Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бэктің әкесі ірі сенбернар Элмо кезінде судьяның сенімді серігі еді. Бэк те әкесінің лайықты ізбасары болатынын байқатқан. Әйткенмен ондай аса ірі емес-тін, енесі, Шотландия овчаркасы Шеп секілді жүз қырық қадақ қана тартатын. Алайда жақсы тұр-мыс пен жан-жақты құрмет арқылы пайда болатын тәкаппарлықты қоссаңыз, жүз қырық қадақ та өзіңді асқақ ұстауға жарап тұр. Бэк жарық дүниеге келген күшік күнінен бергі төрт жыл бойы нағыз ақсүйектің күнін кешті; тым өр болды, тіпті, дүбірлі дүниеден оңаша өмір сүретін кейбір дәулетті мырзалардың мінезінде кездеспейтіндей аздаған өзімшілдік әдеті де жоқ емес-ті. Бірақ Бэктің шектен шықпауына оның еркетотай үйкүшік еместігі де септігін тигізді. Аңшылығы мен таза ауадағы өзге де түрлі ермектері семіруге жол бермей, бұлшық етін қатайтқан. Суық суға шомылу дағдысы да ширатып, шынықтыра түскен еді.

Төбет Бэк осылайша Клондайкте алтын табылып, адамдар төрткүл дүниенің тұс-тұсынан суық Сібірге лап қойған 1897 жылдың күзіне дейін өмір сүрді. Бэк мұның бірде-бірін білген жоқ, себебі газет оқымайтын еді. Ол сондай-ақ бағбан көмекшілерінің бірі Мануэльмен достығының да жақсылыққа апармайтынын аңдамаған-ды. Мануэльдің бір осалдығы — қытай лотореясына құмар-тын. Әсіресе бұл құмарпаз ойыншының дауасыз әлсіздігі өз жүйесіне ессіз сенетіндігінде еді де, түбінде орға жығылып опық жемей тынбайтыны әу бастан-ақ белгілі болған. Жүйе бойынша ойнау үшін ақша керек, ал кіші бағбанның жалақысы әйелі мен шұбырған балаларының қажетіне зорға жетеді.

Мануэль опасыздық жасайтын сол қырсықты күні судья Миллер шарап жасаушылар қоғамының жиналысына кеткен де, ұлдары спорт клубының құрылысы жұмысымен жүрген, сондықтан Мануэль мен Бэктің бақ арқылы әдеттегі серуенге (Бэк солай ойлаған) шығып бара жатқанын ешкім байқаған жоқ. Тек олардың сұрауы бойынша пойыз аялдаған жерде шағын "Колледж — бақ" бекетіне келгенін жалғыз бір ғана адам көрді. Әлгі адам Мануэльмен әлдене туралы тілдесті де, одан қолдан-қолға өткен ақша сылдыры естілген.

Бейтаныс:

— Тауарды ашық-шашық әкелгенің қалай? — деп күңк етті де, Мануэль Бэктің мойнын жуан арқанмен қос қабаттап байлап берді.

Мануэль:

— Жанын көзіне көрсететіндей қаттырақ тартып қойсаң тырп ете алмайды, - деді, ал анау жауап орнына құптаған сыңаймен бірдеңені міңгірлей салды.

Бэк арқанды мойнына лайықты сабырмен таққызды. Рас, бұл бір түрлі тосын жайт еді, бірақ өзімнен ақылдырақ деп білетіндіктен таныс адамдарға сенетін-ді. Алайда арқанның ұшы бөтен біреудің қолына тиген сәтте айбат шеге ырылдаған. Бұл әшейін өзінің өр мінезін аңдатып, наразылығын байқатқаны-тын. Таң қалғанда, кенет арқанның қысылып кеткені сонша, қылқынып қала жаздаған. Ашуы бұрқ ете қалған ол қиянат жасаушыға тап берді, алайда анау да шапшаң қозғалған: тамақтан қатты қысып, епті қимылмен шалқасынан түсірді. Арқан Бэкті аямай буындырды, бірақ зор кеудесі басылып-көтеріле, ышқына ауыр тыныстап, тілі салақтаған бұл әлгі адаммен жанталаса жағаласқан. Бұған дейін ешкім де өзіне мұнша дөрекілік жасап көрген емес-ті, сондықтан ғұмырында дәл мұндай ызаланып та көрмепті! Дегенмен, көп ұзамай-ақ әлсірей берген, көздері шатынаған ол естен тануға айналған, пойыз тоқтаған сәтте екі еркек мұны тауарлық вагонға бір-ақ атты.

Есін жиғанда ең алдымен тілінің ауырғанын түйсінді. Одан, жайсыз секілді сезініп, жолайрықтағы паравоздың ащы қиқуын естігенде Бэк өзінің қайда жатқанын түсінген. Судьямен бірге саяхатқа жиі шығатын ол жүк вагонындағы жүріске қатысты әсерді жазбай таныды. Ит көзін ашты. Жанарынан тұтқынға түскен корольдің атойлаған ашу-ызасы ұшқындап тұр еді. Ұры оның алқымынынан шап бермекші болған, бірақ Бэк бұл жолы шалымдырақ қимылдады. Азуды әлгінің қолына салған, сөйтіп арқанмен қайтадан қылқынып, есінен тағы танғанша қарысқан жағы ашылған жоқ.

— Құтырған бұл! — деп түсіндірді анау арпалыстың шуын естіп вагонға бас сұққан жолсерікке қан-қан қолын жасырып.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий