Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Полонезді» баяғыда Наташа пианинода ойнаушы еді. Бірақ оның «Полонез» екенін, оны «бунтарь поляк» жазғанын Тұрар білген емес. Әйтеуір жүрегіне ұялап қалған. Музыка ызыңы жалтыраған қара пианиноны, оның ақықтай аппақ пернелерінде ойнаған қыздың жіп-жіңішке сүйрік саусақтарын, перуза аспан түстес көкшіл көздерін Тұрардың санасында қоса тірілтіп жібергендей. Қыздың жіңішке саусақтары баланың жүрегінің қылын шертіп, әуен содан шығып жатқандай.
– Бұл әуенді мұғалім ойнар еді, содан санамда жатталып қалыпты,– деді Тұрар Семашко мырзаға. – Бунтарь поляк деген кім? Оны білмеймін.
– Білмегенің өте жақсы. Ондай адамдардың шығармасын ғана сүйіп, өзін білмей-ақ қоюға болады. Дегенмен, сен болашақ заң қызметкері, ұлы империяның киргиздан шыққан талантты тіректерінің бірі боларсың деп ойлаймын. Сондықтан бәрін білгенің жөн. Бунтарь поляк – Огинский деген кісі. Патшаға қарсы Костюшко бастаған поляк көтерілісіне қатысқан. Әрекеті бүлік болғанмен, музыкасы ғажап, «Полонезді» мен де жақсы көремін.
«Сонда қалай? – деді Тұрар ішінен түйіліп. – Адамның жазған шығармасы жақсы, өзі жаман. Патшаға қарсы болғандығына бола жаман. Менің әкем де патшаға қарсы шықты. Демек, ол да жаман болғаны ма? Жоқ, тергеуші мырза, мұныңыз қате сияқты. Сіз «Полонезді» тыңдап, әуенді сүйіп отырасыз. Ал оның иесі сонда қалай есіңізге түспейді? Оны қалай жек көруге болады? Мен осы уақытқа дейін бұл музыканың иесі Наташа деп ойлаушы едім. Огинский. Поляк, бунтарь».
* * *
Мықанның бойы мамырлай қонған қаздардай, қатар-қатар тігілген кілең ақ үйлер. Ерсілі-қарсылы шаншыла шауып, табақ тартқан жігіттер. Маңғаздана будақ-будақ көтерілген көк түтін. Берекелі қазанның түтіні де жоқ. Ауыл жағалай қаңтарулы аттар. Ауыл сыртында тұсауымен секіріп жүрген аттар. Кимешектері шұбатылған бәйбішелер, шолпысы сылдырлаған келіншектер, үкілері желкілдеген бикештер.
Арқасын асқар тауға тіреген шалқақ ауыл. Уықтары шаңырақтарды емес, аспанның өзін тіреп тұрғандай, киіз үйлердің төбелері тәкаппарлана кекірейіп тұр. Жан-жағы жасыл масаты, зүмірет теңіз ортасына ақ арал орнай қалғандай екен.
Келген меймандарды күтіп алып, үйді-үйге бөліп, жөн сілтеп тұрған жігіттер қос қара жеккен трашпеңкенің егесі құрметті қонақ екенін көріп, Семашко мырзаны жапсарлас тігілген, сырты ақ шәйімен тысталған ақшаңқан үйге қарай алып жүрді.
Өгіз мініп, жаяу-жалпы келген кем-кетіктерді бұл маңға жолатпай, қызметші жігіттер:
– Аулақ, аулақ! – деп ауыл шетіндегі қараша үйлерге қарай айдап жатыр.
Семашко түскен үйдің ішінде құдай емес, құдайдан былай да емес, кілең ығай мен сығайлар отыр екен. Тергеушінің танығаны Мерке участогінің приставы Сокольский мырза, бас құда Айбар мырза. Шалдуар болысы Шабдан мырза, Қорағаты болысы Қарабек мырза...
Бектен болыстың өзі орнынан тұрып, тергеушіні приставтың жанына қолтықтап апарып отырғызды. Қасына ерген қара баланы елемеген болып, назар салмай, ту сыртын беріп босаға жақта қал дегендей нышан білдіріп еді... Ол ишарасын түсіне қойған Тұрар табалдырықта тұрып қалған. Бірақ Семашко мырза әдейі дауыстап: – Тұрар, кел мұнда, – деп өз қасына шақырды. Болыс кенет түсін жылытып: – Кел, кел, – деп жалпаңдай қалды. Тай тегенеде уыз қымыз сапырулы. Семашко келгенде үзілген тамаша қайта жалғасты. Қырғыздан келген Солты ыршы ұшатын бүркіттей жүресінен қомдана түсіп, екіленіп «Манасқа» қайта басқан кезі екен. Ыршыны басынан тыңдап отырған пристав, Семашкоға:
– Буруттардың эпосы. Манас батыр жырын айтып отыр. Көкетай деген біреудің асы жайында қазіргі айтып отырғаны, – деп түсіндірді.
– Тұрар, сен маған аударып отыр, – деді тергеуші енді приставты мазаламай-ақ қояйын деген ниетпен.
Ыршы Солты екі көзін шарт жұмып, добалдай екі қолымен бүйірін таянып, бұл биік үйде биік дәрежелі адамдар отырғанын ұмытқандай, жан баласын елемей, баяғы ерлер заманының елесіне бар ынты-шынтысымен, беріле, қырылдақтау үні қышқыра, ышқына шығып, Көкетай асының хикаясын төпей берді.
–... Кәуірдің ханы Жаңбыршы