Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:243
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.
Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қала мен Орданың осы кезеңiнiң екi арасы жүз отыз шақырымдай жер. Абайдың астындағы күрең төбел ат – ұзақ жортуылдың аса сенiмдi аты. Бұрын мiнген Ызғұтты бұл аттың жүрiске берiк, үнемсозарлығын тұлпармен теңейтiн. Ерболдың жетек аты бар-ды. Өз аты жоқ, жарау қара шұбар, күрең төбелдiң тiзесiне шыдамады. Намаздыгер шағында қамшы салдырып белi босаңси берген. Сонан кейiн Абай оған, жетектегi бестi айғыр Теңбiлкөктi мiн, – дедi. Бұны Абай, мүсiнiне, теңбiлiне қызығып, "үйiрге салам" деп, осы аз күн iшiнде базардан сатып алған-ды.
Ербол ауыстырып мiнсе де, күрең төбелдiң екпiнi әлi басым. Күн еңкейiп келген кезде Ордадан бұлт шықты. Жолаушылар алдынан қатқыл жел соғып, күн күркiреп, недәуiр қалың жауын келе жатыр едi. Осыны аңғарған соң Абай, "көз байланбай елге жетiп көрейiк" деп, жүрiстi тағы қатайта түстi. Күрең төбелдiң сар желiсi едi. Омыраудан соққан салқын жел күреңнiң белiн көтерiп, желiгiн арттыра түстi. Шалдыққаны бiлiнер ме екен деген күдiк кезде, күрең тiптi егесе түскендей. Ауыздығын шайнай берiп, басты да шұлғып, пысқыра жер сүзiп те қояды. Абай басын қатты тартып тежеп отырмаса, өршелене түсiп, шаба жөнелгiсi кеп, оттай жанып келедi.
Ербол күреңдi көптен бағып келе жатыр едi. Абайдың жүрiсi қатайып кеткен соң, Теңбiлкөкпен кейiндеп қалып қойып, бiр кезде шауып отырып, қуып жеттi. Аздап қиыстап, күреңнен оза берiп, қырындай қарап алды да:
– Түу, мына сарамасқа дауа болмас, Абай! Омырауының терiн құрғатып апты әуелi. Япырмай, бұ қаншаға шыдамақ? – дедi. Абай да күреңдi аса бiр сенiмдi, берiк дос танып, сүйсiнiп келе жатыр едi.
– Тiптi бiлмеймiн, Ербол. Хайран боп келем. Белiнiң берiктiгi сонау Тiнiбек қақпасынан шыққандағы қаз-қалпы. Тегi адам шыдаса, ат жүретiн жерде түп жоқ екен-ау! – дедi.
Қатты жел, тездеткен жауын Абайлар Шiлiктi кезеңге тақай бергенде, жауып та кеттi. Жылы жауын. Жел басылған. Орданың ет-бөктерi, ал күрең бетеге жусанмен құлпырып тұр екен. Жас көктiң жауын iшiнде құлпыра түскен шат селiн, жүргiншiлер тақыр жолмен жарып өтiп келе жатқанда, айналасынан жас жусан исi үзiлмей толқып келiп отырды.
Бiрақ жауын қатайып, бұлт тұтасты. Күн қай мезгiлге жеткенiн бiлiп болмайды. Батыс жақты жауын құрсап, күн көзiн толық жасырған. Ендi ымырт тақау сияқты. Сам жамырай бастағаны ма, жоқ батар күннiң жауын бұлты арқылы себездегенi ме, әйтеуiр батыс жақта, көк-жиек үстiнде сарғыш мұнар сәуле бар. Сенер үмiт үзiлер тiрiлiктей жүдеп, талмаурап бара жатқан соңғы сәуле. Аздан соң ол да сүлдерi азайып барып, бәсеңдей бердi. Сарғыш сәуле сұрғылт тартты. Тағы бiр сәттен соң күңгiрттене барып, қарақошқыл қызғылт реңге кiрдi. Көгiлдiрленiп барып, мұңды, қоңыр аспанның түн мұнарына жол бердi.
Көз байланып қалған едi. Осы шақта ғана Абайлар тасырлата басқан қатты жүрiспен кiшкене тастақ төбеге шыға бергенде, алдарынан ит үрдi. Жауынды, бейуақ iшiнде елп еткен үмiттей боп, кешкi оттар жылт-жылт көрiндi. Жақын жерде, жолдың сол жағында, көгалды бұлақ басында жетi-сегiз үйлi қоңырқай ауыл отыр екен.
Кедейлеу ауылдың аз ғана қойы қоралапты. Саны аз ғана сиыр, түйе де жауыннан ықтай-ықтай, тыным алыпты. Ешкi атаулы үйдi-үйлердiң ығына жабысып, жауын жаққа артын берiп, үнсiз сiлейiп тұрып қалысыпты. Ауыл сыртында арқанда жүрген, тұсаумен жайылған бес-алты ат бар. Абайлар қатты жүрiстi ауыл iргесiне тақай бере бәсеңдетiп, ендi түсер үйдi болжасып келе жатыр.
Алдарынан әлдеқашан үрiп шыққан көп иттер ауыл үстiн беймаза қып, тау жаңғырта шабаланып келедi. Ауылға аттылар тақалған сайын, сандары молайып өршелене шулайды. Өлi жүнi түспеген қайқы құйрық қаншықтар. Арты қушық, құлағы салпаң, бойы шардақ төбеттер. Үнi жаман бiтiмсiз, туыссыз, қатпалау, сүмелек ала күшiктер.