Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жаңағы бiр айтқаннан Абайдың әнiн үйрене алмай қалған Мұхаметжан, ән iшiндегi сөздiң төркiнiн жақсы сезген. Бұл күнге шейiн Абай шығарған өлең мен әннiң барлығын бiлем деп жүрген Мұхаметжан мына сөздi бұрын естiмеген болатын. Абайдың жаңағы аңғарына қарағанда бұны өзге жастар да бiлмейдi екен. "Маған жаттап бiлiп алып, соларға айтып бар дегенi екен ғой" дедi де, ендi өлеңiн де, әнiн де әбден бiлмек болды.

Мұхаметжан – Абайдың туысқандарының бiрi. Жасы кiшi болғандықтан, Абай өзi бермесе, "тағы айтып берiңiзшi" деп сұрай алмайды. Қазбалап тақымдай бергендi Абайдың жақтырмайтынын да бiледi. Сондықтан, "бүгiн Абай ағамның түстiгiне қалайын да, осыны бiлiп кетейiн!" деп, қарсы үйге кеткен Кiшкене-молданың артынан жөнелдi. Абай болса, қазiр ана қонақтардың сөзiн тыңдауға кiрiскен-дi.

Бұларға Абай: "шаруаларың не? Неғып жүрсiңдер?" дей отырып, бiр нәрсеге аса қатты таң қалды. Осыдан бұрын, әйтеуiр осы қыстың iшiнде, дәл осы қазiр қарсы алдында отырған үш кiсi – екi Уақ, бiр Көкше мынау киiмдерi, осынау түстерi, осындай отырыстарымен Абайдың алдында тағы бiр болып өткен сияқты. Мал дауымен келiскен. Сонда да ана Көкшенiң ұрысы – Тұрсын осылайша мөлиiп отырған. Қалғығандай боп, төмен тұқырып, жым боп отыратын. Сонда да мынау жоқшы Уақ – Сәрсеке мықиып, жұп-жуан боп жалпия жайғасқан. Дәл қазiргi сияқты. Тұрсыннан Сәрсеке мал даулайтын. "Бiрақ ол жолы малын алып, бiтiп тынып кетiп едi ғой!"

Өмiрдiң ұдайы айнығыш суреттерiнiң iшiнде, айнымас бiр қалыпты ұстанып, әр елден шықса да, бiр күйден жазбай жүретiн осылар ма? Немесе сол екi жерде көрген бiр халдiң өзiнiң бiрi шын, бiрi түс пе? Бұ неткен айнымаған ұқсастық? Мыналардың анадағы көрiнiсi мен қазiргi қалпын алғанда, тiптi ешбiр мезгiл өтпеген, уақыт қатып тұрып қалған сияқты ғой.

Абай Сәрсекенi тыңдай бастағанда, әуелде iшiнде осылайша жарысып отырған екiншi ой да бар-ды. Бiрақ бұл ой, Сәрсеке сөзiнiң бiр кезеңiне жеткенде, шешуi табылып барып, үзiлiп қалды. Ағаш келi-келсаптай тоңқылдақ үнi бар Сәрсеке:

– "Әнеугi алған малымды бойыма сiңiртпедiң. Абайдың алдына апарып қайта құстырдың. Ендеше мiне, саған қылғаным қылған, қайтесiң, тағы да алайын. Көрiп алайын сен Уақтың күшiңдi", – деп әдейi iстеп отыр. Егесiп iстеген iсi мұның. Ана жолда алғаны үш жылқы едi. Мынада бiр кiлем, бiр тонын арттырып, бес жылқы қып алып отыр. Егестiң iсi емей немене бұл, Абайжан – деп аяқтады.

Абай бар жайды ендi аңғарды. Түрiнен шынын бiлiп көрейiншi деп ұрыға қарап едi. Ол қызыл сеңсең тымақтың құлағын шарт байлап алған күйiнде, төмен қарап тұқырып қапты. Жуан тұмсығының ұшымен шоқша қара сақалының жарымынан артық жерiн көрсетпейдi. Абайдың қозғалысына көзiнiң астымен ғана қарап, мелшиiп тастай боп, түйiлiп алған. Сәрсеке айтып отырған дауға әлi жалғыз үнмен болса да, жауап қатқан Тұрсын жоқ. Оның сөздерiн өзiне жанасы жоқ бөгде сөздей санап, сырттай қарайды. Сәрсеке сөйледi екен деп қыңқ етер емес. Абайды үлкен би тұтып, тәртiп сақтағаны ма, болмаса, жоқшыға ұрының iрге бермеймiн деген қыры ма?

Абай бұның бетiн көрмек боп, ызғарлы үн қатты. Ұрының көзiн өзiне қаратпақ едi.

– Әй, сен не дейсiң? – дегенде ұрының қызыл сеңсең тымағы жай ғана қозғалып, қырыс жүзi Абайға ендi қарады. Дөңгелек келген, мығым денелi сары ұрының кiшкене сұр көздерi Абайға бiр-ақ рет жалт етiп қалды да, қайта сөндi. Тағы төмен тұқырды. Қабағының етi қалың, ұрты да бiраз салбыраған. Пiшiнi мен сырты кескен терек сияқты бiтеу, тұтас безбүйрек келген. Ол сәл отырып, бiр ырғалып қойып:

– Аб-бай аға, ән-неугүнi ғана, – деп тiлiн шайнап, әр сөзiн салмақтап, – та-қ о-с-с-ы Сәр-секе өз алдыңа әп-п-келiп ба-а-рр-ымды үй-ұ-п-п-ап бiр алды. Ол жолы т-т-өле дедiң, бұйыр-р-дың, бердiм. Ал ен-д-дi ос-со Уақ малы ұрланс-са, ақ-қай жоқ, ноқ-қай жоқ, әмiсе мен төлейiн де от-тырайын ба ос-ы? – деп бiр тоқтады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий