Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Азамат екенсің ғой, Иса! Қадір-қасиетіңді жаңа таныдым ғой. Малшы болса да итаршы болмаған кедей жақсы! Адамшылық еттің ғой!—деді.

Иса әлі ашулы болатын. Қысқа ғана жауап қатты:

— Сол жауыз айтақтайды деп ит болушы ма ем! Қылып тұрғаны қып-қызыл зорлық және мені күнәкар етпек. Әбдідей

азаматтың қара тырнағын сындырғанша, өзім өлсемші!- деп жүре берді.

Мағаш пен Дәрмен өздері де Әзімбайдан жиренген наразылыққа толып, көргендерін Абайға тез жеткізбекке асығып шапқылай жөнелісті.

2

Бүгін де күз аспаны күңгірт, айнымалы ала бұлт болатын. Абай мен Әйгерімнің бұл кезде тіккен үйлері «қоңыр үй» деп аталады. Күз кезінде тігілетін күзектік жай. Қазір сол үлкен «қоңыр үйдің» ішінде Абай мен Әйгерімнен басқа Зылиқа бар. Ол үй ортасына сары қидың отын жағып, үлкен қазан көтеріп, жаңадан сойылған тайдың етін түстікке асып жатыр.

Үй іші күзектің суық күндеріне бейімделіп жиналған. Биік төсек, жүкаяқтар жоқ. Мол жастық, қалың көрпелі жертөсек пен айнала тұтқан қалың текемет, түскиіз, кілемдер бар. Төр жақта сырмақ үстіне салынған арқар терісі, жүні ұзын сеңсең бөстектер жатыр. Іргеден жел соқпастай етіп қымталып-шымқанған жылы жайдың қонақ отыратын орындары да әрі жұмсақ, әрі сыз өткізбес қалың. Маздап жанған қидың оты қызуын үлкен үйге кең жайып, даланың салқынын бұл мекенге кіргізбей түр.

Таңертеңгі асты ішкен соң, жаңа жеңіл күпіні иығына жамылып, басына лақ терісі жеңіл берік киіп, Абай қалың кітаптар оқиды. Бұның қасында дағдылы Пушкин, Лермонтов мұралары мен Байрон, Гете томдары да аралас жатыр. Кітапты Абай бұл шақта көзілдірікпен оқиды.

Оның алдында, ымыртта Мағаш пен Дәрмен күндізгі дау-жанжалдан қайтып келген соң, көп кеңес болған-ды. Әуелі Абайға кіріп, бар кергенін екі жігіт кезектеп айтып шыққанда, Абай неғылардың бабын таппай, қатты толқыған.

Өз ішінен үндемей тынып, уланып ойланды. «Қандай жолға, не деген жөнге сыйғызады? Жоқ, жолды неғылсын бұл зорлық!» Ол — қазір де, елу жыл бұрын да, жүз жылдан ары да осыдан аумай, өзгермей жүріп келген жыртқыштық... Осыны толғай келгенде Абайдың есіне кешегі өзі айтқан Еңлік, Кебек жайы түсті. Ол қайғы мен бұл қайғы, ол зорлық пен бұл зорлық — екеуінде де бір тек бар, бөрілер заңы... Тек істеушілердің аттары ғана өзгереді, бірде — Кеңгірбай, бірде — Құнанбай, бүгін — Әзімбай. Тұс-тұсына қарай қиянатының алуаны ғана басқа. Не деген айықпас, қараңғы қара ну.

Тағы бір толқын ойда Абай «кетер ме еді осылардан», «бөгде бір ел-жұрт, дұрыс орта іздеп кетер ме еді?» деп ойланды да, өз ойына өзі мысқылмен қарады. «Жас шағымда соны етсем еді» деп орыс шаһарын, орыс қауымын еске алды. Бірақ жігер мол жас шақта кету түгіл, осы елден артық ел, осыдан артық қызық орта бар дегенді ойламаппын да. Ал енді ше? Енді өмірдің, жастың осылай өзгеруі ме!? Енді барды жұлқып тастап басқаша дүниеге кіріп, кірісіп кетем деуге мезгілім кеш тартыпты. Бірақ «не кетпей, не алыспай тағы отыра алмайсың» деп, шұғыл бір батыл ойға тақады да, «тегі, кету деген дұрыс қой, бірақ елінің ішінен кету емес, сол ел ішіндегі жақыныңнан шыққан жауыз топтан кету керек те, ел ішіңдегі жақының — көптен дос табу керек. Осыған жігерім, жүрегім бастау керек. Менің бекініп баруым керек» деп ойлады.

Үнсіз қалған Абайды Мағаштар тосып отыр екен. Енді жаңағы ащы ойдың бір шетін ғана шығарып, жастар күткен сөзін айтты.

— Жаттан шыққан, қаптап жатқан жауыз бен жауыздықты қайтіп тыясың. Қаскөйдің ең бір тынымсызы — өз қасында, бауырында отыр. Сол екеш соған да тайым салар салмағың жоқ. Қорлықпен өткен қу өмір! Жылаған ел, жылатқан бұл. Арасында қайғы-қасірет тартушы менмін дегені кімге дәрі, не жұбаныш! ? «Пішенді тасып аламыз» дегені дұрыс байлау. Орайы сол ғана. Дегенін орындаса, Әзімбайларға содан басқа сабақта, жауап та жоқ. Бірақ мен енді осы күзде, ел қыстауға қайтқанша Тәкежанмен жүзбе-жүз сөйлесетін болайын. Мынау елдің, қажырлы елдің дәл бұл ісін аяқсыз тастап болмайды!..— деген.

Осы байлаудың артынан Абай Мағаштарды босатқан-ды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий