші падишаһ болғандықтан да әлгі фокстерьерлер тұсынан кеуде керіп өтер еді, ал Туте пен Изабельді көзге де ілмейтін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий