Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон
-
Название:Родовой мотив / Тектік сарын
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:54
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...
Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги
Перро екеуін де төмен қарай алып кетті де, Франсуа деген дәу қараға тапсырды. Канада французы Перро қара торы адам еді, ал Франсуа одан екі есе қара екен, себебі, ол метис болатын. Бэк мұндай нәсілді адамдарды алғаш рет ұшыратқан (кейін ондайларды талай көрді), бұларды аса жақсы көріп кете қоймағанмен лайықты құрмет тұтуға дағдыланды. Келе-келе Перро мен Франсуаның әділ де сабырлы адамдар екеніне, ешқашан жазықсыз жазаламайтынына, хайуанаттың мінез-құлқын жақсы білетіндіктен оларды ешбір ит алдай алмайтынына көз жеткізген.
Кемеде Бэк пен Кэрлиді басқа екі итпен қатар орналастырды. Олардың бірі кит аулайтын кеме капитаны Шпицберген аралынан әкелген тайыншадай ірі, аппақ ит еді. Кейінірек бұл ит Өлі Жерге геологиялық топты бастап жүрді. Өзі өте жуастың, алайда зұлым да болатын, бір мезгілде жағынуға да шебер мұның жауыздығы да жоқ емес-ті: ол қатар тамақтанған алғашқы сәтте-ақ Бэктің жемінің бір бөлігін жұлып әкетті. Сазайын тарттырмақ үшін тап берген Бэктің алдын Франсуа ораған: жыландай ысылдаған бишік ұшы ұрыға сарт етті. Бэкке өзіне тиісті сүйекті қайта қақшып алудан өзге ештеңе қалған жоқ.
Франсуаның осы әділетті әрекетінен кейін Бэк оған құрметпен қарайтын болған.
Ешкімге жағынуды білмейтін, сонымен бірге ешкімге ұнай қоймайтын және бір ит бар, өзі жаңадан келушілердің тамағын тартып жеуге құмар да емес.
Бірқалыпты, тұнжыраңқы тірлік салтын ұстанатын ол Кэрлиге "сен тимесең мен тимен" екенін, ал соқтыға қалса оңдырмайтынын аңдатқан. Дэйв дейтін бұл төбет тамақтанып алып ұйықтауды ғана біледі; ал ояу жатса - тек есінеу, бұ дүниеде оны қызықтыратын ештеңе жоқ сияқты. Тіпті "Нарвал" Шарлотта патшайым шығанағынан өтер тұста шайқалып, сұрапыл толқындардың жалында жын ұрғандай безек қаққанда Бэк пен Кэрли үрейден естерінен тана жаздаса, Дэйв анда-санда көңілсіз кейіппен бас көтеріп, маңайға марғау ғана көз тастап қойып, бір есінеп алатын да, мызғуға қайтадан кірісетін-ді.
Кеме дамылсыз бүлкілдеген қан тамырыңдай ырғақты мотор жұмысының әсерінен күні-түні діріл қағады. Бір күн бір күннен өте айнымайды, әйткенмен Бэк ақырында суық түсе бастағанын аңдаған. Сосын, бірде қапалақтың дүрілі тына қалды да, "Нарвалда" аласапыран әбігер басталды. Бэк те басқа иттер секілді айналадағы қауырт қарбаласқа қарап, әлдебір өзгеріс басталғанын түсінген.
Франсуа бұлардың бәрін де мойыннан тізіп палубаға шығарды. Суық жерді басқан Бэк табанының аппақ лайдан аумайтын әлдебір ботқаға батып кеткенін сезінді. Түршіге пысқырынып, кері серпілген. Дәл сондай ботқа жоғарыдан да жауып тұр екен. Бэк сілкінді, бірақ әлгі үсті-үстіне себелеуін доғарған жоқ. Таң-тамаша болған бұл оны иіскеп көрді. Одан соң жалады. Оттай күйдіріп жіберетін бірдеме... және тіліңде еріп кетеді. Бэк қатты таңырқап, қайта жалады — сол әлгі еріп кетер бірдеме. Маңайдағылар қарқ-қарқ күлді, бұл әлденеге ыңғайсызданып қалды, бірақ мына адамдардың неге күлетінін түсіне алмады.
Бэк алғаш рет қарды осылайша көрген еді.
ТАЯҚ ПЕН ТІС
Дайя жағасындағы бірінші күн Бэкке сұмдық үрейлі көрінді. Мұнда не әлденеге таңырқайсың, не бойыңды қорқыныш билейді. Ойда жоқта осылайша өркениет төрінде жүріп, қайдағы бір жабайы дүниеден бір-ақ шыққан еді. Оңтүстік түкпіріндегі не істерін білмей зерігетін мамыражай, марғау тірлігі көзден бұл-бұл ұшты. Бұл жерде бір мезет дамыл табу мүмкін емес екен. Бэк өзін қауіпсіз сезіне алмады. Төңірегінде қым-қуыт тіршілік қайнап жатады, айналаң түгел әбігер және сәт сайын ажал төніп тұрады, не мертігіп тынасың. Осынау жаңа жаһанда әрдайым өте сақ болу керек сияқты, өйткені мұндағы иттер мен адамдар қаланың иттері мен адамдарына мүлде ұқсамайды екен. Бұлардың бәрі тағылар еді және олар таяқ пен тістен басқа ешбір құдіретті білмейтін де.