Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Айт! Айтыңыз!— десіп кідіре қалды.

— Айт десең, мынау! Сонау қазотының қалың жерінде, анау қыратта бір топ дуадақ отыр. Қаршығаларың көріп келеді. Қазір алыс та болса, екеуің де құстарыңды сол тұрғыға қатар жіберіңдерші! Шабыттың бәйгесін шабыт айырсын!—дегенде, Абай «бәрекелде» деп Ерболды тез қостады. Ербол соңғы кесімін тағы айтты. Дуадақ жайы айтылғалы аңшы жігіттер ақырын сөйлесуді белгі етіп, іркіліп қалған-ды. Ербол да дуадақтың сақтығын еске

алып, енді ақырын ғана, дабырсыз айтты:

— Кімнің құсы бұрын барып дуадақ ілсе, Еңлік-Кебек жыры сонікі болсын!

Топ иіріліп тұр еді. Шұбар мен Дәрмен билікке тоқтаса қалды.

— Болды!

— Жарайды!

— Ал жібердік!— десіп, топтан алға таман жырыла бере, құстарын серпіп-серпіп жіберісіп қалды. Шұбар осы арада екі құстың ентелей кеткен ажарларына қарай сала Абайға бұрылды. Енді асыға сөйледі.

— Ал, Абай аға! Осы билік байлау ғой!

Көкбай:

— Құстар ынталы кетті. Қазір, қазір сын,- деп шабуға ыңғайланып еді, аңшылар «шаппа, шаппа» деп шапқызбай тоқтата берді.

Абай бұл жерде бар топқа ойда жоқ, бір оқыс сабыр көрсетті.

— Ерболдың байлауы дұрыс! Бірақ менің тағы бір шартым бар. Құстарың ана дуадақты барып ілгенше,бір-бір ауыз тың өлеңді екеуің шауып келе жатып, қатар айтындар!— деді.

Бұл кезде барлық аттылар желе жөнеліскен. Шұбар мен Дәрмен Абайдың екі жағына шығып алған. Абайдың жаңағы байлауын Шұбар тез қостады.

— Жарайды, Абай аға, қаршыға жайында ма?

Барлық жастар саят қызығына қызумен берілсе де, Абайдың ендігі ақындық бұйрығын анталай тосты.

Абай Шұбарға қарап:

—Жоқ, қаршыға емес! Сын болған соң қысас сын болсын. Мен қапысыз шапшаңдықты тілеймін. Тапсыратыным,— деп саспай анық етіп, жарыс өлеңнің жайын айтты.— Қысқы аязды түнде, гуілдеп соққан жел үніне күй қосып, кәрі әже немересін қандай сөзбен жұбатады? Соны шапшаң жыр етіп беріңдер. Ал айт!—деді.

Шұбар Абайға қалта қарап, қиналғандай түңілді.

— Абай аға! Мынауыңыз сын емес, жаза ғой!—деп еді. Дәрмен осы кезде қатар жортып келе жатып, Абайға естірте, оқыс шапшаң өлеңді айта жөнелді. Шұбар өз сөзіне тыңдаушы құлақ таппағансып, әдейі іркілгенсіп үнсіз қалды.

Мына талас — қаршығалар таласынан да төтенше. Барлық жайы еріксіз көңіл аударғандай күйге айналды. Көпшілік қаршығаны қойып, мұндағы шабыт қаршығасының қанат қағысына қадалды. Дәрмен жұрттың тегіс ықылас аударғанын танып, желе-жортып, шапшаң өлеңді соқтырып келеді. Абай ақсия, сүйсіне күлігі, тымағын қолына алып, Дәрменге қарай қисая құлап, тыңдап қапты. Шабытты ақын жосыта жырлап келеді:

Талай да талай шапшаң бар шығарды,

Үлгі етер, шапшаң жырым қаршығамды.

Ақ түтек, ың-шың у-шу аяз түнде

Көрі әже дәл былай деп зар шығарды:

Қорқытпа менің баламды,

Гулей соққан ақ боран!

Балам әже қойнында,

Келе алмайсың сен бұған!

Ұйқысынан айырма,

Кезе бер есіз даланды.

Ұйықта, бөпем, оянба,

Әлдилеймін баламды!

«Әлди, бөпем, әлди-ай»—

Деп жырласын кәрі ана!

Ұйқыға барсын сол бала,

Тілесе тағы жырласын

Жүз жыл бойы сол ана...-

деп, көзін алға қарай тастап жіберіп, сүйсінген жұрттың барлығына естірте, өлеңнің соңын айтады.

Қаршығам жемін іліпті,

Абай аға, бері қара!

Дәрмен енді атына қамшы басып, құйықтыра жөнелді. Абайдың Дәрменге анық сүйсінген жолы осы еді.

— Бәсе! Шіркін, ақын болсаң осындай бол!—деді.

Өз ішінде осы Дәрмен деген інісін «Абайға шәкірт етіп, жолдас етем» деп әкеп қосқан қарт Дәркембайға қазір Абай алғыс айтып келеді.

Барлық топ енді түгел шапқан күйінде құстардың соңынан кетті. Озып барған Мағаш еді. Лақтай бір дуадақты сары ала жүнін жарқылдатып басып қалған бір қаршығаның үстіне ағызып жетті де, тымағын бұлғап, арттағыларға айқай салды. Кейінгілер де тақау еді.

—Дәрмен! Дәрмен! Шүйінші! Еңлік жыры сенікі,—деді Мағаш.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий