Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:220
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»
Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бұның селдір сұлу сақалына енді сәл ғана ақ араласқан. Айналасына азырақ әжім жиылған мұңлы көзін кейде қысыңқырап қарайды. Кейде әлдебір күңдерді алаңсыз көңілмен есіне түсірмектей, көзін жұмып тұрып ойланып қалады. Шұбар мен Дәрменнің қолындағы екі көк қаршыға да молаға бас изей түсіп, оқыс бір анды күткендей, қадалып қапты. Алтын сары көздерін кірпік қақпай шаншылтады. Шабыттағы бапты құстар қапысыз сәтті бағып тұр.
Көпке түсініксіз түрде бірталай үнсіз тұрып қалған Абай бір кезде денесін бұрмай, оң қолын ғана көтеріп, артына қарай қайырды да, жігіттерге белгі етті. Барлық топ көрнексіз молаға әлі де таңырқай қарап, Абайдың қатарына келді. Ат тұяқтарының тықыры басылып, жұрт тегіс тыныш жым-жырттыққа ауысқанда ғана Абай сөз қатты. Ақырын қоңыр үнмен сөйлей бастады.
— Осы жалғыз мола осынау елсіз жотаға пайда болғалы, міне, биыл жүз рет жадырап жаз, кірбең тартқан күз кепті. Сол бір ықылымнан бергі көп буындар тіршілігінің үнсіз куәсі осы мола. Бұл қос мола — ішіне аса бір ауыр сыр бүккен молалар. Шанда бір осы тұсқа соғып өткенде, әлдебір арылмаған қарызым бардай боламын. Ақындық қарызым сияқтанады. Бұнда жатқан бірі — қыз, бірі — жігіт. Жігіт — Кебек, қызы Еңлік атанушы еді!—деген кезде Абайдың үні ажарланып, машықты қалпына ауысып, қатаң сөйледі.
— Осы екеуін махаббат үшін өз елінің қатал үкімі, өз замандастарының қолымен, зорлықпен өлтірткен болатын. Жүз жылдан бұрын да, содан кейін де, дәл бүгінгі күнге шейін де ұлға тұсау, қызға бұғау болған ел заңы осы екеуін ат құйрығына байлатып, сүйретіп өлтірткен.
Абай аз тоқтап, күз желінің суылдай соққан лебінен әлдебір суық сарын есіткендей болды. Аласа төбенің селеу мен көдесі қалтырай түсіп, бас шұлғып, баяғы бір ескі зардың болғанына куәлік айтқандай. Абай қарасөзбен көне бір баллада сазын шертіп тұрғандай.
— Еңлік пен Кебек қуғыннан қашып, андай боп, мына Орда тауын паналап, азғантай ғана дәурен сүрген-ді. Сол бұйырмаған махаббат, достықтан біткен екеуінің баласы, жөргектегі нәрестесі — жас ұлан, әкесі мен шешесінен айрылған күні жөргегінде жылаған күйінде мынау шеткі Ақшоқының есіз биігінің басына апарып тасталды. Дәл сол қаза күні байып батқанша шегі қатып,
жылап жатты. Суық дүние, тылсым дүние ортасында, тас бауыр адамнан алыс, жалғыздықта... үні өшті!.. Мәңгі өшті!..— деді де Абай сөзін бітірді.
Жастар үріккендей боп түйілген қабақпен, шошынған жүзбен қарасады. Ең алғаш шапшаң үн қатқан Дәрмен еді.
— Кімнің бұйрығы солай етті, Абай аға-ау?
— Өлтірген кім?
— Өлтірген кім?— десіп, Мағаш, Кәкітай да сұрасты.
— Өлтірткен — Кеңгірбай! Осы тұрған көбіміздің атамыз. Сол күндегі елдің анандай иен кешін бастаған әруағымыз Кеңгірбай!— деп, Абай айнала тұрған жастардың түріне барлағандай бағып қарады.
Бұл сөзге Шұбар сескеніп қалған-ды. Өзге жастар үнсіз аңырғандай. Тек Дәрмен ғана:
— Әруағы да езі, жастарының жендеті де өзі болғаны ма?— дегенде, Абай оған сәл сүйсіне қарады.
Шұбар Дәрменді қағып:
— Тек, аңдап сөйле!— деп қалды.
Абай Дәрмен жүзіндегі басылмаған ақындық ұшқынды танып
тұр.
— Содан бері ол шынжыр қазақ қызының мойнына бұрынғыдан да бата түсті! — деп тағы тоқтады.
Осы кезде қолындағы қаршығасындай екі көзі оттанып, ұшқындаған Дәрмен оқыс бір оймен тұтанғандай болды.
— Абай аға, рұқсат етіңізші! Жүз жыл бойында талай жолаушы мен өткінші Еңлікке өзі білген құранын оқып, бата қылды ғой. Олары тие берсін! Мен бүгін сол Еңліктер жүрегіне арналған басқаша, өзгеше бір құран оқиын. Соған рұқсат па екен?— деді.
Абай іркілген жоқ. Дәрменге қызыққандай, жылы шыраймен қарады да: «Оқы!..»— деді. Сол белгіні күткен Дәрмен: