Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Ол да дұрыс екен. Онегиндi сөйлету керек болар! – деп бiраз отырды да, – әй, бiрақ ол өзi опасыз едi-ау, ә, – деп үндемей қалды. Пушкиндi қайта оқуға кiрiстi.

Сол күнi Абайдың үйiнде түстенiп алып, Мұхаметжан Семейге жүрiп кеттi. Абай бүгiнгi кеш бойы Пушкиндi тағы да қайта оқумен болған. Бүгiнгi күн анда-санда алаң еткен уақ жайлар болса да, Абайдың Пушкинге оқушы ғана емес, ақынша жақындасқан күнi. Туысын тапқандай боп, шабытты үн қосып, толғана бой ұрған күннiң бiрi. Түнде кеш пiскен еттiң алдында, Пушкин томын жауып жатып, Абай үй-iшiне естiртiп бiр сыр айтты.

– Дүниеге көзiмдi аштың-ау, Михайлов, қандай қазыналарға менi жетектеп әкелген едiң! Ендi менiң қағбам орнынан көшiп, күншығысым – күнбатыс, күнбатысым – күншығыс боп барады! Солай болса, болсыншы! – дедi.

Ас iшiп болған соң, үйдiң iшi жатпай, күндегi әдет бойынша, "Абайдан тағы бiр әңгiме шығар ма екен" дегендей боп ұзақ отырды. Алдында, шам жаққаннан асқа шейiн кiтап оқыған Абай ендi үйдегi жиын көңiлiн ескерiп, әсiресе бұның әңгiмелерiн телмiре күтетiн, бүгiнде атақты ертекшi боп алған Баймағамбеттi ойлап және Әйгерiмнiң де үнемi құрметпен ден қоятын күйiн еске алып, ендi бiр тың әңгiме айтып бермек болды.

Сонымен, түн ортасына шейiн мiз бақпай.қадала қарап бұны тыңдаған мәжiлiске осы кеште Абай француз жазушы Александр Дюманың атақты романы "Үш- мүшкетердi" қызық әңгiме етiп, ұзақ баяндап отырды.

2

Бүгiнгi кеште Семей қаласының күнбатыс жақ шетiндегi Таңжарық деген ұсақ саудагердiң үйiнде, бiрталай жастың басы қосылды. Таңжарық үйi – Абайдың тағы бiр туысқаны Қысатай деген жас жiгiттiң пәтерi. Қысатай қырдағы дағдысымен қалада да қонақшыл, көпшiл болатын. Өзi аз сөйлейтiн, момын жас болумен бiрге, ол маңайына көп адамды жинап, көңiлдi мәжiлiс құруға әрқашан құштар.

Бұның бүгiнгi қонақтары Абайдың жақын туыстары мен ақын, әншi жастар.

Сол жиындағы дағдылы қонақтың бiрi – қазiрде қалың қара сақалды болған Шұбар. Көкбай мұсылманшаға жетiк болса, бұл бiр жағынан орысшаны да бiле бастаған. Абайша өздiгiнен iзденiп, орыс кiтаптарын да қарай жүретiн. Абайдан жастары кiшi Көкбай да, Шұбар да оның алдында көп жазылып сөйлемейдi. Бiрақ ол жоқ жерде өздерiн "өзге қазақтың бiлгiш, дiлмар дегенiнен кем емеспiз", деп ойлайтын. Шұбар – сәндi киiнетiн, сыланған, кербез. Жаңада сатып алған алтын сағатының алтын бауы қара желетiнiң омырауында жарқырай салбырайды. Ол тартына сөйлейдi, бiрақ сөйлесе iрге бермей, iле сөйлегiш, мысқылшыл.

Бұлардан басқа қонақтың бiрi – ең жас қонақ, Абайдың аса жақсы көретiн баласы Мағауия. Ол – арықша бiткен, аппақ сұр, сүйкiмдi жас. Биiк, кең ақ маңдайы да, жоталы келген қырлы сұлу мұрны бар, өзге жиын iшiнде бұны бiр оқу бiлiммен ағарған жан сияқты көрсететiн. Жасының өзгелерден кiшiлiгiне қарамай, ол мынандай мәжiлiс iшiнде қай сөзге болса да батыл кiрiсiп, тең боп араласып отырды. Бұлардан басқа алты-жетi кiсiнiң iшiнде атақты әншi – Мұқа бар. Боздай шығатын зор үндi Мұқа – биiк денелi, ақшыл жүздi, келбеттi жiгiт. Оны осыдан екi жыл бұрын, әрi әншi, әрi домбырашы, скрипкашы болғандықтан, Абай Уақ iшiнен көшiрiп, өз қолына алған, Мағауияға жолдас етiп берген болатын. Бұған тақау отырған – Ырсайдың Ысқағы. Оның да өз өнерi бар. Көкбай, Мұқалар қазақ өлеңi мен әнiн, қазақ шежiресiн айналдыратын болса, Ысқақ бiр жағы Абай арқылы, бiр жағы өз бетiмен iзденiп, оқып-тоқуы арқылы ұдай араб, парсы хиқаяларын "жадына жиған" жас. Ол бiлмеген "Жәмшит", "Қаhарман-қатран", "Рүстем-дастан", "Бақтажар", "Мың-бiр-түн", "Көрұғлы – Сұлтан" әңгiмелерi жоқ деуге болады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий