Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:243
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.
Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Жоқ, терiс тартып отырсың, – деп, домбыраны қайта алды. Жаңағы әнiн үш-төрт қайырып тартып өттi. Мұхаметжан ендi домбыраны қайта алғанда, iркiлместен қатесiз тарта жөнелдi. Сол арада жаттап алған алғашқы екi ауыз өлеңдi әнге де салып жiбердi.
– Айта түс! – дедi Абай.
Рұхсат алып алған Мұхаметжан өзiнiң зор таза үнiмен ендi шырқап айта жөнелдi.
Тiзесiнде жатқан жазуына көз қиығын тастап отырып, барлық Татьяна-хатын iркiлмей айта бердi. Тоғызқумалақ тоқталып қапты.
Абай мiз бақпай, кiрпiк қақпай тыңдайды. Ол қазiр Ақшоқы биiктерiне көз жiберiп, Татьянаның наз-налысына ұйығандай. Өңi өзгерiп апты. Өзi сөйлеткен сөз, өзi жырлатқан әуен, ең алғашқы рет әрi жас, сұлу әрi әсем нақысты әншiнiң көлденең үнiмен айтылғанда, ендi Абайдың өзiн де қатты толқытады.
Тағы да Татьяна мұңын соңғы күндер өзiнiң жадынан шықпай жүрген Тоғжан, Салтанат мұңдарымен қоса, бiр өрiмдей сезiнедi. Қазiр олар ғана емес, Әйгерiм де бұның есiнде отыр. Кеше бiр күндегi ақын жары, дүниедегi ең жақын жары да, бұл терең наздан өз тiлiн тапқандай. Абай өзi аударған көрiктi жырдың кең шындығын, қазiр мынау әндi тыңдап отырып, ең алғаш рет қадалып тамашалайды. "Орыс қызы Татьяна қазақ қыздарынан да өз мұңдасын, өзiмен тағдыры бiр тұрғыластарын тауыпты. Тiлi, тәрбиесi, тарихтары бөтен болса да, адам нәсiлi көп тұста, ойымен, күй-халiмен, сезiм жалындарымен, тағдырымен бiр-бiрiне соншалық жақын-ау! Бауырлас, туыс-ау! Мынау әншi, ақын, қазақ жасына соны баян еткелi тұр!" деген ой Абайдың iшiн қуанышты бiр сенiммен де жарқыратқандай. Айналадағы жұртты ұмытып, Абай әсем әнмен iлесiп, ой сезiмiне бар ынтасымен берiлген едi.
Бұның ажарын байқап, үйдегiнiң бәрi де қыбыр етпей, Мұхаметжанның жүзiне ғана қарап қалыпты. Қазақ әнi емес. Бiрақ сондай бiр мұңлы шермен, ұғымды күймен ырғалған майда қоңыр, назды қоңыр толқып кеттi. Мұхаметжан: "ендi айрылып қалмайын, жадыма тоқып алайын" дегендей боп, тоқтамай айтады. Өз көңiлi де елжiрей сүйiнгендiк танытады. Татьянадай жасты көз алдында көргендей боп, терең сезiнiп ұғынған сияқты. Осы әнiнiң үстiнде ұғынды. Әнiн тоқтата бере:
– Тал бойыңды ұйытқандай, сорлы шерменде екен, ә? Мұны осыншалық күңiренте күйзелткен қандай ғана жан екен, Абай аға?! – деп, Абайға қарады.
Тыңдаушы өзгелер де бұл сұрауды аса орынды көргендей. Бәрi де Абайдың жауабын күттi. Өзгеден жеңiлдеу, шапшаң сөйлейтiн Кiшкене-молда:
– Е, оны айтқызып отырған Фошкин ғой! – дедi.
Мұхаметжан бұның қазiргi килiккенiн жаратпай қалды.
– Қоя тұрыңызшы, молдеке, Фошкин демей. Тiптi сол ақынның аты да сiз айтқандай емес!
Кiшкене-молда тағы да шапшаңдап:
– Е, ендi қалай екен! Мен бек дұрыс айтам, солай!
– Жоқ, Абай ағам Пушкин дейтiн сияқты едi! – дедi де, Мұхаметжан Абайға қарады.
Абай Пушкиннiң өмiрiн, өлiмiн қысқа баян етiп берiп, "Татьяна-хатына" қайта оралды. Мұхаметжанның жазбасын қарап, ойланып кей жерiн түзей отырды.
– Осы да жүрек мұңын жеткiзе бiлген тiл-ау! Шыны керек те, Пушкиндей ақынды қазақ баласы сен де, тiптi исi мұсылман ғаламы сен де, әлi көрген жоқсың. Не десең үй де! – деп, ойлана сөйлеп отыр.
– Иә, әйтеуiр, қыз байғұс шер-шеменiн айта бiлген-ақ! – деп Баймағамбет құптайды.
Көрпебай осы кезде құмалаққа таман тағы үңiле берiп едi. Мұхаметжан байқамаған боп, тiзесiмен құмалақ ағашты шетке таман ысырып жiберiп, Абайға қарап:
– Бiрақ ендi сол Татьянаның осындай үнi жауапсыз қалғаны әдiлет пе, Абай аға?! Жiгiт те бiр орай сөздi айтса мақұл болмас па, кеудесiнде жаны бар болса емiренбей тұра алар ма? – дедi.
– Бек дұрыс айтады Мұхаметжан. Гүмәнсiз дұрыс сөз осы, Абай! – деп, Кiшкене-молда да Абайдан тiлек еткен тәрiздi. Абай аз ойланып отырып: