Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Міне, Мағаш шырақ, бастығың әкең болып, өздерің қай қияны шарласаң ықтиярың. Бірақ өзгемізді мұрындығыңа іле кеткеніңді қой,— деп, әңгіменің аяғын күлкімен тоқтатты.

Мағаштың ойында одан ары айтарлық та дау бар еді. Ол: «Пайғамбардың өзінен бері қарай да сан ықылым ауысып, сан заман қауымдары құбылып, өзгеріп өтті. Адам баласының есею тарихы шын өніп-өскенде соңғы пайғамбар заманынан бері қарай қатты, өзгеріп өсті» деп ойлап еді.

Бірақ Көкбай, Шұбар, Ақылбайлар өздерінше иманына берік болып сөйледі. Сондықтан олардың шыңына жетіп, аса батырып айтуды Абай, Мағаш, Кәкітай үшеуі де көп машық етпейтін.

Бұдан арғы жайды олар өзді-өзі үшеуі ғана болғанда ашық, еркін сөйлесе алады. Мағаш соны ойлады да, үндемей қалды. Дәрмен болса, алғашқы өзі бастаған «шындық», «өмір шындығы» деген желілі ойдан үзілген жоқ. Ол мына үшеуіндей орысша, мұсылманша кітаптарды оқып, ұғып жүрген замандастарынан өзінің әзіргі біліп, тоқығаны аздығын ойлайтын. Сол себепті жаңағы құрбыларының таласқа түскенін аса қызығып тыңдап, іштен өз талабына олар таласынан жауап та күткен. Және бір жұбаныш ойды да ойлай отырды. Абайдың алды осылардай айналасы бұл үшін соншалық қадірлі, қызық орта болып, үнемі сүйсіндіре жүретін. Қазірде де ішінен: «Абай ғана емес, тек мына жастардың аузынан еститін сөзді қай қазақтың тобынан естуге болады?» деп ойлады.

Өзінің бұл күнде осы ортадағы еркін еркелік қадіріне де және Абайдың туған баласындай аса бір ыстық көретін дос-бауыры болғанына да көп жұбаныш еткендей.

Бірақ ол Еңлік, Кебек жайын жазуға бекінгендіктен «хақиқат», «шындық» деп аталған мағыналы, сырлы сөздер жөнінен әлі де жауап күтті. Сол жайда жолдастарына айтып та қалды.

— Бақастарың қызу да, қызықты да болды-ау! Бірақ менің алғашқы сөзім орай жауабын ала алмай, жесір қалды ма деп отырмын. Кебектер туралы кешегі Абай ағам айтқан, шарт қылған «шындық» немене еді? Соны шешеміз деп шетке кеттік. Тіпті, шығанға шығып кеттік!—деді.

Кәкітай жаңағы сөздерге енді қайта оралуды қисынсыз көргендей, қалжыңға сайды.

— «Аударыса-аударыса өртеңге шығып кеткенімізді білмей қалыппыз» деген біздің Әжекеңнің бір-екі мылжыңын айтқандай болдық,— деп Мағашпен қосыла күлісті.

Бірақ Дәрменнің қабағы мен көңілін Мағаш тез танушы еді. Оның шындап ойлап отырған жайы жауапсыз қалғанды лайық көрмей, Мағаш аз сөзбен Дәрменді тоқтатарлық бір жауап айтты.

— Сен іздеген «шындықты» бірге іздесеміз деп, біздің қалай-қалай жайылғанымызды көрдің ғой. Енді сол өзі айтқан «шындығын» ағамның өзіне шешкізейік!— деген.

Бұған Дәрмен бастап, барлық топ тоқтағандай болды. Осы кезде шай жиылған және Мағаштың әлгі бір кезде «ағам тұрып, шайын ішіп болды ма екен, біліп кел» деп жіберген жолдас жігіті, жас әнші Әлмағамбет жаңа қайта оралып келген. Ол:

— Абай ағам шайын ішіп болып, кітап оқып отыр. Ұраңқайда Ерболдар да шай ішіп болыпты. Кешегі сойылған ала тайдың қос

телшесі былқып асылып жатыр. Үй жылы, әңгіме-дүкен сонда. Енді өзгені неғыласындар! Абай ағамның түстігіне солай аяңдайық та!— деп, өзінің ақыл байлауын айтқан. Бұл үйдегі жиын Абай үйіне осыдан соң келген-ді.

Қымыз үстіндегі мәжілістің бір кезегі жаңағы Мағаш үйінде басталған ойшылдық, келелі кеңеске ауыса берді. Ол үйде болған сөздің барлығын Мағаш баяндап беріп еді. Абай Мағаш жүзіне қадала қарап, ұзақ тыңдап отырды. Тек Мағаш сөзін аяқтай бергенде, бұлар әңгімесін үзгендей, біраз дабыр-дүбір сырттан естіліп, Абай соған алаң боп, есікке қарап қалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий