Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бэк көп ұзамай-ақ баяғы Оңтүстікте, үйде жүргендегідей кірпияздығын доғарған. Асты асықпай, талғап ішетін әдеті бар еді, келе-келе жолдастарының өз үлестерін тез қарпып алып, бұл жеп үлгермеген азық қалдығын сүйрей жөнелетінін аңдады. Өзіне тиісті асты сақтай да алмай қалатын, — бұл екі немесе үш ұрымен арпалысып жатқанда балығы басқа біреулердің аранында кетеді. Содан соң ғана әлгілердей тез тамақтануға әдеттенді. Аштық қорлығының өткендігі сонша, бірте-бірте ұрлық жасаудан тартынбайтын деңгейге дейін түскен. Оны басқалардың қалай жасайтынын бақылап жүріп бұл да солардан үйренейін деген. Жаңадан келгендердің бірі, жылпос қу, әрі ұры Пайктің Перроның көзі тая бергенде оның алдындағы төс еттің кішкене бөлігін лып еткізіп жұлып әкеткенін көрген Бэк келесі күні дәл сондай қимылмен тұтастай төсті алып тайып тұрған-ды. Артынан сұмдық аласапыран болды, бірақ бұған ешкім күдік келтірген жоқ, мұның қылмысы үшін ылғи қолға түсе беретін ынжық Даба бейшара таяқ жеді.

Осынау алғашқы ұрлық Бэктің Сібірдің қатал жағдайында өле қоймайтынын аңдатқан. Бұдан оның жаңаша ғұрыпқа бейімделе бастағаны байқалған еді. Мұндай қабілеті болмаса ұзамай-ақ азапты ажалдың аранына түсетіні анық-тын. Оның үстіне алғашқы ұрлық қасиеттен ажыраудың басы-тұғын. Бойындағы бұрынғы барлық ізгілік түсініктерінен айырылуға айналған, олардың керісінше, аяусыз қатыгез күреске пайдасынан зияны көптің. Сүйіспеншілік пен достық заңы салтанат құрған Оңтүстікте ол қасиет орынды шығар — онда өзгенің мүлкіне құрметпен қарап, басқаларды аяу қағидасы қалыптасқан. Ал мұнда. Солтүстікте таяқ пен тіс заңы үстемдік етеді, сондықтан ауыздағыңнан айырып, тірлікке бөгет жасаудан өзге берері жоқ адалдықты тек ақымақ қана ұстанар еді.

Әрине, Бэк дәл бұлайша топшыламаған, — ол әшейін жаңа жағдайға ішкі түйсікпен ыңғайлана түскен. Ол күштің ара салмағы тең болмаған күннің өзінде күрестен ешқашан қашпас еді. Алайда қызыл свитерлі адамның таяғы қаншама қатты болса, ол оны өмірге соншама тез үйрете бастаған. Бэк биік мәдениеттің итаяғынан ас жеп жүрген кезінде өзінің биік тұтқан тәртіптері жолында, тіпті ол керемет қатал болса да — өліп кетуге даяртын. Мысалы сонда Миллердің ат айдайтын қамшысын қорғап, безек қаққан кезі қаншама! Енді сол бір асыл мұраттарды тәрк етіп, жан сақтауға ұмтылуы оның біртіндеп жабайылана бастағанын аңдатқан. Ол ұрлықты өнер көргендіктен емес, аш құрсақтың дамылсыз дабылына бағынып барып жасаған-ды. Және оны бұғып, ақырындап, барлық сақтық шараларын ескеріп жасады, себебі таяқ пен тіс заңына бас иген-ді. Қысқасы, істемеуден гөрі істеуге жеңіл түсетін нәрсенің бәрінен бас тартқан жоқ.

Ол өте тез ширады (анығында, жабайыланды). Бұлшық еттері болаттай ширығып, анау-мынау ауыртпалық батпайтын деңгейге жеткен. Ол іштей де сырттай әбден шынығып алған еді. Ең жеркенішті,сіңбейтін астың өзін жей беруге дағдыланды. Асқазаны ішкен нәрсесінің нәрін соңғы түйіршігіне дейін сіңіріп, қаны қорытылған асты тұла бойына дарытып, денесін күннен-күнге нығайта түсті. Бэк керемет қырағы да, иісшіл еді, ал есту қабілетінің тым күшейгені сонша — құлағы, тіпті, ұйықтап жатып-ақ қыбыр еткен нәрсені аңдап, оның не қауіпті не қауіпсіз әшейін, не қатерлі дыбыс екенін ажырата қоятын дәрежеге жеткен. Бармақтарының арасына қатқан мұзды сорып жеуді үйренді, ал шөлдеген кезінде, суаттың бетін қалың мұз қабаты көмкеріп жатқан жағдайда, оны серпінді алдыңғы аяқтарымен қақ айыра білетін-ді. Әйткенмен Бэктің ең ғажайып қабілеті желдің бағытын күні бұрын болжай алатындығы болатын. Тып-тымық бір кештерде ағаш түбінен немесе жағалау тұсынан өзіне ін қазып алса, сол орны жел соққан жағдайда ылғи ық жақта, жып-жылы, жайлы болып шығар еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий