Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон
-
Название:Родовой мотив / Тектік сарын
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:54
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...
Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги
Үкіметтік поштаны жедел жеткізуге тиіс болған Перро күндіз тағы екі итті — Билли мен Джоны алып келді. Бұл тазақанды лайкалар бір шешеден туғанымен, екеуі күн мен түндей екі бөлек еді. Биллидің бір ғана кемшілігі шектен тыс момындығы болса, Джо керісінше тым елгезек те, пысық болатын. Ұдайы үруден аузы босамайтын ол бәріне өшпенділікпен қарайды.
Бэк Билли мен Джоны меймандостықпен қабылдаса, Дэйв оларға назар да аудармаған, ал Шпиц болса дереу алдымен біреуіне, одан екіншісіне тұра шабуылдады. Билли бастапқы бітімгерлікпен құйрығын бұлғаңдатты. Бірақ бұнысынан ештеме шыға қоймайтынын байқаған ол қаша жөнелмекші еді — үлгермеді. Шпицтің өткір тісі бүпіріне гірш еткенде, ол қаңқ еткен, соның өзінде даусы аянышты, жалбарынышты шыққан. Есесіне Джо Шпиц қай жағынан ұмтылса да сол тұстан тап-тап беріп, құлағын жымып, айбат шекті. Ызбарлана ырылдап, тістері сақ-сақ етіп, көздері ұшқын атып шыға келген бұл өліспей беріспестің белгісі еді. Бұны сезген Шпиц те енді амалсыз жүнін жыға беріп еді. Бірақ ол жеңілгенін жасыру үшін әлі де жалбаңдай қыңсылап жүрген дәрменсіз Биллиге қайтадан тарпа бас салып, оны станның ең шетіне дейін қуып тастады.
Перро кешке қарай өзіне тағы бір жегін ит — кәрілеу келген, денесінде бір сылым артық еті жоқ, жарау лайка тауып алды. Бет-аузы тыртық-тыртық бір жақ көзінің тек жыртиған орны ғана бар — талай талас пен төбелесті бастан кешкені осыдан-ақ көрініп тұрғандай. Алайда қайтпас қайсарлық оты ұшқындаған сол сыңар көздің өзі-ақ айналадағыларды амалсыз мойынұсындырады екен. Иттің лақап аты — Соллекс, яғни Ашушаң болатын. Ол да Дэив секілді өзгелерден ештеңе талап еткен емес, ештеңе күтпейтін де; және ақысын жегізген кезі де жоқ. Баппен ғана маңғаз басып бұларға таянып келген сәтінде оған тіпті Шпицтің өзі қыңқ дей алмады. Соллекстің бір әдеті өзінің соқыр көзі жағынан ешкімнің жүруін ұнатпаушы еді. Бастапқыда мұнан еш хабарсыз Бэк өзінің қай жерде жаза басқанын кейін мынадан білді: бір асығыс сәтте ұмтылып барып Соллекстің соқыр көзі жағына шыға бергені сол... ол арс ете қалып, бұның иық тұсынан оңдырмай қауып алғанды. Бұдан кейін Бэк Соллекстің тыйым салатын тұсына ешқашан жолаған емес, Соллекс те бұған қарадай соқтықпаған. Тегі ол Дэйв секілді өзін ешкімнің ешқашан мазаламағанын қалайтын болса керек. Әйтеуір, Бэк көп ұзамай-ақ екеуінің де мейлінше өр мінездеріне көз жеткізе түскен.
Алғашқы күні-ақ Бэкті көбінесе түнейтін орын жайы мазалады. Қарлы алаңның қақ ортасында ішінде шырағдан жанған шатыр сонадайдан жарқырап көз тартқан. Бұл лайықты орным сол шығар деп ойлаған-ды. Бірақ кіріп барғанда Перро мен Франсуа айқай салып боқтана жөнелгенде, бұл жанып қоярға жер таппай зытып берген. Қатты соққан ызғары жел етінен өтіп, сүйегіне жеткендей еді, әсіресе жаралы иығы суық тиген сайын удай ашығаны бар. Бэк жатып ұйықтамақ болып, бауырын қарға тосеген, бірақ тұла бойын қарыған аяз аяғынан қайта тік тұрғызды. Сөйтіп ықтасындау бір жер таба алмай шатырлар арасында әрлі-берлі сеңделіп жүрген де қойған. Біресе аннан, біресе мұннан қабаған иттер тап-тап береді, бірақ бұл да оларға дүрдиіп, айбарлана ырылдайды (мұны да тез үйренген), сонда ғана әлгілер өз жайына кетеді.