Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:139
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» - четвертая книга, автор Шерхан Муртазы.
Красная стрела. Книга Четвертая / Қызыл жебе. Төртінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Бұл түн — ұмытылмас түн болды. Лұқпан Хәкім айтқандай, мың жасап қалдым, — деді. — Адам баласы мың жыл жасаушы ма еді, тәйірі. Хакім өзі тектес ойлылармен әңгіме-дүкен үстінде өткізген әрбір күнін — бір жылға балаған ғой. Ал нәсіп болса, ұлы нәубет туралы да жазармын. Аяулы Абайымды жазсам, арманым сол. О да қазақтың қатал тағдыры, мол-мол қасиеті мен соры туралы болмақ, аға. Қазақтардың қаналуының бел ортасы.
— Талабыңа таудың ұлылығын берсін, Мұхтар. Қазақ қаналуының көркем эпопеясы керек бізге! — деп Рысқұлов ширыға түсті. — «Қазақстан» туралы кітабыма материал қарастырып жүріп, қолыма Әлихан Бөкейхановтың 1910 жылы Петербургте шыққан үлкен бір жинаққа енген «Қазақтар» атты мақаласына тап болдым. Сонда Бөйкейханов II Думаның депутаты Марков дегеннің сөзін келтіреді. Ол сөзі «Товарищ» дейтін басылымында 1917 жылы жарияланыпты. Сонда депутат Марков не деген деп ойлайсың? Оны ауызбен айтудың өзі сұмдық... — Рысқұлов жазу үстелінің тартпасынан бір қалың көк дәптерді алып, ары-бері ақтарып: — Ә, міне, таптым, —деді. — Міне.
«Киргизы (қазақтар дегені) — потомки орд Чингисхана и Тамерлана и что с ними нужно поступать так, как поступали с краснокожими в Америке».
Рысқұлов көк дәптерді тарс дегізіп жауып, тартпаға қайтадан лақтырып жіберді. Жаңағы оқыған сұмдық сөзге көк дәптер кінәлідей шиіріп тастады.
— Көрдің бе, Мұхтар, сонда сол Шыңғысхан мен Ақсақ Темірдің со-о-ноу замандардағы сойқанына бола, қазіргі қазақтар сорлау керек! Ал сондай залым ой иелерінің қазір жоқ екеніне кім кепіл?
Рысқұлов сол сабасына түсіп, мырс етіп:
— Сталин оқта-текте маған қалжыңдаған болып: «А, Түркістанның Шыңғысханы», — дейтіні бар. Әдепкіде шын қалжыңы шығар деп қалып жүрдім. Енді-енді ойласам, артында зілі бар ма деймін? Көз алдында бір адам шөлден қаталап өлейін деп жатыр делік. Қасында шелек толы суы бар бір кісі отыр делік. Сонда әлгі ол үстінде жатқан байғұсқа бір жұтым су бермегені қалай? Қазақстанға, қазақтарға деген Сталин мен Голощекиннің әрекеті де солай ма... Сондықтан Мұхтар, бір тумақ бар, бір өлмек бар. Тіршілікте зұлымдықпен арпалысып қал. Мен енді соған басымды тіккен адаммын. Арты не болары — бір Тәңірге аян. Көп сөйлеп, мазаңды алдым. Кешір. Енді қайтып мұндай бір жұлдызы жарқыраған сәттер орала ма, жоқ па, қайдан білейін? Келгеніңе, сәлем бергеніңе рақмет. Қаяулы көңіл бір жеңілейіп қалды. Ал енді ертең... ау, ертең деймін, таң атып қалды ғой, бүгін саған жолдама жаздырамын. Қырымға. Келістік қой?
— Келістік, — деп күлді Әуезов.
Осылайша, ойранды отыз екінші жылдың қалың бұлт қаптаған бір түнінде, Екі Жұлдыз таң атқанша жарқырап тұрды.
«ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТПАЙСЫҢ!»
Сталиннің қабылдауында болып, оның кабинетіне кіру — арыстанның апанына қарусыз кірумен бірдей. Қайтадан тірі шығарың, яки өлі шығарың неғайбіл. Сталин өзі атып тастамайды, әрине... Қолында шексіз билік болса, қаһарынан барлық пенде қалтырап тұрса, содан ләззат алатын қасиет тирандарға тән.
Рысқұлов соңғы кезде Сталиннің қабылдауына жиі келетін болды. Бұған жалтыр бас, лай көз көмекші таңғалатын сияқты. Сталиннің оң қолы мен сол қолы іспетті Молотов пен Кагановичтің өздері сирек келетін кабинетке Рысқұловтың қайта-қайта келуі кезекшіге жұмбақ. Сталин оған:
— Рысқұловты шақыр, — дейді. Ол тапсырманы орындайды. Ал Сталин мен Рысқұлов не туралы сөйлеседі, — ол жағы белгісіз. Рысқұлов кіргенде де, шыққанда да сыр бермейді. Бір нәрсе анық: не Рысқұлов жоғарылайды, не жойылады. Көмекші осылай ойлайды.
Ал Рысқұлов үшін бұл көмекшінің тұсынан өту — тозаққа барар жолдағы Цербердің тұсынан өтумен бірдей. Аңызда, діни мифологияда сондай бір төбет бар. Өте қорқынышты.