Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.

Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Күштімен күреспе, ұлықпен тіреспе, — деп айтып отыратын. Сонда тордағы жолбарыстай шиыршық атқан інісі Рысқұл азуын қайрап, шықшыты бұлтыңдап:

— Шалқайғанға — шалқай, пайғамбардың ұлы емес. Еңкейгенге — еңкей, әкеңнен қалған құл емес! — деп шапшитын. Рысқұл мұны айтып қана қоймай, іс жүзіне де асырды. Күштілермен күресті, мықтылармен тіресті. Бір болыстың бетіне түкірді, бір болысты атып өлтірді. Ақыры айдалып кетті. Мына Рысқұлов соны көріп өскен. Шындық үшін жаны шыңғыратын қасиет бала кезден жабысқан. Әкеден оған мұраға байлық қалған жоқ, әкеден мирас болып, тек рухы ғана қалды. Рысқұл рухы, жігері шарболаттай берік кісі еді.

Сталиннің сарғыш көзі тотияйын сепкендей жасылданып, Рысқұловқа ұзақ қарады.

— Сенің ашынатын жөнің бар, — деді күтпеген жерден. — Айталық Грузияны барып бір қазақ басқарып отырса, оған грузиндер қалай қарар еді? Логикаң орынды. Бірақ кім біледі, адамына да байланысты шығар. Тарихта ондай мысал аз емес. Айталық, сенің арғы бабаң қыпшақ Бейбарыс Египетті биледі ғой. Және қалай биледі?! Тағы бір бабаң Бабыр Үндістанды биледі. Және қалай биледі?! Жалайырлар Иранды жүз жыл басқарды. Иә-ә. Ол тарих. Ол өткен тарих...

Рысқұлов Сталиннің ақылының алғырлығына тәнті. Троцкий Сталинді шаласауатты деп күліп, менсінбей келді. Сталин діни семинарияның өзін бітірмей шығып кеткен. Сонда бұл осыншама білімді қайда жүріп жинаған?

— Сол өткен тарихқа оқтын-оқтын көз тастап, асылын алып, сасығын садақа тастау әбден пайдалы,— деді Рысқұлов, — Сіз айтқан Бейбарыс Египетке орасан пайда келтірген қайраткер. Египет қана емес, бүкіл Таяу Шығысты «кресттағушы» дегендердің қырғынынан сақтап қалған орасан тұлға. Ол өзі басқарған елді қырған жоқ, қайта қырғыннан қорғап қалды. Ал Бабыр болса, артында мәңгі өлмес мәдени, тарихи мұралар қалдырды. Жалайырлар моңғолдардың шапқыншылығынан қалған басқыншылар. Олардың Иранға не жақсылық істегенін мен білмеймін.

— Міне-міне, Рысқұлов, өте дұрыс айттың, — деп Сталин қуанып қалған сияқты. — Сенімен айтысудың өзі әрқашан пайдалы. Әйтпесе, мен сенімен осыншама уақыт алдырып, сөз таластырмас едім. Демек Қазақстанға біз Қазақстанның қазақтардың жанын түсінетін, жақсылық жасайтын адам жібереміз.

Сталин трубкалы қолын безеп, сарғыш тістерін көрсете күліп, семік қолымен мұртын сипап қойды. Оның осы күлкісі мен болмашы қимылының өзі, Рысқұловтың жолын буып тастағандай болды. Рысқұлов Қазақстанды басқаруға жарайтын қазақ азаматтары аз емес: Нығмет Нұрмақов, Нәзір Төреқұлов бар, Сұлтанбек Ходжанов бар, Санжар Асфандияров, Ораз Жандосов, Жалау Мыңбаев, Әбілқайыр Досов, тағысын тағылар толып жатыр деп тағы тіреспекші еді, Сталиннің мына мекірене күліп, мұртын сипағаны соңғы тұжырымдай көрінді. Ендігі ерегес сөздің бәрі — бос сөз болмақ. Рысқұловтың бұл ойын сезіп қалғандай, Сталин:

— Ал қазақ жолдастар рушылдықтың, жікшілдіктің қаншалық зиянды екенін әлі де болса түсінсін. Бәлкім, басқа ұлт өкілі басқара бергеніне намыстанып, бастары бірігер. Рушылдық, жікшілдік аурудан айығар. Әне, сонда республиканы қазақ басқарсын, — деді.

Ол заман қашан келмек? Жүзге бөлінгеніне жүздеген жылдар болды. Бөлінгенді бөрі жейді. Жеп келе жатыр. Үш жүздің хандары үш жаққа тартып, ақырында әркімнен таяқ жеді. Қалмаққа қарсы соғыста ғана бастары біріккендей еді, кейін қайта ыдырады. Бастары бірігу үшін тағы да «Аңырақай» керек пе? Аңырай-аңырай болған жоқ па?

— Сен риза болмай қалдың-ау, Тюрар, — деді Сталин Рысқұловтың тұнжыр түрін байқап, — қазақтарды аштықтан құтқар дедің, жарайды, құтқарамыз. Есіңде болсын, Кеңес Одағында қазір артылып жатқан астық жоқ. Сонда да болса, Қазақстан үшін қарастырамыз. Әлгі айтқан ұсыныс-талаптарыңды іске асырамыз. Голощекинді кетіреміз. Енді не керек? Қанағат қайда?

— Рақмет, Иосиф Виссарионович, — деді Рысқұлов риза екенінің белгісі ретінде «жолдас Сталин» деп қатып қалмай. — Бәріне рақмет. Тек Голощекинді Голощекинмен алмастырмасаңыз болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий