Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Россия ақ патшаны танысаң ғана сені танимын демейді. Бара білсең, ала білсең сені жатырқамайтын, «келе бер де үйрене бер!» деп отыратын Россия ғой! Халқымыздың адал ұлы болсақ, біз осы Россияны кімің деп түсіндіреміз? Әрине, досың дейміз. Шындық — халықтың тілегін тапқан шындық болсын. Ендеше, дәл осы себепті* досың орыс өнері деп түсіндіруіміз лайық. Әрине, бұл да Оразбайлар үшін шындық емес,—деп тоқтады.

Ербол Абайды дәл ұғына отырып, өзінің ескі досы бұл күнде қандайлық асыл ойларды батыл айтатынын аңғарды. Абайға сенген бойында, оның жаңағы ойларын барынша құптап отырып, бірақ сонымен қатар, өз ішінен қасындағы Көкбайға бір үлкен наразылық ойды да ойлап қап еді. «Оразбай, Жиреншелерге не сорым, оңаша сөйлеген бір күні жаңағы Абай айтқан жайлар туралы Көкбай да бір суық сөз сөйлеген. «Абайдың бір міні болса — ол аса орысшыл боп кеткені ғой, тек соларға ғана қарап отырмақпыз ба?» деген еді. Ербол жаңағы Абай сөзінің тұсында, сондағы Көкбай сөзін да еске алған-ды.

Бұнысы да тиянақты ой. Әсіресе, бүгіндей мәжіліс соңында қажет байлау сияқты. Әңгіме осымен аяқталды.

Енді біразда Жұманның көптен күткен қазаны түсіріліп, жұрт асқа әзірлене бастады. Қонақтар тегіс төрге отырып жатыр. Енді қынынан үлкен өткір сар пышағын алып қолына ұстап отырған Жұманның сөзге араласқысы келді. Ол бағанадан бергі Абай мінездеріне қыжалданған бетімен, ағалық еркіндік жасап, даңғырлап сөйлеп кетті:

— Осы қазақ иттің не оттайтынын білмеймін. «Жұман қырт», «Жұман қырт» деп маған ат қойып, айдар тағып алды. Соңымнан бір қалсашы. Егер көп сөйлейтін кісі қырт болса, кешелер дүйім елді жиып алып, күні бойы Құнекең жалғыз өзі сөйлеуші еді. Бүгін мынау Абай тап бір ет асым жапа-жалғыз өзі сөйледі. Көп сөйлеген қырт болса, анық қырт осылар емес пе! Менде осы не ақысы бар «қырт» деп қыр соңымнан қалмайтын!— дегенде, Абай қолын жуа алмай, әне бойымен селкілдеп, қатты сықылықтап күлді. Екі көзінен жас аққанша күлген. Бұның күлкісіне сыңғырлаған Әйгерім күлкісі де қосылды. Абай әл жия бере, Жұманға оқыс бір жауап айтты:

- Уәй, ақсақал?- деп күле түсіп,- қырт атану үшін көп сөйлеп әуреленудің қажеті жоқ. «Қатын, тышып алғаным ақыл болған екен» деген сөз де жетеді!- дегенде, үйдің іші ду күлді.

Бұның есіне Жұманның соңғы қыста өз үйінде отырып айтқан бір сөзі түскен еді. Жұман қыстыгүні таңертең дәретке шығып

келеді. Аздан соң күн бұзылып, қатты жел тұрып, ақ түтек боран болып кетеді. Сонда Жұман терезеге қарап қатынын шақырып алып:

— Уәй, қатын, сен білдің бе? Бағана ұлыжарықта отырып алғаным қандай ақыл болған, ә?!— депті.

Дастарқанға келген етті де кесе алмай, Дәрмен мен Кәкітайлар қайта-қайта күліседі. Ақылбай Абайдың төменгі жағында отыр еді, қатарындағы Әйгерімге салмақпен сыбырлап күліп сөйлеп жатыр:

— Жеңеше!

Ол Абайды әкем демейтін де,Әйгерімді шешем демейтін. Бірін «Абай аға», бірін «жеңеше» дейтін әдеті бар. Жасынан Құнанбай мен Нұрғаным қолында өскендіктен өзін солардың кенжесімін дейтін. Абайға іні есепті сөйлеп дағдыланған-ды.

Әйгерімге сыбырлаған әзілінде:

— Жеңеше-ау, мынау қайнағаң не деген өлерін білмес ақкөз еді! Мұрттай ұшқанын көрдің бе? Абай ағамның мысқылына ажалды кісі тап болсын да!— деп, Әйгерімді қоса еліктірді.

Әйгерімнің күлкісі қатты келсе де, қайнағаға күлуден именіп, қысыла қызарып, артындағы Зылиқаға бір нәрсе айтқан болады. Жұман аздан соң күлкіні ұмытып кеткен екен, етке сылқия тойын алды. Енді жас сорпаны үлкен сырлы аяқпен ұрттай отырып, басқа бір тың сөзге көшті:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий