Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жеті ауылдың он шақты адамы да осында топтанып түр екен. Бұлардың арасында бірер бурыл сақал қарттан басқа Сержан, Асқар сияқты ұзын бойлы, кесек денелі атпал азаматтар да көрінеді. Бар кедейдің жүздерінде ызаға толы түйілген ашу, қарсылық бар. Әзімбай өзі де осында екен. Ол жалғыз, ат үстінде.

Семіз бұйра торы аттың ауыздығын алып, оттата жүріп, орақшыларын өкшелеп жағалайды. Үстінде қалың күрең шапаны бар. Желбегей шапанның жауырыны, белі қопсып, делиіп, күжірейе түскен. Сырт жағынан Әзімбай дүңкиіп, алпамсадай көрінеді. Зар өтпес те кәр өтпес топас жуан бітімі бардай байқалды Мағашқа.

Бұлар орақшылар мен Әзімбайға жете берді. Бөлек топталған кедейлер де кеп Мағаштармен жылы амандасты. Жүздерінде сәл үміт оянғандай. Жігіттерді Абайдың жібергенін де тегіс аңғарып, өздеріне сүйеніш тапқанға шын дәмеленген тәрізді.

Мағаш Әзімбайға ашық, турашыл еркін ажармен сөз қатты.

— Е-е, Әзімбай, неғып жатырсың бұл? Мына көп кедей көршіңмен қиталасып жатқаның қалай?

— Неғылыппын бұларға? Далада қалған керексізін алғаным ба?

Кедейлер бір ауыздан дауласа кетті.

— Неге керексіз?

— Кім айтты керексіз деп?

— Біз ормаймыз, сен ора ғой деп қашан айттық?— деп Сержан, Асқар, Әбділер қатулана сөйледі.

Әзімбай қалың қызыл қабағы мен суық бітік көзін әр кедейге оқша қадап қойды да, Мағашқа сөйледі:

— Оттай береді бұлар. Мен ора бастаған соң «өз керегім еді» деген боп, бәлсініп тұр ғой шегінен, аузындағысын алғандай қып. Көрінеу оңбаған қазақшылық. Өздері ормайтын даланың тегін түгін бұлдамақ маған. Болмаса, осы қара суыққа дейін пішен ормайтын ел көріп пе ең?

Әбді бұл өтірікке шыдамай, ашына сөйледі:

— Ормайтын болса, өзің неге орып тұрсың! Біздің шабан-шардақ, кешеу қимылдайтынымызды біліп және куә болатын көп елді өткізіп жіберіп, әдейі бүгін біз пішенге шыққалы жатқанда соқтыққан жоқсың ба? Тоқтат, мырза, мына орақшыңды!.. Сөзге кел!

— Сөзге, жолға кел! Тоқтасын орақшылар!— деп Сержан да ентелеп тұр.

Әзімбай ақыра жөнелді:

— Тоқтамайды! Бұйрық айтпақсың ба маған?.. Аш көзіңді!..

— Тоқтайды... Тоқта! Әй, орақшылар, тоқта былай!—деп, Әбді атынан түсе қалды.

— Тоқтама, түгі... Ора бер! Көрейін мен бұдан келген керді!— деп, Әзімбай қамшысын сығымдап алды. Осы кезде Әбді мен Сержан, Асқар үшеуі «е» дескендей ытқып барып, орақшылардың жолына қарсы басып тұрыса қалды.

— Жеріміздің түгі етіміздің түгіндей, бұны орсаң, өзімді қоса орасың, қоса жайрат, мінекей!— деп Әбді шапанын жұлып тастап, балғын денесі мызғымай, ең шеткі озғын орақшының алдына нық басып тұрып алды.

Алдыңғы орақшы Тәкежан аулындағы жесір кемпір Иістің Иса деген жалғыз баласы, сом денелі, кесек жүзді жігіт еді. Ол енді орағын көтеріп тоқтай қалды.

— Тоқтама, ор!— деп, Әзімбай ат үстінен тепсініп әмір етті.

Иса бұл әмірді тыңдаған жоқ. Соған қарап қатарындағы екі

орақшы да Сержан мен Асқардың алдына жете бере тоқтап қалды. Әзімбай ақырғанда бұдан жасқанып, тоқтамай ора берген жуан жоталы қара сақал жылқышы ғана болды. Өзгелер Әзімбайды тыңдамай, тоқтаған бойда тұр. Әзімбай енді алғаш тоқтаған Исаға омыраулап кеп боқтап жіберді.

— Неге алмайсың тілімді?

Иса мызғыған жоқ.

— Ей, мырза, сен айтты екен деп, кісі өлтірем бе? Бұ да өзімдей сіңірі шыққан кедей...—дей беріп еді, Әзімбай тағы қатты боқтап кеп, қамшымен тартып-тартып жіберді. Исаның өткір көзі жарқ етіп Әзімбайға жалт қарады да тістеніп, қатуланып тұрып орағын шетке қарай лақтырып жіберді.

— Ормаймын! Өлтірмеймін, өлтірсең, қанқұмар өзің өлтір!— деп тұрып алды... Әзімбай енді қара сақалды ақыра шақырып ап, Әбдінің қарсысына салды да:

— Ор, аяғын қырық! Қарсыласатын неме ғой!—дегенде, қара сақал бет бұрмастаған орақ сілтеді. Әбдінің табанына тақай берді.

Мағаш пен Дәрмен ат үстінен ұмтылып кеп, қара сақалға қатар дауыстады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий