Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тас-талқан болған іннен тістесе арпалысып шыққан екеуін көргенде Франсуа да таң қалды. Бірақ таластың себебін лезде-ақ түсінген.

— Aha! — деп айқай салды ол Бэкке, — Тартқыз сазайын! Бер сыбағасын жақсылап жексұрын ұрының!

Шпиц ұрысқа ұмтылды. Taп беретін ыңғайлы сәтті күтіп ызалана шыдамсызданған ол Бэкті шыр айналып жүріп алған. Екіленген Бэк те сақтана қимылдауға тырысып Шпицпен айнала аңдысып жүр. Бірақ дәл осы тұста күтпеген бір жағдай килігіп, басымдылық айқындалатын алапат айқасқа бөгет жасады. Ол бұдан едәуір кешірек, бұл жерден тағы да бірнеше шақырым ауыр да, азапты жол жүргеннен кейін ғана барып жалғасқан еді.

Әлдене деп боқтанған Перроның даусы, жон арқадан тиген таяқтың дыбысы, одан ауырсына қаңқылдай шыққан ащы дауыс осыдан кейін-ақ іле-шала басталған аласапыран белгісіндей көрінген. Аяқ астынан дүр сілкінген стан төңірегі лезде ию-қию сапырылысқан жүндес хайуандарға толды да кетті.

Бұлар таяу маңдағы әлдебір үндістер қонысынан станның иісін сезіп салып ұрып жеткен жүз қаралы аш иттер тобыры болатын.

Шақырылмаған бұл "меймандар" Бэк пен Шпиц шарпыса бастаған тұста станға кіріп те үлгерген-ді, ал таяқтарын алып Перро меп Франсуа жеткен бетте аласұрған иттер соларға тап берген. Азық иісі естерінен адастырған еді. Тамақ салынған жәшікке тұмсығын тығып үлгерген бір төбетті байқап қалған Перро ауыр таяқпен әлгінің аш бүйірінен оңдырмай соқты. Жәшік аударылып түсті де, аш мақұлықтар төгілген нан мен төс етке таласып қырқыса жөнелген. Соққының астында қалған иттер шаңқ-шұңқ етіп қыңсыл қаққанмен қу тамақ үшін барын салған азық үшін аянбай таласуды да доғарған жоқ, сосын ең соңғы қоқымға дейін жеп біткенше алаңды тастамаған да.

Осы аралықта Перроның барлық иттері індерінен үрейлене үрпиісіп шығып тұрған. Ашынған келімсектер ауызды енді соларға салды. Бэк мұндай иттерді бұрын-соңды көрмеген еді. Қабырғалары арса-арса. Кір-кір терімен қаптап қойған қу сүйек қана дерсің. Көздері жайнап, езулерінен көбік бұрқырайды; аштықтан екіленген олардың сықпыты аса қорқынышты әрі тым айбарлы-тын. Жегім иттері алғашқы айқаста-ақ құзға қарай ығысқан. Бэкке бірден бөтен төбеттердің үшеуі жабылып, ә дегенде-ақ иығы мен тұмсығын жаралап тастады. Маңайдағы шу құлақ жарарлықтай еді. Билли әдетінше жанұшыра қыңсылап жүр. Денелері қанға боялған Дэйв пен Соллекс қатарласып алып айқасқа аянбай кірісіпті. Джо да құтырына арпалысады. Аузына бөтсн иттсрдің бірінің алдыңғы аяғы ілігіп қалған — ол соны қаусата шайнап тастады. Ал айлакер Пайк со бойда мертіккен итке тап беріп, желкесін үзіп жіберді. Бэк аузынан көбігі ағып өзіне қарай тұра ұмтылған қарсыласын кеңірдектен ала түскен. Шапшыған қан тұла бойын жуып кетті. Ауыздағы жылымшы қанның дәмі Бэкті бұрынғыдан бетер жындандыра түсті. Баса бір итке бас салған ол сол сәтте-ақ әлдекімнің ақсиған тісті тура өзінің көк желкесіне салғанын аңдады. Бұл оған опасыздықпен соқтыққан Шпиц болатын-ды.

Перро мен Франсуа станның бір бөлігін "шақырылмаған қонақтардан" тазалап болған соң өз иттерін құтқаруға ұмтылды. Олар жеткенде құтырынған аш хайуандар легі кейін шегінді де, Бэк мойнына жармасқан Шпицті сілкіп тастады. Алайда тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Перро мен Франсуа қайта жүгіре жөнелген — оларға қалған азық-түлікті аман сақтап қалу керек-тін, — сол бойда үндістердің төбеттері жегім иттерге тағы төнді. Құтырынған жауларының қыспағын ерлікпен батыл бұзып шыққан Билли мұз бетімен жүйіткіп берді. Оның соңынан Пайк пен Даб жөнелді, бұдан кейін олардың ізіне Перроның өзге иттері ілескен. Бэк те мұз бетіне ыршып түсуге оқталған сәтте көз қиығы мұны аяқтан шалып түсу пиғылымен өзіне қарай екпіндей ұмтылған Шпицті шалып қалды. Егер Бэк құласа соңдарынан жөңкілген қалың нөпір иттің табанының астында қалып, ажал құшатыны айдан анық-тын. Бірақ бұл бар күшімен Шпицті қағып тастап, көл бетімен өзгелердің соңынан аршындап жөнелді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий