Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ендеше, Еңлік, Кебек құраны мынау болсын,— дей салып, тамағын кенеп алып, шырқап тұрып, әсем қоңыр даусымен ән бастады. Көкбай мен Шұбар мынандай оқыс мінезден қысылғандай қыбылжып, бір нәрсе айтардай болысып еді. Абай тыныштық тілеп, екі қолын шапшаң сермеді де, барлық топқа тыйым салып, Дәрменді тыңдауға бұйрық етті. Көпшілік үнсіз тұрып, құптағандай, ұйып тыңдап қалды. Дәрменнің өзгеше мұңмен аса сезімтал ажар беріп айтқан әні амандық, бейбітшілікте айтылатын сауық әні тәрізді емес. Өлгендердің әруағына арналған, дертті жүрек жоқтауы сияқты. Жүзінің сыр толқыны көп әнші-ақын, бұл топтың бәріне мәлім бір әнді бастаса да, қазіргі айтуында соны осы сәтке аса бір орайлы саздай созады. Айтып тұрғаны Абай әні -«Көзімнің қарасы».

Мағаш пен Кәкітай Абайға қосылып, Дәрменнің оқыс қылығын сүйсіне түсінді. Таңданып, тамашалай қарасады. Дәрмен ұзақ өлеңді түгел айтқан жоқ. Ынтық жүректердің күліп тұрып, жан берердей үзіліп айтқан арманды шерлерінен теріп, таңдап айтты. Төрт ауыз жоқтау айтты да, жүдеп күрсініп, тынып қалды.

Абай ақырын ғана атын бұрды. Семіз қоңыр төбел ат жай ғана басып, тізгін соза бас изей түсіп, жүріп келеді. Өзгелер де қозғалған. Топ катар келе жатқан. Орталарында екі қаршыға дүр-дүр сілкіністі. Екеуі де жүргіншілердің алдыңғы жағына қадала қарап, қомағай көздерінен ұшқындаған шабыт шашады.

Әлі де желісі үзілмеген ой соңында келе жатқан Абай жастарға тағы бір сөз тастады:

— Жә, сол Еңлікті буындырған арқан түйінінде тұншығып кеткен шер бар емес пе еді? Ең болмаса бүгінгі күн осы мола мен сол жүрек сырын ел-жұртқа дат ететін шақ жетпеді ме?! Еңлік үнімен қыз жүрегі сыр айтса, Кебек тілімен ұл арманы, ер ашуы, ұлан жоқталса болмас па?! Ақынсыңдар ғой. Мынау күздің түнерген күнінде, түңілткендей күй мен саз келеді ескіден! Мен айтсам, шабытты тек шаттықтан таппай, елдің, ердің күйкі жүдеу күйінен де таппақ шарт! Жыр шындықпен туысса, шыңнан аққан бұлақтай алыс өріс табады. Ендеше, осы естіген, көрген жайдан жыр туғызса нетеді? Қызығатының бар ма?— деді.

Абайдың аңғарын жақсы түйген Дәрмен, бір байлауға бекініп те қойған екен. Сонысын енді айта бергенде, бұның алдына түсіп Шұбар сөйлеп кетті:

— Абай аға, дәл осы жайды мен жазамын!

Өзінен бұрын айтушы болса да, Дәрмен тоқтаған жоқ:

— Абай аға, менің аузымдағы сөзімді Шұбар айтты. Мен де жазамын!

Шұбар жақтырмай, тыжырынып күле түсті:

— Сенің аузындағы сөзіңді айтқам жоқ. Өзімнің ойымдағы байлауымды айттым. Сенің жазатыныңды менің айтатыным не? Өзім айттым, өзім жазам!

— Жоқ, мен жазам!

— Сен емес, мен жазам,— деп екі жігіт жарыса таласып, қызу үстінде тоқтай алмағанына Абай бастаған барлық топ қызығып қалды. Дәрмен өзінің дәлелін ойланып алып, көпшіліктің төрелігіне шаққысы келді:

— Екеуміздің таласымызға байлауын көп айтсын. Бірақ мен осы жайды жазатынымды Шұбардың сөзбен айтқанынан бұрын жаңа зират басында әнмен айтып қойғам жоқ па?!— деп еді. Бұнысын Мағаш мақұлдап, бас изеді. Шұбар ол сөзді қағытып, қалжың етті.

— Рас, жеңер ақынға бұл сөздің де орайы бар шығар. Бірақ әділетіңді өзің айтшы, Дәрмен! Сен ол жерде өз жаныңнан бір ауыз сөз айттың ба? Абай ағамның өленің ғана айтпадың ба? Ал жазамын дегенді бұрын айтқан менмін.

— Сен тілмен айтсаң, мен ділмен, жүрекпен айттым! Сол Абай ағамның ғашықтық өлеңін өлі әруақтарға бағыштап айтқан жерде-ақ сазым менен сезімім соларда екенін танытқам! Тәңірі-ай, біз ақын емеспіз бе? Үнемі сөзбен ұғындырып беру керек пе, емеурін де жетпей ме?!—деп Дәрмен тағы да ұтықты дау бастады.

Бұл екеуінің таласына Ербол даурыға күліп келе жатқан. Енді ол екі жігіттің сөзін бөлді. Өзі алдағы қыраттау бір тұсқа көз салып келе жатыр еді. Қазірде сығырая түсіп күн салып қарап, бір нәрсені болжап алды да, үнді даусымен көтеріле сөйледі:

— Уәй, жігіттер! Сендердің өлең жазамын деп қырқысқан таласың тіпті жақсы. Қандай қанібет! Бірақ осы жерде кімнің жазатынына билікті мен айтайын ба?!— деп сәл тоқтай берді. Екі жігіт:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий