Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ербол Шүкiман деген атты естiгелi" бұл, қыздың аты-ау! Әлде осы үйдiң бой жетiп қалған қызы да бар болар ма екен? – деп ойлана түсiп, айналаға анықтай қараған едi. Сол жақтағы Бекейдiң ағаш төсегiнiң бас жағында тағы бiр жер төсек бар екен. Көрпе-жастығы қызыл-жасылды, жаңа төсек тәрiздi. Егер бұл үйдiң қызы болса, ол сол Шүкiман да, мынау соның төсегi болмаққа керек. Үй iшiне үндемей көз тастап отырған Ербол осындай жайларды топшылаумен болды. Бекей әйелi ет сала бастағанда "сал, оны да сал!" дей түседi. "Болды ғой, iрiкпеймiсiң" дегендей боп, бетiне қараған әйелiне:

– Әлi күйеулер де ас татқан жоқ қой бұл үйден. Шүкiман соны айтып, қыңқылдап жүр едi. Қонақ аз және өздерiнiң құрбылары ғой. Бүгiн асты осынан iшер олар да кеп. Шекейдiкiндегi келiнге хабар айтып қой, қатын! – дедi.

– Ендеше ас пiскенде, Шүкiман қонақтарын осында ертiп келсiн. Сен барып соны айтып қой! – деп, ақ құба әйел Наймантайға тапсырды.

Қазан асылған соң, тезек мол жағылып, от қызуы үй iшiн ысыта бастады. Күннiң жауыны да басылыпты. Далада жел жоқ жылы түн едi. Тынысы ауыр, қапырық, қараңғы түн.

Үнсiз отырған Абайдың басы зеңiп, пысынай түсiп, ұйқысы келдi. Сонымен ас пiскенше мызғып алмақ болып, жантайып, жатып қалды. Ербол да ұйқыға кеткен едi.

Абай өзiнiң қанша ұйқтағанын бiлмейдi. Бiрақ селт етiп оянып, басын жастықтан жұлып алғанда, анық аңғарғаны – сөйлеп, ұйқысырап оянса керек. Ең соңғы сөзi әлi көкейiнде, әлi түгел айтылып та жетпегендей:

– Кел! Келшi бiр, сәулем! – дегендi анық айтқан тәрiздi.

Дауыстап айтты ма? Үй iшi естiдi ме? Оны бiле алмады.. Бұл оянғанда Ербол да басын көтерiп алып едi. Абайдың екi көзi қып-қызыл екен, iсiнiңкiреп тұр. Бастығырылып ұйықтаған ба? Бiрақ әңгiме онда емес. Абай көтерiлiп, отыра бере, елең етiп, сыртқа құлағын салып, қадала тыңдап қапты. Ербол ендi аңғарды. Көршi үйден, жалғыз әйел айтқан аса бiр әдемi нәзiк ән келiп тұр. Соны тыңдай отыра Абай бар денесiмен қозғалақтап, дiрiлдей түсiп, сабыры кеткендей болды. Ербол байқаса, жолдасы ұйқысыраған адамдай атқып тұрып, жүрiп кететiн тәрiздi. Өңiне қарап едi, құп-қу боп, реңi қашыпты. Екi көзi жасаурап, демi дiрiлдеп, қол иығы да қалтырай түседi. Ерекше құбылып, бұзылғандай. Екi көзi қанталаған қалпында жоғарылап, шалқалай қарайды. Ғажап сырлы сәуле көргендей, бұ дүниенi ұмытып кеткен тәрiздi. Ерболды асыға қозғап, қатты түртiп:

– Тұр, тұр! Тұршы, Ербол! – дей бердi.

Ербол:

– О не, немене, Абай? – деп сескене қарады.

Үркiп қалды. Ойында: "Бiр нәрсе шалып кетер ме екен, өңi қалай жат едi. Ауырып тұрды ма!?" деген неше алуан қорқыныш күдiк бар. Абай бұның ойын ұғынып, аңғарар емес. Тымағын киiп, шапанын жамылды да, Ерболға:

– Тысқа шығайық, жүр! – дедi.

Үй iшi бұлардың оқыс жайларын байқаған жоқ екен. Кемпiр ұйықтап қапты. Бекей қонақтарға сыртын берiп, от басында қалғып отыр. Олардың сезбегенi жақсы болды. Қатты өзгерiп, жат толқынға түскен Абай әлi оңалған жоқ. Құлағы мен ынта-бейiлi тыста. Жалғыз бiр үнде. Әнде ме, әлде? Алғаш шапшаң түрегелген жерде буын-буыны қалтырап, жығылып қала жаздады. Ербол ғана сүйеп қалып, зорға дегенде буынын бекiттi. Бiрақ сонда да өзiн аңғарып жүрген жоқ. Бiр тұман, түс iшiнде, алдағы бiр ғана сәулеге асығып, қалтырап, ұмтылып бара жатқандай. Оқшау, сұлу ән үзiлген жоқ. Содан құлағын алмайды. Көңiл-денi соған ауып, ұйып қапты. Есiктi қалай тауып, үйден қалай шыққанын да бiлмейдi. Тысқа шыға сала, Абай тымағын жұлып алып, ән шыққан жаққа бар сүлдерiмен ұмсына түсiп, қатып, жабысып, тыңдап қалды. Ән – "Топайкөк". Ендi ғана ырғақ соншалық бiр сұлу сәнмен, еркеленiп, толқып кеп, баяулай басылды. Ән бiттi. Абай Ерболға қарай ұмтылып қап:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий