Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон
-
Название:Родовой мотив / Тектік сарын
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:54
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...
Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ал өзімен бірге жегілген серіктері қайда? Олар қай жерге орналасты екен? Бэк маңайына тінтіне ұзақ қараған. Бірақ қанша қараса да төрт аяқты өзі тектестердің бірде-бірін көре алмады. Ұшты-күйлі жоқ. Бұл төңірегін тағы бір шолып шықты. Жоқ. Солар шатыр ішінде емес пе өздері? Жоқ, ол мүмкін емес, — жаңа ғана Бэктің өзін де қуып шықты ғой одан! Сонда жер жұтты ма оларды? Дірдек қағып, құйрығы салбыраған ол шатыр маңында жападан-жалғыз сенделіп кеп жүрді. Кенет алдыңғы екі аяғының астындағы қар көтеріліп кетті де, құлап түсуге шақ қалған. Табан тұсынан әлдене қозғалып кеткендей көрінді. Аяқ астынан пайда бола кеткен белгісіз нәрседен шошынып, түгі тікірейген Бэк ырылдап, тұра безді. Бірақ ақырын ғана шыққан таныс қыңсыл бұны тез тыпшытып, әлгі орынды барлауға қайта оралған. Танауына жылы ауаның лебі ұрды: қар астындағы шұңқырда домалана бүріскен Билли жатыр екен. Ол Бэкке өзінің ізгі ниеті мен ықыласын аңдату үшін жалбақтай үріп, құйрығын бұлғаңдатқан, құдды: "мені танымай қалғаның не!" дегендей ып-ыстық тілімен бұны жалап та жіберді.
Міне, тағы бір есте болатын дүние: мұнда суықтан осылайша қорғанады екен! Бек енді сенімді бір орын таңдап алды да, ұзақ күйбеңдеп жүріп өзіне қар түбінен ін қазып алды. Бірер минуттен кейін денесі ұяны жылытып, ұйықтап та кеткен. Ол күндізгі ауыр тірліктен кейін небір жайсыз түс көріп, кейде қарадан-қарап үріп, кейде тістене ырылдап, таң атқанша берекесі қашып шыққан-ды. Оны тек таңертеңгі стапның шуы оятқан. Алғашқы сәтте қайда жатқанын түсінбей қалды. Түнімен жауған қар інін мүлде көміп тастаған еді. Қардың бар салмағы жан-жағынан қысып жіберіпті. Кенет Бэкті жабайы аңның тұзақ алдындағы үрейі билеген-ді. Бұл — бойда оянған алыс ата-бабаларының түйсік белгісі-тін, әйтпесе осынау жетілген тірлігінде тіпті, толықтай жетілді деуге де келе қоймайтын қазіргі шағында ол тұзақ атаулыны көрген емес-ті, сондықтан одан сескенбесе керек-ті. Артынша ол тұла бойы булыға тітіреп, желкесі мен жон арқасының түгі тікірейе ырылдап, айналасына қарды олай-бұлай бұрқырата шашып, інінен бір-ақ ырғып шықты. Сонда ғана қарсы алдындағы аппақ алаңға тігілген станды көріп өзінің қайда жүргенін түсіне қалды, сосын өзінің Мануэльмсн серуенге шыққан сәтінен бастап, кесіле түнде жататын ін қазып алғанға дейінгі бастап кешкен күндерді түп-түгел есіне түсірді.
Франсуа бұған айқайлай сәлемдескен.
— Ал, не айтып едім мен? — деді ол Перроға қарап. — Мына Бэк не нәрсеге бейім екен! Көргенін көрген жерде қағып алады. Перро маңғаздана бас изеді. Ол пошта мен маңызды қағаздарды таситын, Канада үкіметінің шабарманы болатын, сондықтан оған жақсы иттер өте керек-ті. Міне, енді оған Бэк сияқты әрі мықты, әрі алғыр итті сатып алудың сәті түсе қалған ғой. Арада бір сағат өтер-өтпесте ол шанасына жегетін тағы да үш ит сатып алды да, олардың саны сөйтіп тоғызға жетті; тағы бір ширек сағат өткенде бәрін жегіп үлгерген Перро қарлы жолға түсіп, Дайск жағасына қарап жүйткіп бара жатты. Бэк өзгерістерге қуанған, жұмыс ауыр болғанмен оны бәлендей жек көре қойған жоқ. Бастапқыда серіктерінің бәрі шананы құлшына тартқандарына іштей таңданғаны да бар, бірақ көп өтпей-ақ сол құлшыныс өз бойын да билей бастағанын сезген. Бұл жағына Дэйв пен Соллекстен озған да ешкім жоқ, жеккі оларды өмірге қайта әкелгендей: қазір бұл екеуі мүлде басқа иттер боп шыға келген, бойларындағы баяғы босандық пен марғаулықтың бірі де жоқ. Мұншама жігер мен күш-қайрат бұларға қайдан келген! Және... өздерімен қоса өзге иттерден де осындай қимылды талап ететіндері несі екен? Сөйтсе, еңбек бұлардың тірлігінің ең мәртебелі мәні көрінеді, бүкіл ғұмыр мағынасы да, жалғыз қуаныштары да сонда секілді.
Дэйв ортаңғы болатын, онымен Соллекстен ілгерірек Бэкті жеккен. Қалған иттер бұлардың алдында қазтабандап жүгіріп отырады, ал ең бастағы көсем — Шпиц еді.