Робинзон Крузо - Даниэль Дефо
-
Название:Робинзон Крузо
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:146
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Главный герой – Робинзон Крузо попал на необитаемый остров, где вынужден восстанавливать свое существование, с нуля пройти путь человеческой цивилизации.
Он вынужден жить в одиночестве, что приводит к покаянию, Робинзон Крузо встает на путь Бога, окунаясь в причины беды, постигшей его. В его сердце поселилась вера, душа обрела покой, что помогает ему перенести все тягости, опасности, одиночество. Автор своего героя наделил острым умом, сильным характером, создал образ человека, являющегося примером для многих.
Робинзон Крузо - Даниэль Дефо читать онлайн бесплатно полную версию книги
Міне, осылайша біз бәріміз он бесінші қарашада Пампелунадан аттандық. Жолсерік әрі қарай, тау жаққа жүрудің орнына, кері қарай оралып, біз Мадридтен келген жолмен қайта жүргенде – мен қатты таң қалдым: осылай біз жиырма миль жүрдік, екі өзенді кешіп өттік және көрер көзге әдемі, жазық жерге шықтық, бұл жер қайтадан жылы болды және еш жерде қар көрінбеді. Бірақ одан кейін, кенеттен солға бұрылып, жолсерік бізді тауға қарай басқа жолмен бастап жүрді: тау мен тік жарлар сондай үрейлі көрінсе де, жолсерік қаншама айналым, қаншама шеңбер жасап, сондай бір иір-иір жолдармен жетелеп отырғаны сондай, біз қардан аса бір қиындық көрмей тау жотасының екінші беткейіне қалай шығып қалғанымызды да аңғармай қалдық. Осы кезде біздің көз алдымызда көз қуантарлық, жасыл желекке малынып гүлдеп тұрған Лангедок және Гасконь провинциялары шыға келді, бірақ олар әлі алыс болатын, оларға жету үшін біз қиын да азапты жолды жүріп өтуіміз қажет еді.
Сол күні күні бойы және түн баласында бір тынбай қар жауды, қатты жауғаны сондай, жүру мүмкін болмады; бұған біз сәл абыржыңқырап қалдық, бірақ жолсерік біраздан кейін қардың ауқымынан шығамыз деп бізді тыныштандырып қойды. Расымен де, біз өзіміздің жолсерігімізге толықтай сенім артып, солтүстікке қарай сұғына түсіп, күннен-күнге төмен қарай түсе бердік.
Жолсеріктің сұлбасы әзер көрініп, бізден алдыға қарай әжептәуір ұзап кетіп, күн батып, қараңғылықтың орнауына екі сағаттай уақыт қалған болатын, бір кезде орманға жапсарлас көрші қойнаудан үш қасқыр, олардың артынан бір аю атып шықты. Екі қасқыр жолсерікке атылды, егер ол бізден жарты мильдей болған кезде, біз көмекке келіп үлгергенше оны талап та тастаушы еді. Біреуі оның астындағы атын тарпа бас салды, ал екіншісі оның өзіне сондай жойқын күшпен атылғаны сондай, байғұс жігіт тапаншасын алып шығуға жөпелдемеде уақыты да, рухы да жетпей, тек қана бізді жан ұшыра көмекке шақыра берді. Қасымда атқа мінген менің Жұмам келе жатыр еді; мен оған алға қарай шауып барып, істің мән-жайын біл деп бұйырдым. Жолсерігіміздің қандай жағдайға түскенін көрген Жұма: “Қожайын, Қожайын” деп одан да бетер айғайлай бастады. Ол батыл жігіт болатын, атына қамшы басып, айқас болып жатқан жерге тура шауып барды да, тапаншасын суырып алып қасқырды бастан атып салды.
Бейшараның бақытына қарай, көмекке тап Жұманың жетіп барғаны абырой болды; ол өз отанында қасқырларды көріп әдеттенгендіктен де, олардан қорықпай, тура жанына барып, жоғарыда бейнелегеніміздей қасқырды атып салды. Ал басқамыз болсақ алыстан атып мүлт кетудің не жолсеріктің өзін атып алудың қаупін туғызушы едік.
Бұл менен де батыл адамның үйрейін ұшырар еді, шынында да, мылтық атылғаннан кейін екі жақтан бізге тау жаңғырығымен қайталанып қасқырлардың ұлыған даусы жеткенде, біздің барлық отряд әбігерге түсті, тіпті қасқырлар өте көп боп көрінді; біз ештеңеден мүлдем қорықпайтындай алаңсыз да бола алмадық, өйткені шынында да олар аз болмағанға ұқсайды.
Қалай болғанда да, Жұма қасқырды өлтірген кезде, жылқыға ауыз салған қасқыр оны бірден босатып жіберіп, қаша жөнелді; құдай оңдағанда, ол оның басына жармасқанда тісі жүгеннің темір әшекейлеріне тиіп, ол оған онша зиян тигізе қоймаған секілді. Есесіне жылқыға қарағанда, адамның жағдайы қиын болды: ызалы, долылық қысқан қасқыр оны екі рет тістеген, бір мәрте қолынан, екіншісі – тізеден жоғары, сөйтіп біздің жолсерік атынан құлауға шақ қалғанда, Жұма үлгіріп келіп қасқырды атқан.
Мылтық даусы естілісімен, болған жайдан тезірек хабар алғымыз келіп, жолдың жайсыздығына қарамай, – өйткені бұл жер өте шұғыл ылди болатын, – біз жүрісімізді шапшаңдатып, жолдың бар мүмкіндігін пайдаланып шаба жөнелдік. Бұрын біздің көз алдымыздағыны көлегейлеп, көрсетпей тұрған ағаштардың тасасынан шыға келісімен, біз істің мән-жайын бірден түсіндік, қалайша Жұманың бейшара жолсерікті ажалдан арашалағанын көрдік, ал өліп жатқан қандай аң екенін ажырата алмадық.