Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бар пішендігіміздің қақ жарымын тартып алып, орғызғалы жатыр. Осыны алдыңғы жыл, былтыр — екі жыл зорлап алып кеп, енді міне биыл, үшінші жыл, тағы орақшысын әкеп салып отыр. Өткен жылдарда да жанымызға батып еді. Онда бірақ әр ауылды бөлек-бөлек алдап-сулап аунатып жеді. Қысқы азығымыз, аз ғана пішеніміз болатын. Өзімізде мал болмаса да, қыс ортасында әлді-малды ауылдардан күтімге арық-тұрағын алып барып жемшөп беріп, тым құрыса, ас-суымызды айырушы ек. Сұрау жоқ, келісу жоқ, келеді де бас салады жыл сайын. Бүгін осы қорлық еттен өтіп, сүйекке жеткен соң, бар жеті ауыл боп бірлесіп кеп, бағана наразылық айтып ек. Айдап шықты Әзімбай! Содан соң бір жақта оның орақшылары, бір жақта біздің кедей-кепшік боп жанжал-керісте тұрмыз,— деп, болған жайды баяндап кеп, Әбді енді шынымен ширықтырған қорлық, қиянат, жуандық жайына ауысты.

— Абай аға, міне осындай жылаулар жайымен келдім. Азулы, аямасқа жем боп жатқан жұртың жіберді. Жеті ауылдың жоқ-жігіті, аш-арығы жұртың емей немене? Жақын отырған көршісіміз. Бірақ ең жырақтан шапқан жаудан да жаман. Жыл сайын, ай сайын, кейде, тіпті, күн сайын көргеніміз бір тепкі. Көз ашылар бар ма, сірә, бұл дерттен!?— деп қайнай сөйлегенде, кесек жүзіне діріл кіріп, көздері да намыскер ызадан жасаурап кетті.

Шұбар қасындағы Көкбайды түртіп:

— Заржағын қарашы!—деді.

Жігітті жақтырмай, мұрнын шүйіріп тұр.

Абай Әбдіні бар ынтасымен түсінгендей, оның отты тілді кескініне сүйсініп қарап қапты. Әбдінің намысын, барлық осындай көп, момын жазықсыз қалың ел намысындай сезінді. Бірақ ішінен «көз ашылар күнді сен көксегенде, мен күңіреніп іздесемші!» деп, сәт ойланып қап еді. Енді шапшаң сергіп, екі жағындағы топқа сөз тастады. Ширығып, қатаң үнмен сөйлеп кетті.

— Ей жұрт, мынау көрінеу қиянат қой... Бас салып бақыртып, тонап жатқан деген осы емес пе жарлы менен жазықсызды?— деп жолдастарының жүзіне қарап өтті.

Өзгеден бұрын Шұбар сез қатты:

— Бұлар — Тәкежанның көршісі. Бірде тату, бірде араз көрші сыбайластың әдеті емес пе? Сол Тәкежанның өзіне жіберсеңіз жетпей ме!

Абай Шұбарға қатты қадалып, тіксіне қарады.

— О қалай дегенің? Тәкежанға барса, кезі кермей отыр ма? Оның өзімен даулы боп, бізді ара ағайын көріп, пана тілеп кеп отырған жоқ па?

— Тәкежан сізге ренжиді ғой. Оның арты тағы беймазалық, тағы дерт... Өзіңізге ауыр ғой. Тағы да өлең, өнер, тыныш еңбек — бәрі қалады ғой, содан қорқам!

— Ой, өйтіп, жұрттың көз жасынан тығылып туған өлең адыра қалсын! Өнесі!?— деп Шұбарға Абай ызалана қарады.— Жыртқыштық, қорқаулық, жауыздық қиянатты көргенде сендердің сезетінің мен айтатының осы ма? Бүйтіп ақын болмай-ақ қал!

— Мейліңіз, ендеше!— деп, Шұбар сызданып тоқтап қалды. Абай ашулы үнмен енді әмір ете сөйледі:

— Мағаш, Дәрмен! Бар екеуің! Мына Әбдіге еріп тез жетіндер сол жанжал жерге. Айт Әзімбайға, тоқтатсын орақ салғанын. Жылатпасын мынау елді!- деп кесіп-кесіп бұйрық айтты.

Мағаш пен Дәрмен сол жерде Әбдіні ертіп ап, жорта жөнелісті. Абай күйікті бір ашумен түйілді де, ендігі жолда үндемей томсарып жүріп кетті.

Мағаштар жеткенде Әзімбайдың сегіз орақшысы жеті ауылдың жалпақ паегін кертіп жеп, кеміріп келеді екен. Дағдыдан тыс кеш шабылған пішендік тығыз, бойшаң шыққанмен қазіргі күзге бурыл тартып қапты. Осы паектің шетін бастырып, орақшыларға қарай тартып келе жатқанда Дәрмен:

— Пішен өзі қуаң тартып қапты, неғып ерте ормай кешіккенсіңдер?!—деді.

— Біздің қыстауларымыздың үстінен көп ауыл күзекке қарай көшіп өтеді, солардың малынан сескеніп жер қорумен күн кештік қой. Көшкен елдің қалың селін өткізіп жіберіп, енді осыған орақ салармыз дегенде, мынаған кездесіп тұрғамыз жоқ па? Көріңдерші мынау таландыны! «Ара ағайын арамызға билік айтсын, тұра тұр, тым құрыса» деп сендерге жөнеліп ем. Жайратып жатыр, әнеки! Әмір бар ма, тыйым бар ма Әзімбайға. Өзінің зорлығынан зор жол бар ма?— деп Әбді тістене түсіп, кейіп келеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий