Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әлден уақытта жегімдегі барлық тоғыз ит бас қосты да, орман ішіне сіңіп кетті. Бұдан кейін оларды ешкім қуған жоқ, әйткенмен, жағдайлары өте аянышты еді. Әрқайсысы кемінде төрт-бес жерінен жараланған, кейбірі тіпті оңбай таланыпты. Дабтың артқы аяғы қатты жұлмаланған, Доллидің (Дайяда сатып алынып, жегуге ең соңында қосылған ит) желкесі жырым-жырым, Джоның көзі ағып кетіпті, ал Билли бейшара түнімен ыңырсып қыңсылап шықты — оның бір құлағынан түк қалмаған екен. Таң бозара бұлар зорға деп алғашқы тұраққа қайта оралған да, әлгі тонаушылар табандарын жалтыратыпты. Франсуа мен Перро ашудан жарылып кете жаздады. Азықтарының тең жартысын жеп кетіпті. Аш иттер мұнымен де қоймай тартпалар мен кенеп қаптардың жырым-жырымын шығарған. Тістері таңдайға татиды-ау деген нәрсенің бірі сау қалмағандай. Бұлан терісінен тігілген Перроның башмағын да жеп қойыпты, қайыс божыны да шайнапты, аппақ қып шайнап-шайнап тастаған, тіпті, Франсуаның бишігі де екі футтай қысқарып қалыпты. Айдаушы осынау көңілсіз көріністен бір сәт назар тайдырып, иттердің жарасына назар салып еді.

— Әй-әй-әй, байғұстар-ай! — деді ол ақырын ғана. — Қалай таланғансыңдар! Енді аяқ астынан сендер құтырынып жүрсеңдер қайтеміз! С-сайтан! Бәрінің де жынданып шыға келулері мүмкін ғой! Қалай ойлайсың, Перро?

Көшір дегбірсіздене бас шайқаған. Доусонға дейін әлі төрт жүз миль бар, — ендігі жетпегені иттердің құтырынуы еді! Сыпырта боқтана жүріп атқарылған екі сағаттық азапты жұмыстан кейін көлік ретке келтірілді де, шанаға жегілген иттер жанға батқан жарақаттарына қарамастан жанталаса тырмыса түсіп, сапардың ең ауыр бөлігін игеруге жөнеп беріскен. Олар дәл осы аралықтағыдай басқа еш жерде қиналып көрмепті.

Отыз мильдік өзен сақылдаған сары аязға пысқырып та қарамаған екен. Оның адуынды ағыны суықтың бегін ылғи да қағып тастап, еңіске қарай сарқырай төгіліп, жыл арқасына тіпті қабыршақ мұз да қатырмаған. Осынау азапты отыз мильді өту үшін алты күн діңкелеуге тура келді. Әр қадам сайын иттерді де, адамдарды да ажал күтіп жатты. Жолды байқаспаған Перро мұз астына жиырма мәрте құлаған. Оны ұзын сырығы ғана құтқарған еді, — ол сырықты құлаған сайын жылымға көлденеңінен түсетіндей етігі ұстаған-ды. Аяз бірте-бірте күшейіп, сынап бағанасы нөлден төмен елу градусты көрсетіп тұрды. Перро осылайша суға әрбір малынып шыққан сайын суық тиіп қатты ауырып қалмау үшін де от жағып қайта-қайта кептірінген.

Бірақ ол ештеңеден қорқа да қойған жоқ-тын. Ол өте ер жүрек адам болғандығынан да оны үкіметтік шабарман етіп тағайындаған-ды. Перро әжім басқан ашаң жүзін желге тосып ап кез келген іске нар тәуекелмен араласа беретін адам еді, күнбе-күн таң бозынан қас қарайғанша қиындық атаулымен арпалысатын да жүретін.

Ол кез келген сәтте ойылып түсер өзеннің жұқа мұзды жиегімен — ешбір қауіп-қатерге қарамастан, қашан да алға қарай батыл адымдап келе жатады. Бірде Дэйв пен Бэк шана-манасымен суға батып кетті. Сонда тұншығып та қала жаздап, үсіп өлуге де шақ қалған иттерді әрең шығарған. Оларды аман алып қалу үшін от жағуға тура келді. Денелеріне қатқан қалың мұзды еріту үшін Франсуа мен Перро оларды қып-қызыл жалынды айналдыра жүгірткен екен, сонда тіпті, иттердің түктері үгітіле бастаған ғой.

Келесі бір жолы Шпиц құлады да, өзімен бірге жегімдегі Бэкке дейінгі бүкіл итті өзімен бірге сүйрей кетті. Бэк барлық күшін салып мұз бетінде төрт тағандап тұра қалды, айналасындағы қатқақтың қақырай жөнелгеніне де қарамастан алдыңғы екі аяғымен жылымның тайғақ жағасына сіресе тіренген. Сәті түскенде Бэктің соңынан Дэйв жегілген еді, ол да жанұшырып артқа жұлқынды; шананың сыртында тұрған Франсуаның да бұларды өзіне қарай күшене тартқаны сонша, мұның бұлшық еттері сөгіліп кете жаздап еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий